ДЕПУТАТ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА…

немесе халықтың сәлемі жетеудің қолымен Үкіметке жете ме?

 

Осы аптада Оңтүстікте дүрбелең. Мерзімді баспасөз бен телеарналарды қарасаң да, әлеуметтік желіге үңілсең де, бәрін де бір тақырып: Оңтүстік Қазақстан облысында ҚР Парламенті Мәжілісінің жеті депутаты жүр. Әрине, «жеті» саны киелі де шығар. Бірақ, сол жетеудің ертеңгі күні не тындырып кететіні жұмбақ болып отыр. Қолдағы бар ақпараттарға қарағанда, қаңтардың 3-нен бастап облыста ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары У.Қайназаров, Ф.Қаратаев, М.Айсина, А.Жаилғанова, Б.Оспанов,  С.Ахметов, Б.Жылқышиев жүр. «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі Фракциясының мүшелері облыстық деңгейдегі басқарма басшыларымен, «нұротандық» әріптестерімен бірігіп аудан, қалаларды аралып жүр. Бұл, әрине, құптарлық іс. Бірақ, осыған дейін де тап осындай іс-сапарлар болғанын, одан шыққан нәтиженің шамалы екенін білеміз. Оңтүстік оңтүстік болғалы кім депутат болып сайланбады? Алды ақсақал болып, ауыл арасындағы ас-ауқатта бата беріп жүр. Олар көпшіліктің «көке» деп алдынан көлбеңдеп шыққанына мәз, бас ұстап төрде отырғанына риза. Кейбіреулерінің баласы дөңге шығамын деп тоңқалаң асып жатыр. Енді біреулерінің баласы әкесінің арқасында бағы жанып, әкімдікке қарай ырғи түсуде.

Әупірімдеп елге қайтқандары билік тізгінін ұстап жүр. Керісінше, сол депутаттыққа ағасының сақалына жармасып жүгіргендер темір торға тоғытылып тынды. «Мен басшы болғанда, мен депутат болғанда» деп көкезуінен түкірігі шашырай мақтанғанын көріп, қарадай жерге кіріп кете жаздағың келеді. Өйткені, «олардың» күні кеше ғана осы облыстың деңгейінде қандай қызмет атқарғаны, не істеп, не қойғаны жұрттың көз алдында әлі күнге дейін көлбеңдеп тұрғанын ұмытып кететіні өкіндіреді. Мейлі… Бұл сөзіміз біріне жағар, біріне жақпас, не дегенде де әңгіменің негізгі мәнісі осы.

Сонымен, Астанадан ат арылтып келген жеті депутат аптаның аяғына дейін осы облыста болады. Халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдап жүр. Рас, қазір оңып тұр деп көзге шұқып көрсететін мәселе көп емес. Қазығұрт ауданына барған депутаттар ондағы кәсіпкерлердің кәсібін дөңгелетуге біршама мәселелер кедергі келтіріп отырғанына көз жеткізді. Соның бірі – газ мәселесі. Көгілдір отын бағасының тарифі тым қымбаттап кеткеніне наразы жұрттың пікірін тыңдады. Қанша дегенмен де Уалихан Қайназаров назары қашан да ел жақта екенін көрсетті. Жергілікті телеарналардың біріне сұхбат берген ол, бұл мәселені Үкіметтің алдында қоятынын жеткізді. Осындайда еске түседі, «елдің баласы» дегеннен шығады ғой, кезінде аудан басқарған, кәсіпкерлікпен тірлігін дөңгелеткен, облыс әкімінің орынбасары болған Сәкен Қаныбековті ел сайлаудан кейін көре алмай жүр. Өзі той-томалаққа келсе келіп, кетсе кетіп жүрген де шығар. Бірақ, көксандыққа шығып, елдің көкейінде жүрген күпті мәселелерді сөз еткенін естіген емеспіз. Не қызметі туралы халықпен бетпе-бет келіп, ойын білдіргенін де байқамаппыз. Бұрынғы депутаттарды ұйықтайды деп сөгуші едік, ұйқысынан оянса да ұйқысырап жүретіндердің тірлігі түсініксіз. Әйтпесе, ел қатарлы өзінің оңтүстігіне келіп, суын ішіп, ауасын жұтқан «төркінінің» хабарын біліп, халықтың алдына шығып, қарасын көрсетпеген соң, оның несі депутат?

«Депутат» дегеннен шығады, құс келгенде, құс кеткенде құбылып тұратын саяси сәуегейлер «ойбай, не дейсің, Атамқұлов кетеді екен, Қаныбеков облыс әкімі болып келгелі жатыр екен» деп біраз даурыққаны кеше еді. Құмалақ шіркін жаңыла береді екен ғой. Қайта бүгінгі ахуалды көріп, «келмегені де дұрыс па еді» деген ойда қалады екенсің.

Әкім болып немесе әкімнің туысы болып депутат болғандардың оңғанын көрген жоқпыз. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған Болат Жылқышиевтің тұсында туған ағасы Нұрлан Жылқышиев Сарыағаш ауданынан Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Сол-ақ екен Ж.Нүсеновке сенім артып отырған сарыағаштықтар шу шығарды. «Болат Жылқышиев туған ағасын депутат етіп жіберді, біз оған дауыс берген жоқпыз. Біздің кандидат Жолдасбек Нүсенов болатын» деп, бірқатар ақсақалдар Астанаға дейін ат арылтты. Аудан түгілі, облыс деңгейіндегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақсызданды. Ақыры әупірімдеп басылғандай болған. Есесіне Сарыағаштың аты республикаға шықты. «Сарыағаштағы әр үйдің «форточкасын» ашсаң, арғы жағынан Астана көрінеді» деген сүйкімсіздеу мақал пайда болды. Болат Жылқышиевтан қалған «естелік» осы болды. Бәлкім, Сәкен Қаныбеков әкім болғанда тап осындай «сюрприздердің» бірі пайда болар ма еді, кім білсін?!

Тақырыпқа қайта оралатын болсақ, жер аралап жүрген жеті депутатқа үміт артып жүргендердің саны аз емес сияқты. Олармен кездесуге халық атқарушы органдардың айтуымен жиналып жатыр ма, әлде өздері қалап барып жатыр ма, ол жағы беймәлім. Бірақ, қолтықтаған пәпкілеріне шағым-өтініштерді пәшкілеп жинап жүрген жетеуден ертең халыққа қандай пайда келеді, олардың қолынан не келеді болмаса үміттері жана ма, ол жағы белгісіз. Десек те, он мәселенің бірін шешсе де, осыған дейінгі «ұйқыбастардан» сәл де болса оқ бойы озып тұрғаны деп түсінейік. Жамандағанда бізге біреу жақсысын әкеп береді дейсіз бе?

А. САТЫБАЛДЫ.