Мәдени ауылының тарихы тереңде

Сайрам ауданында Мәдени деген ауыл бар. Арыс өзенінің жағасында. Қоңыр тірлік кешіп отырған шағын елдімекен. Осында тарихи мәні маңызды көне Ханқорған қалашығы алыстан менмұндалайды. Ханқорған – қазақ халқының біртұтастығын сақтау жолында бар өмірін сарп еткен Абылай ханның Оңтүстік өңірдегі ордасы болған. Ғалымдар дәлелдеген тағы бір елеулі жаңалық, Абылай бабамыз өмірінің соңғы күндерін осы қасиетті мекенде өткізіп, 68 жасында, жұма күні дүниеден озған екен.

Қуанасың. Бұл қалашыққа былтырдан бері Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаевтың жетекшілігімен қазба жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде осы жер Абылай ханның Оңтүстік өңірдегі ордасы екені ғылыми негізде толық дәлелденіп отыр. Бұл соңғы кездері археологтар тапқан үлкен жаңалық болып тұр. Жалпы Ханқорған қалашығы 1979 жылы анықталған. Ол жерден керамикалық бұйымдар, сондай-ақ осыдан 15 ғасырдай бұрын хан ордасы болғанын айғақтайтын құнды жәдігерлер көптеп табылуда.

«Хан қорғанда» билік құрған ең соңғы хан Абылай болған екен. Қалашықтың биіктігі 9 метр, аумағы 3 гектар жерді алып жатыр. Ең үстіңгі қабаттан Абылай ханның өмір сүрген кезіне тиесілі көп жәдігер табылып, олар тарихшылардың талқысынан өтіпті.

«Хан қорған» туралы аңыз көп. Тарихи деректер не дейді? Сыр тартып көрелік. Қасым хан да, одан кейінгі қазақтың ел билеушілері де Оңтүстік шекараны нығайтуда, мемлекеттің тұтастығын сақтауда Сайрамды маңызды стратегиялық орын деп қараған. Бұл аймақта қорғаныс шараларын күшейту мақсатында және сыртқы жаулардың басқыншылық әрекеттерінің күшейе түсуіне байланысты Абылай хан 1771 жылы Оңтүстіктің қалаларын қайтадан өзіне қаратып, Сайрамның жерінен, Арыс өзенінің бойынан бекініс салады. Халық оны «Ханқорған» деп атайды. Кейбір деректерде: «Арыс өзені бойындағы Мәдени ауылындағы «Ханқорған» атты тарихи орын күллі қазақ үшін қасиетті жерлердің бірі» деп жазылған. Абылай хан Қоқан хандығынан қазақ даласына төнген қауіпті сезіп, бірнеше бекіністер салдырған. Солардың бірі осы – Ханқорған. Абылай ханның бұйрығымен салынғаннан соң, Ханқорған деп аталған болса керек дейді Мәдени ауылындағы тұрғындар. Не десе де, бұл мекен ойдан шығарылған жер емес. Тарихи дәлелденген. Бәріне негіз бар. Археология ғылымы да бүгінгі күні бұрын-соңды айтылған болжамдарды дәлелдеп отыр.

Қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан Б. Байтанаевпен ой бөлісіп, пікірлестік. «Дәл қазір мұнда археологтардың жұмыстары қызу үстінде. Жігіттер таңғы 6-дан бастап кіріседі. Мұнда өркениеттің ізі болғанын жәдігерлер растап отыр. Қазба жұмыстары толық аяқталған соң мәліметтерді жариялайтын боламыз», – дейді бізге берген сұхбатында. Ғалымның мәлімдеуінше, қалашақтың ең төменгі қабатынан үлкен қорғанның негізі табылған. Ол Қытай жылнамасында айтылатын Дулат ханның ордасы болуы мүмкін. Одан берідегі жәдігерлердың көбі 10-ғасырларға тән. Болашақта «Хан қорғанды» ашық аспан астындағы мұражай етіп, ірі туристік орталыққа айналдыру жоспарлануда.

Бүгінгі демалыста осы тарихи мекенге табанымыз тиді. Өр мінезді, намысшыл ата-бабаларымыздың маңдай тері мен қаны тамған, талай қуаныш пен қайғыға куә болған қасиетті жер.. Биік төбенің етек жағында қақ жарып, арқырап асау Арыс өзені ағып жатыр. Суы мұздай. Жасыл желегі де жайқалып тұр. Батыр бабаларымыз ат суарып, аунап-қунаған жерге тағзым етіп, Құран бағыштадық. Кім біледі, бабаларымыз бұл жерге кеп, ат үстінен түспей, найзаның ұшымен іліп алып су ішкен шығар.. Осы жерде әзіз бабаларымыз ерлік пен елдіктің небір ұлы жоспарларын жасаған шығар, темір ноқта мен арқан ноқтаның ортасында отырып, қасиетті Отанды сақтаудың жолын іздеген шығар. Қысқасы, әдемі әсерге бөлейді, жігеріңді, рухыңды көтереді, ойландырады, толғандырады, «Хан қорған» қалашығы.

С.Тастанбек.