Маңызды

«Аудан тізгіндеуімнің себебін «100 нақты қадамнан» іздегендер қателеспейді»

 

     Сайрам ауданының әкім болып тағайындалғанына 5 айға жуықтаған Бақтияр Мамаев – ОҚО-дағы аудан, қала әкімдері корпусындағы жаңа тұлға. Әрине, 200 мыңнан астам халқы бар ауданды басқару оңай шаруа емес. Күн-түнмен санаспай тер төгуді талап етеді. Бұл ретте жаңа басшының аптаның демалыс күндерінде де жұмыс орнынан табылып, сансыз баптар мекенінің көшін озық етіп, өркендетуге арнайтынын, тіпті қасына қарамағындағы жауапты шенділерді ертпестен, қарапайым азамат ретінде елді мекендерді, көше-көшелерді өзі аралап, халықпен тілдесетінін жергілікті жұртшылықтан естіп қалғанбыз. «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деп, кешегі жексенбіде аудан орталығы Ақсуға тарттық. «Халық айтса, қалып айтпайды» екен, Бақтияр Сапарәліұлын шынында да «Ақ үйде» жолықтырдық. Бәлкім, жұмыс күні болғанда, журналистермен емін-еркін әңгімелесуге мүмкіндігі болар ма еді, болмас па еді, республикалық «Уақыт» қоғамдық-саяси газетіне берген жексенбілік сұхбаты кең арнада өрбіді. Ал Сайрамнан Шымкентке халқы бейнеткеш ауданға еңбекқор әкімнің нәсіп болғанына іштей қуанып қайттық.

«Досболовпен қандай байланысың бар?» деген

– Бақтияр Сапарәліұлы, Қазығұрт ауданының тумасысыз. Сайрам ауданының дәм-тұзы қалай бұйырып жүр?

– Шыны керек, Сайрамға немесе басқа ауданға әкім болу ойымда болған жоқ, бірақ соңғы 15 жылдан бері кадрлық резервте тұратынмын. Негізі, менің тағайындалуым Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасының 10-қадамына сай келді деп ойлаймын. Онда мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу және меритократия қағидатын нығайту хақында айтылады. Жалпы менің өмірбаяныма көз жүгіртсеңіз, мемлекеттік қызметте барлық сатыдан өтіп, өрлеп келе жатқанымды аңғару қиын емес. Еңбек жолымды 1993 жылы Қазығұрт ауданының Қызылқия ауылдық кеңесінің хатшысы болып бастадым, содан кеше Сайрам ауданына әкім болғанға дейін 5 жарым жыл Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқардым. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Сайрам ауданын басқаруға лайық кадрға таңдау жасағанда, сірә, осынау тәжірибемді ескерді ғой деймін. Алайда нақты Сайрам ауданының тізгінін ұстатарын күткен жоқпын. Оның үстіне Жансейіт Қансейітұлымен бұған дейін жақын араластықта болмағанмын. Ол кісі резервтің ішінен қарап, менің мемлекеттік қызметтегі тарихыммен танысып, «Сөйлесіп көрейінші» депті.

Білуімше, Сайрам ауданына қалай әкім болып келгеніме таңданыс білдіріп, себебін іздеп жүрген адамдар көп көрінеді. Ол туралы өзімнен де сұрағандар баршылық. Меніңше, себебін Елбасының «100 нақты қадамында» тайға таңба басқандай көрсетілген мемлекеттік қызметтегі сатылап өсуден іздесе, қателеспейді.

Рас, соңғы 3-4 жылдан бері ауданды басқару жайлы түрлі ұсыныстар түсіп жүретін. «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» демекші, кім аудан әкімі болғысы келмейді?! Солтүстік Қазақстан облысынан да ұсыныстар айтылды. «Бір Қазақстанның іші ғой. Өмірлік тәжірибемді пайдаланып, неге аудан басқарып көрмеске?!» деген ой бар-тын.

– Базалық білім бойынша алған мамандығыңыз Еңбекке баулу және жалпы техникалық пәндерінің мұғалімі екен. Соңыра заңгерлікті, көлік бакалаврлығын меңгеріпсіз. Әйткенмен ағарту саласын емес, мемлекеттік қызметті таңдадыңыз. Кімнің ықпалы болды? Әлде ішкі қалауыңыз ба еді шенеунік болу?

– Жұбайымыз екеуіміз М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ді қатар бітірдік. Әкем науқастанып жатқан. Қолға диплом тиген соң, әйелім екеуміз ауылдағы мектепке жұмысқа орналасуға бардық. Алайда мектептің директоры екеумізді бірдей жұмысқа қабылдай алмайтынын айтты. «Отбасылық жағдайыңды біліп отырмын. Келінді қабылдайын. Сен ер азаматсың ғой…» деді. Сөзінің ауанынан маған бос орынның ыңғайын келтіре алмай тұрғанын ұғындым. Не істеймін? Студент шағымда сабақтан тыс уақытта коммерциямен айналысатынмын. Күнкөрістің қамымен қалаға, шетелге шапқылап жүргенімді байқаса керек, бір күні ауылдық кеңестің хатшылығына ұсыныс түсті. Оқығаным – мұғалімдік. Хатшының не атқаратынынан бейхабармын. Бірақ әлгі ұсынысқа анам қатты қуанды. «Сеземін, сен қалаға кеткің келіп жүр. Әйткенмен ауылға керексің ғой» деді. Сонымен, анамның сөзіне құлақ асып, ауылдық кеңес хатшысы боп бардым. Сөйтсем, халықпен тікелей байланыста жұмыс істейді екенсің. Білек сыбана кірістім де кеттім. 3 жылға жуық еңбек еттім. Осы уақыт аралығында аудан әкімдігіне үш мәрте қызметке шақырды. «Райкомда» жұмыс істеу үлкен мәртебе еді ғой. Алдыңғы екі ұсыныста әкемнің төсек тартып жатқанын, ауданға қызмет ауыстыра алмайтынымды айтып, бас тарттым.

Ол кезде Президент Әкімшілігінің жауапты кадрлары ауылдық кеңестің хатшыларымен сөйлесіп тұратын. Үшінші келгенінде «Өткенде «мына жігіттің лауазымын жоғарылатыңдар» деп тапсырып едім ғой» депті. Хатшы боп жүргенде, ауданды басқарған Ілиясов, Жұмжаев дейтін азаматтармен жұмыс істеп едім. Ал Қазығұрт ауданы әкімі аппараты жалпы бөлімнің бас маманы болып ауысуым Әбдібақыт Мақұлбаевтың кезімен сәйкес келді. Бұл 1996 жыл болатын.

Мен туралы жергілікті жұртшылық «Әкімшілікке кірсең, 2-қабатта қызыл галстукты, Қызылқиядан қатынып жұмыс істейтін жігіт бар. Зыр жүгіріп жүреді, соған жолықсаң, мәселеңді шешіп береді» дейтін. Себебі, барлық маңызды құжаттар біздің бөлімде шоғырланатын, компьютер жоқ, қолмен жазушы едік қой. Бума-бума қағаздарды ұстап жүремін. Анау да, мынау да жұмсайды. Ол кезде екінің бірінде жеңіл көлік бола бермейтін. Менің астымда ескі көлігім бар. Әкем ауыл шаруашылығы маманы боп, бұрын шаруашылықта еңбек еткен ғой, жерге қарап тұрған күніміз жоқ еді. Ата-бабаларымыз да – ауқатты болған жандар. Ауылда мал шаруашылығымыз болатын. Ауылым мен аудан орталығының арасы – 10 шақырым. Таңертең ерте келіп, кешке кеш қайтатынмын.

– Әкеңіз жайлы сөз қозғап қалдыңыз ғой. Туып-өскен ортаңыз жайлы сәл таратыңқырап айтыңызшы.

– Әкем өмірге құштар, ізденімпаз адам еді. Неміс тілінде таза сөйлейтін. Оның себебі де жоқ емес, біздің ауыл тұрғындарының 90 пайызы немістер-тін. Домбыра, баян, ионика, мандолина сияқты музыкалық аспаптардың құлағында ойнайтын. Исақ атам соғыстан оралғасын 54-55 жастарында аты жаман аурудан көз жұмған екен. Сөйтіп, әкем 12-сінде жетім қалыпты. Үлкен ағасы Мәскеуде оқиды да, бұл кісі әкесінің орнын басып, қоймада жұмыс істеген. Сол себепті 30 жасқа дейін ешқандай мамандықты игермепті. Тек ағасы оқудан келген соң ғана Сарыағаштағы Қапланбек малдәрігерлік техникумына оқуға түседі. Содан мал дәрігері болып еңбек етті. Өзі бір кіндіктен бесеу-тін. Атамның үлкен ағасы, яғни үлкен атамыз осы өңірде бірнеше жыл соттың төрағасы болған. Әкемнің ең үлкен ағасы Шымкент пединститутында өмірінің соңына дейін физика-математика факультетінде декан болды.

Ал өзіме келсем, үйдің тұңғышымын. Екі інім, екі қарындасым бар. Әкем 47 жастан асқанда инсульт алып, 55 жасында өмірден озды. Не керек, күн-түн демей, бейнетке жегілуге тура келді. Күндіз – мемлекеттің жұмысы, түнде өзімнің мал шаруашылығыма қараймын. Бауырларымды аяққа тұрғызуым керек қой. Құдайға шүкір, сол төккен терім зая кетпеді: бәрін оқытып, інілерімді үйлендіріп, қарындастарымды тұрмысқа ұзаттым. Жұмысқа орналасуына септігімді тигіздім. Қазіргі таңда інімнің үлкені – кәсіпкер, кішісі – кеден саласында. Екі қарындасым да педагогикалық білім алды, бірі – мектеп директорының орынбасары, екіншісі М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ді үздік дипломмен тәмамдады, бірақ кәсіпкерлікпен айналысып жүр, күйеубала – сонда деканның орынбасары.

 

– Ауылда қарашаңырақ тұрған шығар?

– Әрине. Бірақ бауырларымның барлығы үйлі-жайлы болғаннан кейін әкемнен қалған ескі үйді бұзып, жаңартайын деп анамнан рұқсат сұрап, еңселі үй көтердік. Себебі ауылда 1200 түтін болса, біздің үй алғашқылардың бірі болып соғылған екен. 1950-ші жылдары. Оның үстіне ауылдың әкімі деген атымыз бар. Әйтеуір, заманға сай болайық деген ниет қой.

 

– Білетіндердің айтуынша, Сіз Қызылқияда ауыл әкімі қызметінде жүргеніңізде ОҚО-ға бірінші болып «Филип Моррис» компаниясын тартқан екенсіз. Рас па?

– Иә, ол рас. Өңір басшысы Б.Жылқышиевтің тұсында екі мәрте облыстық семинар өткізіп, менің жұмысымды насихаттап, үлгі ретінде көрсеткен-ді. Қызылқия ауылын көркейтуге көп күш салдым. Инвестиция тарту мақсатында қазіргі облыстық мәслихат депутаты, «ҚазҚұсБатарея» ЖШС-нің президенті Әбілқасым Досболовтың есігін талай қаққаным бар. «Сіз өсіріп отырған құстарға азық болар сояны бізде егуге болады» деп. Өйткені Қазығұрт ауданы бойынша 10 мың гектар суармалы жер болса, соның 5 жарым мыңы – біздің Қызылқияда. Ақыры көзін жеткізіп, ол кісі фьючерстік келісімшарт жасасып, қаржы берді. Ол кезде де жұрттар «Досболовпен қандай байланысың бар?» деген. «Мына бала есігімді қағып, «инвестор болыңыз» деп отырып алды» дейді Әбекең. Сөйтіп, Ә.Досболов ауылымызға әжептәуір инвестиция құйып, шаруаларға біраз жәрдемдесті.

 – Аңғаруымызша, сізді өрге сүйреп келе жатқан маңдай теріңіз бен еңбекқорлығыңыз екен ғой.

– Мақтанғаным емес, Қазығұрт ауданында 100 мың халық болса, соның 90 пайызын танимын. 66 елді мекеннің бәрін жатқа білемін, қай жерде қандай өзекті мәселе туындап, қандай инфрақұрылымның құрылысы өтетініне шейін. Тіпті белгілі бір ауылдан аудан әкімдігіне арыз айтып келген азаматтың қандай мәселемен келетініне дейін біліп отыратынмын. Әлі күнге шейін қазығұрттықтар іздеп, мәселесін көлденең тартып, хабарласып жатады. Сайрам ауданына ауысқанымды айтамын. Мұның бәрі ширек ғасыр бойына Қазығұрт ауданында уақытпен санаспай атқарған жұмысымның арқасы шығар.

Қазығұрт аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған 7 жыл да мен үшін тәжірибемнің толысуына ықпал етті. Бұл өзі айқай-шуы басылмайтын салалардың бірі ғой, басшылары әрі кетсе, 1-2 жыл сайын жаңарып тұрады, кейбірі істі болып жатты. Мен барғанда бөлімде екі-ақ маман болатын, ең ауыр сала болғандықтан, аудан әкімінен қайта-қайта сұрап жүріп, штатты 12-ге жеткіздім. Менен кейінгі 3 жылда 4-5 басшы ауысты.

Ал аудан әкімінің орынбасарлығына көтерілуім Қазығұртқа Тұманбек Әлиевтің әкім болып баруымен тұспа-тұс келді. Тағайындалған күні ол кісі «ЖКХ-да» ұзақ еңбек етіпсің, егер орныңа маман таба алсаң, өзіме орынбасар етер едім» деді. Қасымда аудан әкімінің орынбасары да отырған, ол әзіл-шыны қайсы екенін түсінбей қалды. «Уайымдамаңыз, сізді мәслихат хатшылығына ұсынамыз» деді Т.Әлиев. Міне, жұмысты осылай бастап, аудан әкімінің орынбасарлығына дейін өстім. «Енді тым жас та емеспін, мәслихат хатшысы болсам қалай болар екен» деген де ой жоқ емес-тін. Бірақ, міне, Сайрам ауданын басқарып отырмын. Бұйрық шығар.

Көпқабатты тұрғын үйлерден тұратын қалашық саламыз

– Қазығұртқа қарағанда, Сайрам ауданының өзіндік ерекшеліктері бар болса керек.

– Әрине. Үлкен айырмашылық бар. Ауыл шаруашылығы дамыған аудан екен. Шағын және орта кәсіпкерлер де жеткілікті. Ауданның тыныс-тіршілігімен толық танысуға бір айға жуық уақыт жұмсадым. Ауыл-ауылдарда айтылған сын-ескертпелерді жинадым. Ауыл әкімдері мен депутаттарды тыңдадым. Маған жолығуға келген тұрғындардың баршасына есігімді ашып қойдым. Міне, сол кездесулердің нәтижесінде мол мағлұмат жинап, жоспар түзіп, атқарылу барысын аудан активімен ақылдастық. Сәтін салса, халықтан түскен сын-ескертпелердің 50-60 пайызының келер жылы үдесінен шығамыз деген ойдамын. Шаруалардың қайсысы ауыл әкімдерінің деңгейінде, қайсысы аудан деңгейінде, қайсысы облыс деңгейінде атқарылатынын жіктеп, қаржы бөлдіру мәселесін шешіп жатырмыз. Қолға алып жатқан бірқатар тың бастамаларымыз да бар. Бұл жерде ең үлкен проблема жер телімі екен. Бос жер жоқ. Тіпті үйіргелік жер де қалмаған. Тек айтыс-тартыс. Үйі бар, жері бар, алайда қолында құжаты жоқ тұрғындар көп екен. Мұны құқық қорғау органдарының өкілдерімен арнайы кездесу өткізіп, қолма-қол шешу жөнінде келісімге келдік. Себебі жер дауымен 20 жылдан бері соттасып жүрген азаматтарды көрдім.

Бірақ соған қарамастан ауқымды тірлікті бастап отырмыз. Ауданда 1000-нан астам адам – тұрғын үй, 13 мыңнан астам адам жер алу кезегінде тұр. Бір ғана Қарабұлақ ауылы әкімдігінде – 6000 адам кезекте. Бұл мәселені қалай шешпек керек? Ақсу мен Манкенттің арасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 230 гектар жер бар екен. Тереңірек ойланып қарасақ, әлгі 230 гектарды игеру арқылы, көп іс тындыруға болатынына көзіміз жетті. Енді соны кезең-кезеңге бөліп, жұмыс істемекпіз. Жобасын дайындап, картасын жасадық, бұл бойынша барлық бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктедім. Бұдан облыс әкімі де хабардар. Жобада 230 гектар аумақтың қай жеріне мектеп, қай жеріне спорт алаңы, қай жеріне медициналық нысан, қай жеріне саябақ жасалып, көгалданырылады, абаттандыру жұмыстары – бәрі-бәрін жоспарлап қойдық. Енді сол жерді мемлекет меншігіне алуды қарастырудамыз.

 – 230 гектар жер тек бір адамға емес, бірнешеуіне тиесілі шығар?

– Бұл жердің 177 иесі бар екен. Әрқайсысы бөлшектеп – 10 сотықтан, 2-3, 5-10 гектардан иеленіп алған. Солармен жеке-жеке келіссөз жүргіздіріп жатырмын. Ешкім анау айтқандай қарсылық танытып жатқан жоқ. Бәрі жобаға қолдау білдіріп, түсіністікпен қарауда. Енді мамандар бағалау жұмыстарын жүргізіп, жеке меншіктен сатып аламыз. Қаңтарда осы мақсатқа ақша сұраймын. Сатып алу аяқталған соң, инфрақұрылымға қаржы керек болады. Әлгінде айтқанымдай, 230 гектарды 3-ке бөліп, жобаны 3 кезеңмен жүзеге асырмақшымыз. Өйткені бәрін бір мезетте игеру мүмкін емес. Алдымен 80 гектар жердің жобасына, яғни инфрақұрылымына келесі жылы қаржы алсам, мың-ақ адамның мәселесін шешеді екенбіз. Сол себепті мұнда көпқабатты тұрғын үйлер салу жөнінде ұсыныс жасаудамын. Дәлірегі, қалашық етпекшіміз. Сонда бұл жерге 300-ге жуық көпқабатты үй салсақ, біраз тірлікті еңсереміз. Оның да жобасы бар. Бұл ретте алғашқы 10-15 үйдің жобалық-сметалық құжатын әзірлеп, келер жылдың аяғына дейін инфрақұрылымның құжаттарын дайындауды назарға аламыз. 2019 жылдан бастап мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде, мемлекеттік бағдарламамен салдырсақ, ары қарайғысын кәсіпкерлер де қолдайды деп ойлаймын. Қазіргі таңда біздің өңір қалталы азаматтардан кенде емес.

– Сізді осы лауазымға тағайындарда ОҚО әкімі  Ж.Түймебаев «Аудандағы өзекті мәселелерді бірі – жер телімдері. Мұнда жер телімдерін заңсыз иеленушілер көп. Бұл мәселені еліміздің заңына сәйкес толыққанды шешуді тапсырамын» деп еді. Мына бастамаңызға қуанып отырмыз.

– Бұл бастама енді тоқтамайды. Аудан әкімі болып қанша уақыт еңбек етерім бір Аллаға аян, әйткенмен осы жобаны аяқтап үлгерсем деген ниетім бар. Жер телімі мен тұрғын үй кезегінде тұрғандардың мәселесін шешудің басқа жолы жоқ.

Екінші бір қолға алған іс – аудандық мұражай. Сайрам ауданымен етене танысайын деп келген бетте мұражай іздедім. Сөйтсем, мұражай жоқ. Сайрам дегеніңіз тарихи мекен ғой. Бұл қалай? Қазығұрт ауданында әкімнің құрылыс саласына жауапты орынбасары болсам да, мұражайға барып тұратынмын. Өзім қызығамын. Әрі ойланып, бері ойланып, «Осында мұражай салсам қалай болар екен?» деп саябақтың ішіне кірсем, азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесі тұр екен. Керемет ғимарат. Алдында бұл ғимараттың бос тұрғанын естігенмін. Екі-ақ адам отыр. Неге осы ғимаратты аудандық мұражайға айналдырмасқа? Білек сыбана кірістім. Біраз жері бұзылатын болды. Бір қарасам, елдің наразылығы біліне бастағандай. Алдыма 2-3 ақсақал келді: «Айналайын, неке сарайын бұзбаңызшы! Ертең елдің қарғысына қаласыз…» дейді. «Маған ол ғимарат босқа тұрғанын айтты ғой. Аудан активін шақырып сұрадым, ешқайсысы үндемеді. Егер жергілікті халық қарсы болса, мен тұрған нәрсені бүлдіруге келген жоқпын. Жарайды, тоқтатайын» дедім. Алайда бұл «мұражай салынбайды» деген сөз емес. Қазір жоба дайын, құрылысты мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде бастап жіберейін десем, мұражай халықтың мұқтаждығына жатпайтын, табыс таппайтын нысан болып саналады екен. Әйтпесе Парламент Сенатының депутаты Әлімжан Құртаевқа шығып, өтініш жасап едім. Ағамыз мақұлдады, осында ұлы да келді. Бірақ соның құрылысына 40-50 миллион теңгедей жұмсалса, бюджет арқылы-ақ әрекет жасап көремін-ау. Оның үстіне келер жылы ауданның құрылғанына 90 жыл толмақ. Мерейтой қарсаңында мұражайды пайдалануға берсек деп межелеп едік, үлгере алмайтын сияқтымыз. Мейлі, келер жыл болмаса, арғы жылы ашармыз. Бірақ мұражайға қояр жәдігерлерді жинау жөнінде әр бөлім мен әр ауыл әкіміне тапсырма беріп, мәдениет бөлімінің басшысын үйлестіруші етіп бекіттім. Қазірдің өзінде едәуір құнды материалдар жинақталып жатыр.

– Бұйыртса, Сайрам аудандық мұражайының негізін қалаушы ретінде тарихта қалатын болдыңыз ғой, Бәке. Әрі мың сан шаруаның ішінде жүріп 90 жылдықты да ойлап жүрмін десеңізші.

– Оны тағайындалған кезде-ақ ойға түйіп қойғанмын. Кітап шығару туралы жоспарыммен бөліскенмін. Міне, сол дүниенің нобайын жасап, облыс әкіміне көрсеттік. Баспаханадан шығаруға келісімін берді. Қазақ тілінде 1000 данасы, орыс, өзбек тілдерінде және латын әрпімен әрқайсысы 500 данадан басылып, бас-аяғы 2500 дана кітап жарық көреді. Оның қаржысын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қарастырдық. Кітаптың атауы – «Жаңарған Сайрам».

Сонымен қатар 90 жылдыққа орай орталық саябақтың ішінде құрылыс жұмыстарын бастайын деп едік, қаржысын да тапқанбыз, алайда мемлекеттік сатып алу тоқтатылып қалды. Әйткенмен келер жылдың күзіне дейін толық жөндеуден өткізіп үлгеріп, мерейтойды сол саябақта кең көлемде атап өтеміз.

Тағы бір қолға алған тірлік – Сайрам ауданының шекарасына кіргеніңізді аңғартатын белгілерді орнату. Бәлкім, жергілікті бұқара қай жерден Сайрам ауданының басталатынын білетін шығар, алайда былайғы жұрт Сайрам ауданының аумағы туралы нақты мағлұматтан бейхабар. Аудан Шымкент қаласымен, Бәйдібек, Түлкібас, Төлеби, Ордабасы аудандарымен шектесіп жатыр. Облыс әкімі де соны маған бірнеше рет ескертті. «Қай жер Сайрам? Қай жер Шымкент?..» деп. Содан ауданның шекарасын аралап шықтым. Сөйтсем, аудан аумағына аяқ басатын 11 кіреберіс бар екен. Соның әрқайсысына аудан белгісін орнатуды бастадық. Әзірге үшеуі дайын. Тағы екеуінің құрылысы жүруде. Келер жылы 90 пайызы бітеді.

– Қаржысы қандай көзден бөлінді?

– Бюджет есебінен. Ең үлкеніне – 25 миллион, қалғандарына 2-3 миллион теңге жұмсалады. Одан бөлек өңір басшысы кадрларға ротация жасау мәселесін жолға қоюды тапсырған-ды. Ол үшін, әрине, баспана жайын шешу маңызды. Соған орай біз инфрақұрылымы бар жерден – Ақбастау ауылынан 3 үйдің жобасын әзірлеуді бастадық. Әрі аудан орталығына жақын. Екеуін – баспанасыз мемлекеттік қызметшілерге, біреуін әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген, күнкөрісі нашар отбасыларға бермекшіміз. Жобасы келер жылы көктемде әзір болады. Жері дайын. Бұл үйлер ешкімге сатылмайды, мемлекеттің тұрғын үй қоры ретінде тұрады.

Абаттандыруға да ерекше көңіл бөлудеміз. Мысалы, теміржолдың бойында Манкент дейтін станциямыз бар. Шойын жолдың бойымен әрлі-берлі жүретін жолаушылар мен аудан қонақтары Сайрам ауданына осы станцияның сиқын көріп те баға бермей ме?! Бүгінгі көрінісінен адам ұялады. Сол маңды заман талабына сай көркейтуіміз қажет. 28 миллион теңге қаржы қарағанбыз, бірақ мемлекеттік сатып алу кейінге қалдырылды. Жоспарланған жұмыстар алдағы көктемде жүзеге асады.

 – Сізден бұрынғы әкім Самат Сапарбаевтың тұсында басталған жобалар аяқсыз қалып кетпеді ме?

– Ақсу ауылының көшелерін абаттандыруға байланысты бірқатар жобалар басталыпты, ол жұмыстар жалғасын табатын болады.

– Елдің аузында «Сайрам ауданына келген жаңа әкім жұмысты Ақсудың орталық көшелерінің жолын бұзудан, қайтып жөндеуден бастайды» деген әңгіме бар ғой…

– Иә, ондай әңгімені газеттен де оқығанмын. Кеше бұл туралы мәслихат депутаттарымен де әңгіме өрбіттік. Ештеңеге тимейтінімді айттым. Өйткені одан да маңызды жұмыстар жетіп-артылады. Мәселен, Ақсуға кіреберіс жерде мемлекеттік бағдарлама аясында көпқабатты 6 үйдің құрылысын жүргізуге жоба жасаудамыз. Келесі жылдың бюджетіне енгізіп үлгермедік. Өйткені жоба сараптамадан қаңтарда шығады. Бәлкім, өзгерістер енгізгенде, мүмкіндік туып қалар. Әйтпесе құрылысын келер жылы бастап
кетер едік.

«Көрінбей тұрған салық көздерін ашайық» деп ақылдастық

– Ж.Түймебаевтың Сайрамның Шымкент қаласына іргелес жатқан аудан екенін, сол себепті осы өңірдің экономикалық ахуалын жақсарту үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән берілуі керектігін, ол үшін инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлерге қойлайлы жағдай жасау өте маңызды екенін атап өткені де есте…

– Оңтүстік жұртшылығы хабардар, Қазығұрт ауданында ардагерлер бас қосатын ғимарат бар. Еңселі қазақы үй. Ауданға облыс әкімдері сапарлағанда, сонда алып баратынбыз. Сондай нысанды осында да тұрғызсақ деген ниетпен жер телімін іздеп едік, бір сотық та таппадық. Сөйтіп, осындағы жігіттерді Қазығұрттағы шайхананы көріп келуге жібердім. Содан осы жерден бір кәсіпкерді таптық. Қарасу ауылына бұрылғанда, сол жағында Ақсу өзені ағып жатыр. Өзен мен жолдың ортасы тастақ. Иесі Нұрболат Серікбаев деген кәсіпкер жігіт екен. Жолықтым. «Бізге берсеңізші!» деп сұрадым. «Неғыласыз?». «Жол мен өзеннің арасына құрылыс жүргізуге болмайды. Оңай жиналып, құрылатын, ардагерлер бас қосатын орын керек еді». Өзі құрылысшы екен, менің түпкі ойымды түсіне қойды. Сөйтіп, жоба жасап әкелді. Бір жағында – ардагерлерге, бір жағында жастарға арналған демалыс орны бар. Жан-жағы түгелдей абаттандырылады. Көгалдандыру жұмыстары басталып та қойды. Бұл жерге бюджеттің қатысы жоқ. Жеке кәсіпкерге өтініш жасадым, ол кісі қолдай жөнелді.

Сондай-ақ мұнда түрлі өндіріс ошақтары орын тепкен «Промзона» деген болған екен. Бірақ қазір қараусыз қалған. Қоршаулы. Жолдың жағасында орналасқандықтан, іші қоқыс-қалдыққа толып кетіпті. 38 қожайыны бар екен. Әрбірімен кездесіп, жұмыс істеп жатырмыз. «Өндіріс орнын салыңыз немесе қолынан іс келетін адамға сатыңыз» деп те айттық. Алатын адамды тауып та бердік. Өкінішке қарай, ешбірі сатқысы жоқ. Сатқысы келетіндерінің өзі аспандағы бағаны айтады. Не керек, әзірге 2-3 кәсіпорын ашуды жоспарлап қойдық. Инвестор – шетелден. Түркиядан. Картон қағаздан қорап өндірмекші. Себебі бұл бұйым бізге Ресейден келеді екен. Мұның тиімділігі, біздегі макулатураның барлығы қоқысханаға кетіп жатыр ғой, егер келісіне 35-40 теңгеден төлесе, тонна-тонна қағазды тиісті адамдардың өздері-ақ жеткізіп беретін көрінеді.

Сондай-ақ жүн жинап, кілем жасайтын фабрика салмақ ниеттегі шетелдік инвестормен сөйлесіп отырмыз. Көктемде келмекші. Бізді таныссын деген мақсатпен жобасын дискімен салып жіберіпті.

Бұдан бөлек Шымкенттен Ақсуға кіреберісте оң жақта жанармай бекетінің төңірегінде шифермен қоршап қойған жер бар екен. Иесімен сөйлестім. «Ауданның орталығында тәп-тәуір жеріңіз бар, бір нысан салсаңызшы, аудан сәулетін бұзып тұр. Болмаса сатыңыз!» деп ұсыныс жасадым. Сатуға келісті. Осында «Рубин» атты аралас заттар дүкенін салуға ниетті бір азамат бар-тұғын, өзара мәмілелесіп, сатып алды. 3-4 қабаттан тұратын ғимараттың жобасын бізге әкеп көрсетті, қазір құрылысын бастады.

 – Кез келген елді мекеннің жолына қарап оның әлеуетіне баға беруге болады. Келісесіз бе?

– Иә, ішкі жолдарды толық жөндеуге келген күннен бастап күш салдым. Бірінші кезекте аудан орталығы тұр. Тиісті құжаттарын қамдап, облыс әкімдігіне ұсынып едік, 567 миллион теңге қаржы бөлді. Қосымша қаражат сұрап, тағы да өтініш жасаудамыз. 200 миллион теңгедей аудан қазынасынан қарастырып жатырмыз. Келер жылдың аяғына дейін аудан орталығындағы ішкі жолдардың 80-90 пайызын тәмамдаймыз. Одан кейін әр ауылдағы қалып кеткен жолдардың жобасын жасап, ұсыныспен шықтық. Қазіргі таңда ауыл әкімдеріне бюджет беріледі ғой. Былтыр 227 миллион теңге бөлініпті. Негізі оларға жол, жарық, аяқжол секілді инфрақұрылымды өздеріне жүргізуге құқық берілген. Бірақ қаржы аз болғандықтан, жеткізе алмай жатады. 2018 жылға 11 ауылдық округтің әкіміне 1 миллиард 280 миллион теңге бермекшіміз. Егер қаржысын берсеңіз, елді мекеннің әлеуметтік қажеттілігіне қарай ұсақ-түйек тірліктерді ауданға иек артпай-ақ, ауыл әкімі деңгейінде шешуге болады.

– Түнеугүні Сайрам ауданында сібір жарасына қатысты шу шықты. Ақсу өзеніне инфекция түссе, ол Арыс пен Сырдарияға өтіп, Аралға дейінгі аумақты улауы әбден мүмкін екені айтылды…

– Шын мәнінде қауіп төндіріп тұрған мәселе екен. Баяғы құжаттардың барлығын көтердім. Негізі аудан деңгейінде-ақ шешілетін мәселе. Бірақ жылдың соңы, қазынада бір тиын жоқ. Ал комиссия құрып, төтенше жағдай жарияласақ, алдын алу және жою бағдарламасы шеңберінде қаржы бөлдіртуге болады екен. Құзырлы органдардың барлығымен, облыс басшыларымен ақылдасып, төтенше жағдай жарияладық. Астана жақтан да мән-жайды сұрап, хабар алды. Даурығатын ештеңе жоқ екенін, тек алдын алып жатқанымызды түсіндірдік. Бүгінгі таңда өзен арнасын қалпына келтіру жұмыстары басталып, істің 70-80 пайызы бітті.

 – Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы қалай?

– 8 бағдарламаның аясында тиісті жұмыстардың барлығы жүруде. Біздің кәсіпкерлердің тірлігі ауыл шаруашылығымен байланысты болғандықтан, шаруашылықтарды жиі аралаймын. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды түсіндіремін. Кәсіпкер демекші, осы ауданнан шығып, сыртта жүрген бизнес өкілдерімен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орнатуға күш салудамыз. Екі балабақшаның құрылысы басталған екен, ары қарай сең қозғалуда. Мәселен, жылыжай шаруашылығын дамытуда Қайрат Тәжітаев деген азаматқа ұсыныс жасадық. Келісіп отыр.

 – Айтарлықтай кадрлық ауыс-түйістер жасамаған сияқтысыз…

– Әлі жасамадым. Жасағым да жоқ-тын, бірақ жасауға тура келіп тұрған жағдайлар бар… Мен келгенде 3 ауыл әкімінің орны бос тұр екен. Тағайындадым. Сондай-ақ жуырда маған дейін әкімі істі болып кеткен тағы бір ауылдың басшысын тағайындадым. Халықпен, депутаттармен кеңесіп, жергілікті кадрға таңдау жасадық. Әкімдіктегі екі бөлім басшысыз болатын, соларды тағайындадым.

 – Келер жылғы аудан бюджетінің қалыптасуы қалай, өсім бола ма? Игерілуі ше?

– Ауданның бюжеті 26 миллиард теңге болған, оның ішінде ішкі табысы – 3 миллиардтан астам. Жыл соңында 100 пайыз игерілмек. Ал 2018-2020 жылдарға арналған бюджет көлеміне келсек, бірден 5-6 миллиард теңгеге көтереміз деп уәде бермеймін. Мемлекеттік кірістер басқармасы өкілдерімен тізе қосып, «Келер жылы 3,5-4 миллиардтың төңірегінде жұмыс істейік, ал соңыра бесеуге дейін көтереміз. Оған мүмкіндік бар. Көрінбей тұрған салық көздерін ашайық» деп ақылдастық.

 – Мәслихат депутаттарының қолдауы қалай?

– Мәслихаттың хатшысына да, депутаттарға да ризамын. Барлық бастамаларыма бірауыздан қолдау көрсетіп, бірлесіп жұмыс атқарудамыз. Бөтен көзқарастарын байқаған емеспін. «Жаңадан келіп жатқан адаммын, бір жылға дейін оң-солымды таниын, әзірге той-томалақтарыңызға бармаймын» деп ашық айттым. Әйткенмен мемлекеттік қызметшілер мен депутаттық корпус арасындағы спорттық іс-шаралардан қалмаймын.

 – Отбасыңызды көшіріп әкелдіңіз бе?

– Тағайындалған соң бір аптаның ішінде көшіп келгенбіз. Бір ұлым бар. Жасы отызға таяп қалды. ОҚО ішкі істер департаментінде полиция аға лейтенанты. Шымкентте тұрады. Екі немерем бар. Анам – қолымда. Жұбайым Қазығұрттағы үлкен мектепте 20 жылдан астам уақыттан бері директордың орынбасары еді. Ол да жұмысын тапсырып, осында ауысып жатыр.

– Қолыңыз қалт еткенде шұғылданатын, жаныңыз ләззат алатын хоббиіңіз бар ма?

– Аңшылыққа да, атқа да аңсарым ауып қызыққан емеспін. Менің хоббиім – шаруашылығым, қолым қалт етсе, немеремді ертіп, сол жақтан табыламын. Суда жүзгенді жақсы көремін, аздап бильярд ойнаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Айбар МЫҢЖАСАР.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру