«Қызыл кiтапқа» енген

Ақсу-Жабағылы – Қазақстан аумағында әлемдiк биосфералық қорықтар жүйесiне енгiзiлген бесiншi қорық. Еске сала кетсек, 2012-2014 жылдары ЮНЕСКО-ның қорықтар тiзiмiне Қорғалжын, Алакөл, Қатонқарағай мен Ақжайық кiрген. Бүгiнде Ақсу-Жабағылы қорығының аумағы 131 934 гектар алқапқа ұлғайған. Қорықтың атауы осы қорықтың аумағында орналасқан екі өзеннің (Ақсу, Жабағылы) атынан шыққан. Мұнда өсiмдiктердiң 1759 түрi өседi. Оның 41 түрi «Қызыл кiтапқа» енген. Жануарлардың – 51, құстардың 267 түрi тiршiлiк етедi.

Қорық флораға бай. Күзетілетін өсімдік түрлерінің көлемі: саңырауқұлақтар – 250-ден астам; мүктер, қыналар, балдырлар – 60-70 түрлі, биік өсімдіктер – 1300 түрден астам. Флораның өзгешелігі мен ерекшелігі биік өсімдіктердің негізінде жақсы көрініске ие. Бұл топта 200-ден астам сирек кездесетін өсімдік түрлері байқалады, оның ішінде: Батыс Тянь-Шань мен Қаратаудың 177 эндемі; шамамен 30 таусыншақ; 39 – Қызыл кітапқа енген өсімдіктер. Грейг және Кауфман қызғалдақтары – қызғалдақтардың әлемге танымал жүздеген сұрыптарының негізін салушылар аса танымал. Тағы бір маңызды дерек, мұндағы қорықтың бас кеңсесi, мұражай, тағы басқа ғимараттар ЮНЕСКО қамқорлығы аясында бөлiнген қаржы есебінен күрделi жөндеуден өткiзiліптi.