Ақмешіт – Тибеттің қасиеті бар

«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады».

(Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: 
рухани жаңғыру» атты мақаласынан)

Ақмешіттің кереметін сөз етейік. Мамандардың мәлімдеуінше, мұнда адам ағзасына ем: қуатты, толқынды ауа ағымдары шоғырланған. АҚШ-тың ғарышты зерттеу орталығының («НАСА») мәліметінше, күмбез шаңырақты ғимараттарда шоғырланған ғарыштық энергия ауаның құрамындағы ионды бөлшектерді өзгертіп, ауадағы келеңсіз бактерияларды жойып, тазартады екен. Ғылыми түрде сараптама жүргізілген. Ондай ғимаратта болған адам жеңілдеп, биологиялық ағзасы (аурасы) тазаратын көрінеді.

Көпшілік біледі. Мұсатіллә Тоқанаов деген ұлтжанды ғалым бар. Өзі ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Елімізде геомагниттік толқындарды зерттеп жүрген бірден-бір ғалым. Осы азамат соңғы кездері Ақмешіт үңгірін экотуризмге айналдыру мәселесін көтеріп жүр. Бұл туралы «Шымкент келбеті» газетіне арнайы сұхбат та берген болатын. Ғалым айтады.

– Бірде геомагнитті толқындардың бар-жоғын тексеріп көру үшін, серіктеріммен бірге үңгірге түстім. Оның іші тап-таза. Жанымдағылардың қан қысымын алдын ала тексеріп алғанмын. Жарты сағаттай серуендеп, сыртқа шыққанымызда 160 болып тұрған қан қысымы 130-ға бір-ақ түсті. 20-30 деңгейге төмен түсетінін анықтадым. Қазақтың киіз үйі де күмбезді шаңырақты. Ақордамыз да сондай. Мұндай пішіндегі нысанның ішінде ауа иондары өзгеретіндіктен, қауіпті бактерия, вирустар болмайды. Керісінше, адам ағзасына жайлы әсер етіп, келеңсіз энергияны өзіне тартып алады. Сіз күмбезді шаңырақты ғимараттың ішіне көңіл күйіңіз төмен болып кірсеңіз, мамыражай күйге еніп, ашу-ызаның қайда қалғанын ұмытасыз. Мәселен, тіл-көз, дуа тиген адамның ұнжырғасы түсіп, мазасызданып жүреді. «Ақмешітке» кіргендердің бәрінің биоөрісі қалыпты жағдайға түсіп, иммундық күш-қуаты көтеріледі. Өзім биофизик ғалым ретінде, бес-алты адамның биоөрісін реттей аламын. Ал ары қарай шамам келмейді, өйткені оған көп энергия жұмсалады. Ал «Ақмешітке» мыңдаған адам түссе, бәрі де ауруынан айығып, қуаттанып шығады. Яғни, бұл мекен болашақта денсаулықтың «фабрикасына» айналуы мүмкін. Біз қолда барды пайдалануымыз керек қой. Сол жерде шипажай ашылуы керек деген ұсынысымды айтқанмын. Үңгірдің аймағында демалыс-сауықтыру шипажай орынын салсақ… Кәдімгі «Манкент», «Сайрам», «Сарыағаш» сияқты. Шипажайды қымыз бен шұбатпен қамтамасыз етсе. Сол жерде адамдар ем алатын болса, одан кейін «Ақмешітке» күніне 2 сағат кіріп-шықса, нағыз иммунды күш-қуатты арттыратын бірден-бір орын болмай ма?! Сол себепті бұл үңгір келешекте дүниежүзілік экотуризм аймағына айналарына сенім мол.

«Оңтүстік» туризм орталығының басшыларына Мұсатіллә ағамыздың бұйымтайын жеткізіп, пікірін білгенбіз. Ондағы мамандардың айтуынша, емдеу-сауықтыру кешенінің жобасы дайын. Жоспарда тұр. Қонақүй, мейрамхана, автотұрақ алаңы қарастырылған. Қаржы мәселесі алдағы уақытта шешімін таппақ көрінеді.

Игі іске қашанда қолдау керек-ақ. Ақмешіт үңгірі туралы журналистік зерттеу жүргізіп, көпшілікке кеңінен түсіндіріп, тереңнен қозғап жазған азаматтың бірі – белгілі журналист Бақтияр Тайжан. «Ақмешіт – био және экотуризм. Насихаты жақсы болса туристерді магниттей тартатын киелі мекен, – дейді қаламгер. – Дүниежүзінің жұрты сәті түссе, Тибет тауына шығып, көкірек кере дем алып, шамбалалар қасиетін жүрегінен өткізуге құмбыл. Қолы жеткендер бойындағы кеселдерден арылдым, жан-дүнием тазарды деп келеді. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, аспанмен амандасқан сол Тибет тауларының қасиеті осы біздің Ақмешіт үңгірінде бар. Мұсатілла Тоқановтай ғалымның басқа шаруасын жиып қойып: «Ақмешіт!» деп шырылдауынан осыны ұққайсыз. Ақмешіт – Алланың мейірімімен ерекше жаратылған жер. Ертеде адамдар жер қыртысының жарылыстары ойпаң, сай жерлерге және өзеннің бұрынғы арналарына өздері тұратын үйлерін салмаған. Үйлерін тек биік, тегіс, таза жерлерге салған. Біздің ата-бабаларымыз көшпенді қалыпта өмір сүргендіктен, жаздық жайылымдарға шыққанда қой малы қай жерге үйіріліп жатса, сол жерге үйлерін тіккен. Себебі, қой малы, тегіс қыратты жерлерді қалайды, сайға үйірілмеген. Халық киелі таза жерлерді біліп ондай жерлерді киелі емдік қасиетті жерлер деп атаған. Туризм керек пе, ем керек пе, Ақмешіттен табасыз. Мұнда әлем жұртының көзқұрты Тибеттің қасиеті бар».

Жөн-ақ дерсіз. Ақмешіт үңгірі туризмге сұранып тұрған жер. Тағы да гидтің әңгімесін тыңдасақ: «Кезінде, өткен ғасырдың 70-80 жылдары Байжансайдағы бір азамат үңгірді мал қораға айналдырып, сиыр ұстамақшы болыпты. Қыста жылы, жазда салқын, жайлы деп. Бірақ тасты бұзып-жаруға көлік-техниканың «тісі» өтпеген. Ол әрекетінен түк шықпағасын үңгірдің шеткері жағын арнайы жарылғыш затпен жарған. Қопару сәтінде бір жұмысшысы қаза тапқасын, әлгі кісі түпкі ойынан бас тартыпты».

Туған өлкесінің тау-қыратын, сай-саласын бес саусағындай білетін Әбдіразақ Мәуленов әңгімесінде болашақта үңгір ішінде арнайы қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғанын айтады. «Мүмкін біз білмеген жаңа парақтың беті ашылар, көне жәдігерлер табылуы да ғажап емес. Оны ауыл әкімдігімен келісіп, жүргіземіз», – дейді ол.

Ақмешіт үңгіріне барар жол теп-тегіс екен. Осыдан 4-5 жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі А.Мырзахметовтың қолдауымен жол салынған. Жергілікті кәсіпкерлер демеушілік көрсетіп, айналмалы түсіп-шығуға ыңғайлы баспалдақты орнатып беріпті. Сосын тікұшақ қонатын екі алаң бар. Алыс-жақыннан кәсіпкер азаматтар да келіп-тұратын көрінеді. Туристерге келсек, әсіресе Ресейден, Қырғызстаннан көп келеді екен. Таяуда облыс әкімі Ж. Түймебаев өңірімізде Туризм саласы еншісін алып арнайы жеке басқарма болып құрылатынын айтқан-ды. Бұл әрине, жағымды жаңалық. Демек, алдағы күннен үміт басым. Ақмешіттің болашақтағы жоспар-жобасы нәтижелі әрі жемісті жүзеге асатынына үлкен сеніммен қараймыз

Сәбит Тастанбек