Табиғаттың тылсым сырын бүккен Ақсу-Жабағылы

Білерсіз, бәлкім, білмессіз, осы Ақсу-Жабағылы мекеніңіз, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің аймағы – қызғалдақ гүлінің отаны. «Қызғалдақтар елі» деп жұрт жиі мақтайтын Голландияңыздың өзі оның тұқымын Тәңіртаудың төрінен әкеткен. Сапыра сөйлегеніміз емес. Мұны әлем елдері мойындайды.

Қазақтың талантты жазушысы Шерхан Мұртаза айтқан мәнді сөз бар: «Париж бардым – Париж түсiме кiрмедi, Мысыр бардым – Мысыр түсiме кiрмедi. Қытай, Моңғолия, Үндiстан, Пәкiстан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетiндегi Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсiме кiрмедi. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсiмде көрмедiм… Түсiмде ылғи Ақсу-Жабағылыны көремiн…»

Сәті түсіп, сол әйгілі Ақсу-Жабағылы қорығына сапарлап бардық. Қорық қызметкері Сматулла Жұманов жылы шыраймен күтіп алды. Қоршаған ортаға қамқор, тарихты айтқан кезде іркілмейтін азамат екен. Қас қарайғанға дейін табиғатқа тамсанып, Сәкеңнің де әсерлі әңгімесін тыңдап, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдық.

Тарихқа шегініс жасай кетсек, артық болмас. Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы – Талас Алатауының (Батыс Тянь-Шань) солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан еліміздегі, тіпті Орта Азиядағы ең байырғы қорық. Бұл мекен – өте сирек кездесетін, жер бетінен жоғалып бара жатқан жануарларға бай. 1926 жылы құрылған тұңғыш қорықтың орталығы Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы Жабағылы кентінде орналасқан. Сонымен қатар, Төлеби және Бәйдiбек аудандары мен Жамбыл облысының Жуалы ауданын қамтиды, екі мемлекетпен – Қырғызстан  және Өзбекстанмен шектеседі. Ескі деректер Ақсу-Жабағылының құрылуын Алаштың ардақты ұлы Тұрар Рысқұловтың есiмiмен тығыз байланыстырады. Мұнда Т. Рысқұловтың ықпалымен Ташкент университетiнен арнайы ғалымдар жiберiлiп, 1926 жылға дейiн жан-жақты зерттелiптi. Көп ұзамай Қазақ АКСР басшылығы Ақсу-Жабағылы қорығын құру туралы қаулы қабылдаған. Алғашқыда қорық аумағы 30 мың гектар болған.  Қорықты алғаш басқарған Борис Тризна мен Тұрар Рысқұловтың табандылығы арқасында 1937 жылы 70 мың гектарға дейiн ұлғайтылған.