«ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ӘҢГІМЕСІ» ИЕГЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлке әдебиеті мен өнерін насихаттау, жерлес қаламгерлерді таныту, шығармаларын тереңдетіп оқыту бағытында ақын, журналист Мақсат Қарғабаймен кездесу өтті.

Атап айтсақ, елордасы Астана қаласында өткен «Алтын қалам – 2017» әдеби байқауында «Жылдың үздік әңгімесі» номинациясы бойынша жеңімпазы атанған М.Қарғабаймен кездесуге жергілікті қаламгерлер, БАҚ өкілдері, ауыл жастары, жалпы оқырмандар қатысты. Басқосу барысында қаламгер «Алтын қалам» байқауы жайлы әңгімеледі, Астанада өткен кітап тұсаукесері, оқырмандармен кездесулерден алған әсерімен бөлісті, сұрақтарға жауап берді. Қаламгерлер Е.Жақсымбетов, Е.Кенжеғараев, Б.Айдарбеков, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Р.Әлжанов әдебиет және өнер жайлы ой-пікірлерін ортаға салып, жеңімпаз қаламгерге шығармашылық биіктер тіледі. Жас өнерпаздар Ж.Мурадов, Бекбау Азиз, Амантай Жарқынай, Төлбай Әбілқасым оқыған өлеңдер көрермен көңілінен шықты. Қатысушылардың өзара пікір алмасуларынан соң олардың назарына бейнебаян, кітап көрмелері, суретті экспозиция ұсынылды. Басқосу соңы ән – жырға ұласты.