Ақсу-Жабағылы қорығында қар барысының саны артып келеді

Ақсу-Жабағылы қорығындағы аңдарға жылына үш мәрте – көктемде, күзде және алғашқы қардағы аңдардың iздерi бойынша санақ жүргiзiледi. Цифрларға сөз берейікші. Соңғы санақ бойынша қазір қорықта қар барысы бұрынғыға қарағанда көбейіп, 10-12-ге жуықтаған. Сондай-ақ саны артқан аңдардың қатарында қоңыр аю (150), тауешкі (1200-ден аса), арқар (100-ден аса), қасқыр (80) бар. Одан бөлек, марал – 40, елік – 100-ге жуық, борсық – 20, суыр – 60, ұлар – 100-ге жуық, түлкі – 46, қабан – 300-ден асып жығылады. Қазір қорық басшылығы аң-құстарды тұрақты бақылау үшін фотоқақпандардың қызметiн тұрақты пайдаланады екен.

Қорыққа жылына 1500-ден астам турист келетін көрінеді. Оның жартысына жуығы шетелдiктер. Әсiресе, Германия, Израиль, Италия, АҚШ, Жапония, Канада, Австрия, Швейцария мен Голландиядан келетiндер көп екен. Оларға 3 экологиялық сүрлеу, 7 экскурсиялық бағыт бойынша саяхат ұйымдастырылады. Туристерге Жетiмсай, Талдыбұлақ, Байбарақ, Кiшi Қайыңды және Үлкен Қайыңды аңғарларын, Қызылөлген және Айнакөл көлдерiн, Бойдақсай және Қасқабұлақ шыңдарын, Ақсу өзенiнiң құз шатқалын, Таяқсалды, Көксай көлiнiң аңғарларын көруге мүмкiндiк жасалған. Келушiлерге сол бағыттар бойынша жаяу, атпен, көлiкпен экскурсияға шығуға болады. Сүрлеулерге шығу үшiн алдын ала тапсырыс қабылданады, бiр топта 5-6 адам. Қазақстан азаматтары үшін бір күнге саяхат жасау құны – 462 теңге, ал шетел азаматтары үшін – 1612 теңге. Нива, Уаз, шағын автобуспен,  серуендеу үшін 1 сағатқа төленетін сома әр адамға – 2 200 бен 3 мың теңге аралығында, ат көлігі – 550 теңге. Бүгiнде қорықта шағын қонақүй, мұражай жұмыс iстеп тұр.