Маңызды

ОСЫ ЖҰРТ ӨТЕБАЙДЫ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?..

Зерттеу тұрғысындағы мақалаларымның бәрінде айтып жүрмін, қазақ тарихының, оның ішінде оңтүстік өлкесі тарихының, сондай-ақ сол тарихты жасаушы айтулы тұлғалардың бейнелері толық ашылмай келеді деп. Әлбетте, мұндай олқылықтарға себеп көп. Себептерді талдай берсек, сөз ұзарады. Сондықтан сөз басын қысқа қайырып, айтпағымызға көшсек, бүгінде ел аузындағы қара әңгімеге арқау болып жүргенімен, шынайы бейнесі зерттеу нысанынан тыс қалған Өтебай Әлібекұлы туралы жазбамызға бірден кіріселік.
Әдетте біз жазатын батырларымыздың ғұмырбаяндарын айтпай тұрып, қазақы дәстүрмен олардың шығу тегіне бір шолу жасап алатынымыз бар. Соған сайсақ, Түгелбайдың түп-тірегі – ұлы жүздің Дулатына жататын Жаныс руынан тарайды. Ауызша айтылатын шежіре дәйектерінше, Жаныстан – Жанту, Жантан, Жарылқамыс. Жантудан – Өтеміс, Байыс, Жайылмыс. Жайылмыстан – Қыбырай, Жанбай, Қожамберді. Осы Қожамбердіден – Құдайберді. Құдайбердінің төрт әйелі болыпты дейді көне әңгіме. Үлкен бәйбішеден Түгелбай, Данай, екінші әйелден Ақтай, Бақыбек, үшінші әйелден Құдайменде, Тоқпан, төртінші әйелден Қарашәуке, Әжібек, Әлібек. Әлібектің бірінші әйелінен Ақбота, Абыл, Шора, екінші әйелінен Өтебай, Төле, Елібай. Мұндағы Төле – үш жүзге аты мәлім айтулы Төле би. Қазақ тарихында осы Төле би жайында көп айтылып, көп жазылғанымен, оның туыстас аға-бауырлары туралы зерттеулер мен жазбалар тым аз. Тіпті жоқ десе де болады. Бұл енді – өткен ғасырлардағы ата-бабаларымыздың белгілілеріне ғана қатты назар аударып, солардың соңынан қуалап, бір ізден шықпай зерттеу жүргізетін, сондай-ақ атақты билер мен батырлардың артында кімдер тіреу болғанына зер сала бермейтін біздің кінәміз. Одан соң зерттеу нысанына айналдырған әлдебір тұлғамыздың өмір сүрген кезеңіндегі уақиғалардың басы-қасында нақты кімдердің болғанына назар аудармайтынымыз да біздің мойнымыздағы үлкен күнә. Әйтпесе, осы күнге дейін Төле бидың қасында әрі ақылшы, әрі оған жан-жақтан тіреу болған, тіпті, сол қиын кезеңдерді күллі қазақтың жанашырына айналған Өтебай абыз туралы толықтай білген болар едік.
Ауыздан-ауызға айтылып келе жатқан қазақы әпсана әңгімелерде, сондай-ақ Т.Әлімбековтың «Қырғыз уруларының шығышы», С.Аттокуровтың «Қырғыздар ХVІІІ қылымда» атты шежірелік еңбектерінде ұлы жүздің би-батырлары мен бай-бағландары арасында Өтебай Әлібекұлы деген кісі хақында көптеген мәліметтер кездеседі. Соған қарамастан, бізде көне шежірелік әңгімелердің айтулы бір кейіпкеріне айналып жүрген осы Өтебай Әлібекұлының нақты тұлғасы мен бейнесінің шын болмысын зерттеп, оның шынайы келбетін кескіндеп жазған кісі болған емес. Әлбетте, тұлғасы уақыт шаңына көміліп, атқарған істері мен қызметттері кейінгілерге тек үзік-үзік аңыз күйінде жеткен қайсыбір тарихы бейнені тірілтіп, бар сипатын ашып көрсету – қазіргі ұрпаққа, сөз жоқ, ауыр соғатыны анық.
Десек те, ауызбен айтылатын аңыз бет хатқа түсіп қалған жазба-мұраларды жіті көңілмен салыстыра қарап, зерде түйсігіндегі таразы өлшеміне салып көрсек, ел есіне сақтап, қара әңгімесіне арқау еткен ондай даралардың тау тұлғасын жұрт арасына қайта тірілтіп әкелуге болатындай-ақ. Осындай өлшем тұрғысынан қарасақ, жоғарыда біз келтірген деректерде аты жиі ұшырасатын Өтебай Әлібекұлының кім болғандығын анықтап шығуға мүмкіндік жолымыздың ашылатынына бек сенімдіміз.
Қара әңгіме мен шежіреге жүйрік қариялардың сөздеріне құлақ түрсек, Өтебай мен Төленің арасы үш жас. Төле хақындағы және ол айтты деген сөздер мен нақылдар ел арасында ұшан-теңіз. Олар жайында аз жазылмады да. Әйтсе де, Төленің саяси қайраткер тұрғысындағы болмыс-кейпі толық ашылды деп айтуымызға әлі ерте. Тіпті ол жайында қанағаттанарлық өлшемде бір де бір көркем шығарма да жазылмады. Даңқы зор Төле биді танып, білуге осындай енжарлық көрсетіп жатсақ, оның ағасы Өтебай туралы әлі еш нәрсе білмейтініміз, ашығын айтсақ, қарапайым жұрт үшін қалыпты нәрсе сияқты көрінеді кейде. Біздің бүгінгі шағын мақаламыз сондай олқылықтардың орнын титтей де болса жаба алса игі.
Өтебай да, Төле де, Елібай да, жалпы Әлібектің балалары және оларға туыс-ағайындары һәм олармен кіндіктес басқа қауымның барлығы Шу бойындағы Кіндіктас тауының етегінде туылған. Көне әңгіме желісінде Әлібек ру биінің дәрежесін ұстағанымен, дәулет-байлығы жайында ештеңе айтылмайды. Есесіне, Өтебай жасы қырыққа жетпей жатып-ақ, мыңды айдаған дәулетке қол жеткізген. Оның қалай байығаны туралы әңгіме тағы жоқ. Бәлкім, пысықтығынан, бәлкім, тосыннан бақ-дәулет қонғандығынан. Бір анығы –әкеден қалған мал жоқ-ты. Тағы бір анығы – оны жұрт «Қазыналы Өтебай бай» атаған. «Қазыналы бай» деп жұрт сараң байды емес, жомарт ауқаттыларды айтқан. Расында, Өтебайдың байлығы со бір қазақ жұрты үшін алмағайып заманда халық игілігіне жаратылған.
Өтебайдың аты 1681-84 жылдар аралығында өткен, бірақ әлі күнге дейін зерттеу нысанынан тыс қалып келе жатқан атақты Сайрам соғысы кезінде елге кеңінен танылған. Бұл соғыс екі жүз жылдық қазақ-қалмақ қақтығысының екінші кезеңінің бастауы болатын. Сонымен қатар қазақтың келешек күндеріндегі ең азапты да зобалаң заманына бастау болған қырғын-тұғын. Иә, айта берсек, сөз ұзарар, Өтебайдың осы соғыста қандай қызмет атқарғанын ол бас кейіпкер болатын «Күнгейдегі қырғын» атты романнан білетін боласыздар. Ол кітапты биыл шығаруды жоспарлап отырмыз әрі онда сол замандағы уақиғалармен қатар со уақытта өмір сүрген бірталай тұлғалардың ерліктері туралы жазылады.
Әлібектің қос ұлы – Өтебай мен Төле бірі байлықпен, бірі билікпен толысып, болысып тұрған шақтарында заман бейбіт емес-ті. Өз шекараларын Жетісудың шетіне әкеп тіреген құба қалмақ күн санап, ай санап, Шу бойындағы қазақтарды шауып отырған. Қалмақ шапқан ауылдарынан олжасыз бас қайтпайды. Ол кезде олар үшін ең үлкен олжа – мал. Тұяқтары тау-таста жүріп, шабуға әбден төселген қазақ жылқыларына қалмақтар қатты қызыққан.
О заманда жылқы қазақ үшін де қат нәрсе. Қазақ ұрпақ амандығы туралы қалай қам жесе, жылқыны сақтауда да солай қам жеген. Тарихтан белгілі, 1718 жылы Жетісудан Қордай арқылы өткен қалмақ шеріктері Алатауды жағалай жүріп, Қаратау мен Түлкібас арасынан сығалып келіп, Сайрам мен Шымкенттің, Бөген мен Шаянның даласындағы қазақтарға күйрете соққы береді де, мол олжа иеленіп, келген іздерімен қайтып кетеді. Шудың орта ағысын мекен еткен Төле қалмақтардың әрекетінің астарын түсінеді де, Өтебай мен өз қарауындағы билердің біразын жиып алып айтады: «Қалмақтар Қаратаудағы елді шабу үшін алдымен бізге тиісіп, ол жаққа тура жазық арқылы бару керек еді. Бірақ олар Қордай арқылы айналма жолмен барып, ондағы қазақтарды шауып қатты. Неге бүйтті деңіздер? Ол алдымен артқы тұсымыздағы бізге тірек болатын жұртымызды әбден күйретіп, әлсіретіп алуды ойлады. Әрі әскерінің әрбіріне қос-қос ат жетектетіп, көп жылқыны олжалап әкетті. Олар енді бізге тура шабады. Енді, осы бастан мал-жанды сақтаудың харекетіне көшейік, көшке ілесуі қиын әрі соғысқа жарамайтын кісілер әзірден ескі қоныс – Қазығұрт пен Ташкент маңына бара берсін. Сен, Өтебай, қарауыңдағы отыз мың жылқының он мыңын осындағы сарбаздарға мініс ретінде қалдыр да, қалғанын сол жақтағы жайлауға апарып жайлат. Алда-жалда қиын-қыстау заман болса, жылқылардың басы түгел тұрғаны жұртқа пайдалы. Ертеңнен бастап көшіңдер!», – депті.
Өтебай бұрыннан соғысқа қатыспайды екен. Сарбаздардың ас-ауқаты мен мінісі үшін керек мал-жылқыларды бағумен, сақтаумен айналысыпты. Өзі тұлпар танитын білгір атбегі де екен. Оның осындай малсақтық қасиетін білетін туыстары Өтебайды жаудан сақтауға барларын салады екен. «Өтебайдың қолында береке бар. Қорасындағы малы арық болмайды», «Өтебайдың көзі түскен бие құлындайды, ысқырығын естіген қой егіз қозылайды», «Өтебай біреуді екеу қылады, екеуді төртеу қылады. Төртеудің үшеуі елді асырайды» деп ол туралы пікір айтқан халық сөзінің астарында оған біткен үлкен қасиеттілік нышанын байқауға болады. Расында, біздің халқымыздың басында тұрған бейбіт заман да соғыстан көз ашпаған сұрапыл жылдарда да, ата-бабаларымыздың күн көріс негізіне, сарбаз қажеттілігіне айналған жылқы малын сақтап, баптау үшін ондай кәсіппен арнайы, білгір жандар айналысқан. Жұрт оны «Қазыналы Өтебай» деп бекер атамаса керек. Ол ел басына күн туғанда «Басқаларың пұл болмасаң, күл болыңдар. Тек өзім мен мал-жаным аман болсын» деп барлық дүние-мүлкін ала қашатын кейбір сараң байларға ұқсамай, өз жылқыларын елім деп еңіреген ерлерге тегін үлестірген.
1723-24 жылдардағы қазақтар үшін «Ақтабан шұбырынды» болған зұлмат шақта барлық төрт түлігін Ташкент маңында аман-сау ұстап тұрған Өтебайдың малдары сонау Шу мен Талас, Қаратау мен Алатау етегінен ауып келген ру-тайпа адамдарына жесе азық, мінсе көлік болыпты. Қазақтарды Ташкент, Бегабадқа дейін бостырып жіберген қалмақтың бір ғаскер басшысы: «Ұлы жүзді билеген Төле сарбаздарын Сырға дейін қуып тастадым. Бірақ қазақтарды асырап отырған «Қазыналы Өтебай» деген байды ұстай алмай, арманда жүрмін», депті деген сөзді кешегі күннің қариялары айтып отыратынын өз құлағымызбен талай естігенбіз.
1731-39 жылдар аралығында Төле би бастаған қазақ қосындары Ташкент шаһарын қалмақтардан үш рет тартып алған. Үш рет қайта берген. Әрине, мұның барлығы жойқын соғыстар арқылы іске асқан. 1740 жылға таман Төле би өз сарбаздарын ертіп қалмақтардың Балқаш бойындағы негізгі күшін талқандау үшін бірігіп жатқан Абылай жасақтарына қосылуға кетеді.
Абылай ниетін сезген Балқашта тұрған қалмақ қосындарының ханы өзіне бағынатын Ташкент билеушісі Мәнжіні көмекке шақырады. Мәнжі қолын бастап Ташкенттен аттанып бара жатқанда, бұрын қазақтармен дос болған, бірақ соңғы уақыттарда қалмақ тайшыларымен тіл табысып, Қаңлы, Дулат, Қоңыраттарға жауыққан қырғыз биі Көкімді өз орнына уақытша шаһар билеушісі етіп, тағайындап кетеді. Қала билігін уақытша қолға алса да, демнің арасында көкірегіне нан пісіп шыға келген Көкім екі-үш күннен соң-ақ жергілікті қазақтарға қырғидай тиеді. Бұған ызаланған Төле бидің ағасы Ақботаның ұлы Бәйтік Көкімге у беріп өлтіреді. Осы оқиғадан кейін қазақ-қырғыз арасы бүлініп, екі ел жетпіс жылға жуық жағаласады.
1750 жылдарға қарай оңтүстік жері, Ташкент маңы қалмақтардан толық тазартылады. Қазаққа ендігі жау қырғыз басқыншылары болады. Аталмыш жаулық туралы қырғыз шежіресі-жазбагерлері біздерге қарағанда көбірек мәліметтер қалдырған. Мақаланың басында айтылған қырғыз жазбагерлерінің еңбектерінде 1740-1785 жылдар ішінде оңтүстік қазақтарының қоныс-мекені, жайылым-өрісі, би-батырлары жөнінде мол мағлұматтар жазылған. С.Аттокуровтың «Қырғыздар ХVІІІ қылымда» атты еңбегінде қазақтың сол заманғы айтулы адамдарымен қатар Өтебай Әлібекұлының аты да бірнеше тұста айтылады.
«…Солты руының батыры Есенқұл Шымкентке жақын жердегі Қазығұрт айналасында отырған қазақтарды шапты. Сол тұста Келес деген өзен бар екен. Келес бойында сондағы қазақтарды мініс аттарды қамтамасыз етіп отыратын, жұрт «Қазыналы Өтебай» деп атайтын байды Есенқұл екі жеті іздеп таппапты. Есенқұл алдымен соны шауып, барымталаймын депті. Өтебай деген тоқсанға таяп қалған шал болса да, ат үстінде әлі жас жігіттей шауып жүре береді екен. Өзі Төле бидің ағасы екен. Есенқұл оны таппағанына қатты өкініпті …Талас басында жатқан Садыр манап та Қазығұртты мекен еткен «Қазынагер Өтебай» деген малы көп байға барымташылар жіберптіі. Олардың да түк тындыра ламағаны былай тұрсын, өздері елге қайтпай ұшты-күйлі жоғалып кетіпті. Сірә, оларды қазақ сарбаздары қолды қылып, өлтіріп тастаса керек…»
Осындай жазбаларға қарағанда Өтебайдың қазақ жасақтарын әркез жылқымен қамтамасыз етіп отырған, малын өзі үшін емес, жұрты үшін бағып, көбейткен, арда, жомарт азамат болғаны байқалады. Соынмен қатар жұрт қажетіне жарайтын малды ұстап отырған оны қарулы жасақтар арнайы қорғайтын болған.
Өтебай қазақылық қадір-қасиетті бойына сіңірген жайсаң, пайымы мен түсінік, парасаты мол жан болғанға да ұқсайды. Төле биге: «Сен халық қамы үшін үнемі аттан түспей жүрсің. Балаларың мен қазан ошағыңа алаңдасаң, үлкен істерді бітіре алмайсың. Сондықтан да, оларды мен бағып, қарайын» дейді екен. Расында Төленің бар балалары жас кездерінде Өтебайдың бауырында өсіпті. Өзінен бұрын қайтыс болған інісі Елібайдың да бес баласын өзі тәрбиелепті.
Өтебай қанша бай болса да, қазақтың көп әйел алатын үрдісін ұстанбапты. Осы жайын сұрай қалғандарға: «Басқа қатын алсам, қолымдағы Төле мен Елібайдың балаларына көз аларта ма деп қорқам. Олар ешкімнің өгейлігін көрмей, алаңсыз өссін» деп жауаптайды екен.
Өтебайдың белінен –Құрбаналы, Қуандық, Қонысбай деген үш бала туылған. Қазір үшеуінен өрбігендер үш ауыл. Кенжесі Қонысбайды өмірге әкелейін деп жатқанда шешесі үш күн босана алмай қиналыпты. Ауыл үстінен өтіп бара жатқан өткінші бір дәруіш мұны естігесін, етектегі бұлақтан бір мес су алып, қиналып жатқан Өтебайдың әйелінің басына құйып жіберіпті. Сол заматта шешесін үш күн қинаған бала шаранадан атып шығыпты. Сонда дәруіш Өтебайға қарап, «Нәрестең жерге қонысты болғай! Сен де, мен де көрмейміз, бірақ осы баладан өрбігендер билікті болмаса да, білікті болады», – депті.
Дәруіштің сөзі расқа айналғандай ма, қалай, Қонысбайдан тараған өрендердің ішінен бұл күндері елге белгілі талай аптал азаматтар мен отызға жуық оқымысты-ғалымдар шықты… Жалпы, Өтебай бейнесі арнайы зерттеуді қажет ететін сом тұлға. Ал бұл мақала сондай зерттеулерге бастама іспеттес алғашқы баспалдақ қана.
Дегенмен қазірдің өзінде Өтебай атаның атын шығаратын басқа да игілікті істер атқарылып жатыр. Атап айтсақ, жуырда Өтебай ұрпағы Ескендірұлы Батырхан деген азамат Ақайдар ауылында айтулы бабасының атымен аталатын мешітті салып бітірді. Жақын күндері осы мешіттің ашылу салтанаты өтпек. Бұл да бір – Өтебай атаның қастерлі атын көкке көтеріп, оның есімін елге танытатын үлкен іс-шараның айқын көрінісі екені даусыз.
Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы, шежіреші,
профессор.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру