Ақмешіт үңгірі туралы тарихи аңыз-деректер көп

Үңгірдің тарихы қызық. Ертеректе, жаугершілік қиын-қыстау уақыттардың кезінде осы маңдағы ұлы Бөген мен бала Бөгеннің жарысып аққан тұсында Есіркеп Қойкелді батыр қалмаққа қарсы қол жинап, он мыңнан астам сарбазымен жауға қарсы шығуға дайындалып жатқан кезінде жаңбыр жауып кетеді. Селдетіп жауған жаңбыр астында таңғы намазды қалай оқимыз деп қиналмай бірден үңгірге түсіп, бәрі қатарласа тұрып намазға жығылады. Мынау бір керемет жер екен деп таңданысады. Үңгірге бойы үйренгеннен кейін сарбаздардың бірі батырға бұл жер кереметтігімен ұзақ есте қалдыру үшін бұдан былай бұл үңгірді Есіркеп деп немесе Қойкелді деп ат қойып кетейік дейді. Бұл ұсынысқа қарсылық білдірген батыр, қасиетті керемет үңгірдің киесі оған лайық болмасақ бұл атауды кешіре алмаса, ең қиыны сол болар, деп сөзін түйіндейді. Батыр да ойға беріле тұрып сөз бастапты. Бұл үңгір олай болмаса оң мыңнан астам адам бізге жаңбырдан қорғаштамас еді ғой, таңғы намазымызды оқуға мүмкіндік берді, тастары да аппақ күйінде ғажап әсер сыйлады, бәріміз жиналып, он мыңымыз бір жерде сәждеге бас қоя алдық, киелігі де осы да, бұл жерді енді Ақмешіт деп атайтын болайық, бұл қасиетті жер екен, содан былай Ақмешіт үңгірі аталып кетіпті.

Келесі бір аңыз-деректерде былай дейді: бұл жер жыланның ордасына айналып, айдаһар мекендеген екен. Қараша халықтың төрт түлігіне тыныштық бермесе керек. Әбден ызаланған халық Ақмешіт әулиеге келіп «ілім-біліміңнің күшімен айдаһарды байлап, матап тасташы» деген өтініш айтады. Сонда Ақмешіт әулие «айдаһарды бағындыруға күшім жетеді ғой, бірақ ұрпақсыз өтем бе?» деп қамығыпты. Кейін қара басын емес, елінің қамын күйттеп, айдаһарды ілімінің күшімен бағындырған деседі. Сол Ақмешіт әулие өмірден озарында денесін осы үңгірдің ішіне жерлеуді аманаттайды. Айтқанындай оны осында арулап көмген деген дерек айтылады.