РУХЫМЫЗДЫ ТҮЗЕМЕЙ ЖАТЫП, ЛАТЫНҒА КӨШПЕГІМІЗ ҚАЛАЙ?..

 

Қазіргі таңда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған бағыт-бағдарламаларға байланысты еліміздің бар аумағында әртүрлі жиындар өткізіліп жатыр. Ондай жиындардан біздің оңтүстік өлкесі де кенде қалмауда. Бірақ сондай жиындарда сөз сөйлейтін шешендер мақалада айтылған ойларды құптаумен ғана шектеліп, «Бұл мақала дер кезінде шыққан дүние, бұл барша қазақтың мүддесі үшін жазылған шығарма, бәріміз осында айтылған ойларды қолдауымыз керек» деген сарындағы жаттанды пікірлерді қайталаумен өткізіліп жүр. Есесіне, мақалада жазылған бағыт-бағдарламаларды қалай іске асыру қажет, ол үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиіс деген мәселелер көтеріле бермейді. Көтерілсе де, нақты істердің жобалары әлі бекітілмей жатыр.
Бәрінен бұрын мақалада айтылған Қазақстан жұртының латын әрпіне көшу мәселесі аса үлкен тақырыпқа айналып, күн тәртібінде баса айтылуда. Біреулер оған күні бүгін-ақ көшу керек деп өзеуресе, енді біреулер оған бірден өтудің қиын екенін айтып, алдыңғыларға тойтарыс беруде. Дегенмен «толғатқан әйел бала тумай қоймайды» дегендей, базбіреулердің қазіргі екпіні басылмаса, түбі біз осы әріпке көшетін сыңайлымыз. Бірақ оған Елбасының мақаласында айтылған 2025 жылы көше қою да және оны барлық қазақ ә дегенде-ақ меңгере қояды деу де қиын. Өйткені дәл қазір, тіпті он жылдан кейін де өзгере қояды дегенге сену қиын біздің қазақ қоғамында оған кездесетін кедергілер мен әр түрлі себеп-салдарлар көп. Себеп-салдардың ең бастысы – Қазақ елінде тұрып жатқан қазақтардың өздерінің бір тілді, яғни қазақ тілді еместігі. Одан соң Елбасы латын әрпіне көшу керектігін айтқанымен, оған қазақ елінде тұрып жатқан бүкіл ұлттардың бәрі көше ме, әлде өздерінің қалпын бұзбаған қазақтар ғана (өйткені түрі қазақ, жаны бөлек қандастарымыз өте көп) көше ме деген сұрақтың басын ашық қалдырды. Одан соң латын әрпіне қазақ кластарымен қатар орыс кластары да көшіреле ме, бұл жағы да айқынқындалмаған фактор. Егер латын әрпіне көшу тек қазақ тілділерге ғана тиісті болса, сеніммен айтамын, онда бір ұлттық рух төңірегіне әлі топтаса алмай, «қазақтілді», «дүбәрәтілді» болып жүрген жергілікті қазақ, жарылған бөренедей, өз ішінен бұрынғыдан да бетер қақ айырылады. Ал басқа ұлттар бізден тіпті алыстайды.
Өйткені біздің Қазақстан атты мемлекетте басты жұрт болып саналатын – қазақ ұлтының мүддесін көздейтін саясат қалыптаспаған. Қоғам дүбәрә. Осындай дүбәрә қоғамда әліпби ауыстырудың соңы неге апарып соғатынын бүгінгі ұраншылдардың ойламайтыны өкінішті. Қаншама ондаған жылдардан бері қазақ арасындағы жазу қолданысында қалыптасып, бар санамызға кірігіп, ой-өрісімізді шырмап тастаған, небір ұлы жаңалықтар мен ерекше шығармалар жазылған кириллицамен ұлттық болмысымыз бен қалпымызды түзей алмаған біз, латын әліпбиіне көшкенде нағыз қазақ болып шыға келеміз дегенге сенуге бола ма? Латынға көшу үшін біз алдымен Қазақстандағы барша халықты осы елдегі негізгі жұрт – қазақтың маңына, оның мүддесі жолындағы мақсат-мұраттарға топтастырып алуымыз керек. Ондай болмаған жағдайда өз тілінен гөрі өзге тілді құрметтеуге бейімділіктен әлі ажырай қоймаған, жиырма бес жылда тілдік ұстанымда бірізділікке түсе алмаған, жартысы орыстілді, жартысы ағылшынды білуге құмартып, осы бағытқа бет алған, қалғаны қазақ тілінің өзін таза сөйлемейтін, бойларына аралас мәдениет орнығып, жеңіл шоулардың жетегінде кеткен, кеуде-жүректерін рухсыздық орап, мақтаншақтың пен жалған оптимизм жайлаған Алаш баласын одан бетер сауатсыз, одан бетер дүбәра қылуымыз әбден мүмкін.
Әліпби ауыстыру – бүкіл сананы өзгерту деген сөз. Ал біздегі сана батыс елдерінің білімі мен мәдениетіне шырмалған. Ресейге бару үшін кириллді, ары қарайғы батысқа бару үшін мен ағылшын тілін, әрпін білу керек. Ал біз латынға көшкен күннің өзінде еліміздегі үштілділік саясатқа байланысты орыс графикасы мен ағылшын әрпі мен тілін оқыту күн тәртібінен түспейтіні айқын. Орыс, ағылшын кластары жұмыс істейтіні айдан анық. Сонда болашағын батыс білімімен ұштастыруға құштар балалар – тек қазаққа ғана керек, ал шет елдерде қолданыста жоқ латын әрпін не қылсын. Оның үстіне, біздегі бір адамның ұранына басын шұлғып ере кететін, бірақ сол ұранға сәйкес қазақ мүддесі үшін жұмыс жасамайтын, тек бас амандығы мен шексіз дәулетін қорғау үшін сырт көзге алашапқын боп, ел үшін еңбек етіп жүргендей көрінетін, сонымен бірге балаларын орысша мен ағылшынша оқытуға құмар шенеуніктер де, байлар да балаларын латынға оқытар ма екен? Себебі біздің елде ұлттық қасиет, ұлттық намыс, ұлттық мүдде мүлде қалыптаспаған ғой. Енді осындай аралас білімді, аралас мәлениетті елде әліпби өзгерту оңай іс пе, ұлығынан кішігіне дейін жеңіл ақша табудың жолына түсіп, руханияты төмен тартқан жұртқа бұндай өзгеріс оңды ма? Осындай факторлардан кейін біздің латын әрпіне көшейік деген жоспарымыз дұрыс па?
Көріп жүрміз, латын әрпіне көшу мәселесін талқылауға арналған жиындарға тек қазақ тілді қазақтар ғана жиналады. Тек қазақтар ғана өзара айтысады. Ал орыстілді қазақтар мен бөтен ұлттардың бір жерге жиналып, осы мәселені сөз еткенін өз басым көрген емеспін. Бойларында ұлттық қасиеттің бар екенін білдіріп, латынға бүгін-ақ көшуге дайынбыз деп әлгі ұрандатушылар әліпби ауыстыра салсақ, сондай шалақазақтар мен басқа тілділер бір күнде орыс тілінен безіп, қазақы қалыпқа түсе қалатындай көреді. «Латын әрпіне өту арқылы бірте-бірте орыс ықпалынан арыламыз» дейді кейбір көрегендер. Сол көрегендерге сене салайықшы, латынға көшкен күні шекарамыз тарс жабылып, бізге шетелдерден бөтен рухани тұрғыдағы қаймана құндылықтарды жеткізушілердің аяқтарына бірден тұсау салына сала ма? Ресей мен Батыс Еуропадан келіп жатқан жүздеген газет-жорналдар мен кітаптардың саны бірден азая қоя ма? Әр қазақтың үйіндегі теледидардан жерсерігі (спутниктік) антенналары арқылы көрсетіліп жатқан орыс тіліндегі хабарлар мен кинолар тыйыла қала ма? Біз БАҚ төңірегіндегі тәуелсіздіктен де жұрдаймыз. Шеттен келетін, көрсетілетін БАҚ-дары түгілі өз еліміздегі бөтен тілді БАҚ-дары басым. Олардың арасында қазақ мүддесі үшін жұмыс жасап жатқандары да, латын әрпіне көшу мәселесін де сөз қылып жатқандары да шамалы. Сонда біз елдік рухты көтере алмай жатып, тілдік саясатты түземей жатып, латынға неге, не үшін көшпекпіз?! Егер әлдебір елдің ықпалынан әріп арқылы арылатын болсақ, неге біздің елді басқа тілді, басқа әріпті қытай бар тараптан білдірмей экспанциялап жатыр? Ресейдің ашық өктемдігі де кирилге байланысты болып жатыр ма?
Латыншылар екінші бір уәжін компьютермен байланыстырады, яғни «латынды үйренсек, оны пайдалану оңайға түседі» дейді. Компьютер – жаһанданудың ең басты алғышарты. Онсыз қазіргі заманды елестету қиын. Бірақ латын әрпісіз-ақ компьютерден қиналып жатқан қазақты көргенім жоқ. Заман озған сайын жаңа жетістіктерді үйренген соны ұрпақ өзіне керегін латынға көшусіз-ақ үйреніп алған. Одан соң әлемде технология жағынан ең озық елдер – Жапония мен Корея өз иероглифтерімен-ақ компьютерді меңгеріп отыр. Меңгергені былай тұрсын, оған жаңа негіз салуда. Дүниедегі ең қиын тілді қолданатын қытайларда бұл тұрғыда көштен озбаса, ешкімнен қалған жоқ. Осындай мысалдарға қарасақ, латыншылдардың бұл тұрғыдағы уәжі – қасқырдан қашып, інін таба алмай, арыстанға жолыққан түлкінің қылығын көз алдыңа келтіреді. Яғни, олардың мақсаттары -– орыс кирилінен аулақтап, әлемді жайлап бара жатқан ағылшын тілінің аясына өзіңнен-өзің барып кіре салуды тездетіп отырғандай әсер қалдырады.
«Латын әрпіне көшу – бізге ағылшын тез тілін меңгеруге жол ашады» дейді тағы білгіштер. Ал біз сөз етіп отырған мақалада: «Анау пәлен миллион малай, қытайлар ағылшын тілін ерікенінен үйреніп отыр ма» дегендей сөздер айтылады. Бірақ олар ағылшыншаны латын әрпі арқылы үйреніп жатқан жоқ қой. Егер латын ағылшын тілін үйренуге тезірек көмектессе, ойпырмай деймін мен, онда латынға көшкенше, неге тура ағылшын әліпбиіне көше салмаймыз? Қайсысы болса да, бәрібір емес пе, ақыры ешқайсысы өзіміздің төл жазумыз болмаған соң.
Расын мойындасақ, латын мәлесесі, жоғарыда айтқанымдай, еліміздегі басқа ұлттардың талқысына әлі түскен жоқ. Олар бұл сұрақ төңірегінде не уәж айтады, бұл жағы әлі жұмбақ. Оларға кирилмен-ақ қазақ тілін дер кезінде үйретуге іләж бен жол таппаған біз, енді бәрін латынмен қатарымызға тартпақпыз ба? Оған бәрі көнсе де. Арамыздағы тіл, мәдениет, рух жағынан бөтенге бейім ұлтсыздардың да етектен тартары сөзсіз. Жиырма бес жылдан бері не мемлекет, не қоғам тарапынан қазақ тіліне зәрулікті сезбеген сондай рухсыздар латыншыл ұраншылардың бастамасына елп етіп жығыла кетпесі екібастан белгілі. Оларға көпұлтты мемлекетпіз деп асқан мақтанышпен дәріптелетін біздің елде тұратын басқа ұлттар да қосылады. Осылай бола қалса, қазақтан гөрі басқа ұлттың қас-қабағына қарағыш біздің билік қазақтарға: «латынды өздерің-ақ игере беріңдер, басқалар кириллді қолдана берсін» деп отыра берері тағы кәміл. Егер ғайыптан олар да латынды қолдана бастаса, ондайлар орыстан өтіп, жаһандық тіл – ағылшынға бет бұрары дау тудырмас ақиқат. Сонда латын арқылы күллі қазақты қазақтандырамыз деген ниет біржолата желге ұшпақ. Осындай кептердің барлығын ескермей, ұран мен науқанға ергіш « ұлт болашағын нағыз көксеушілердің» «латын әрпін көп кешіктірмей-ақ енгізейік» дегендері – бос сандырақ боп шықпақ.
Әлбетте, тілдік реформаны жақтайтындардың айтар уәждері, бағдарламалары мен келешекке жасаған көреген жоспарлары да мол. Олардың бісмілләсі – «латын әрпі түрік халықтарының басын біріктіреді, бірінің жазғанын екіншісі қиналмай оқып, түсіне береді» деуден басталады. Әйтсе де, олар сол уәждің артында қаншалықты қисын мен пайда бар екенін тәптіштеп бере алмайды. Мысалы, маған бір түрік өз тілінде қай әріппен болса да, бірдеңе жазып берсе, бәрібір түсінбейтініміз кәміл. Көне оғыздық диалектиканы ұстанатын әзірбайжан мен түркмендердің де сөздерін ұға алмаймыз. Олар түгілі іргеде отырған өзбектің де көп сөзін түсіне бермейміз, ал латын тұрмақ, кирилмен жазылған әдебиеттеріндегі сөйлемдерге тіпті тісіміз батпайды. Өйткені әріп бір болғанымен әр ұлттың тілі бөлек қой. Сонда латын біз бен оларды қай тараптан жақындастырмақ? Жақындассақ, бәріміз кирилді қолданған кезде, тіпті, әлі де барлығымыз сол әріпті түсіне алатын қазіргі жағдайда неге біріге алмадық немесе бірікпейміз?
Басқаларды қайдам, мен өзім латынға көшсек, бізге құшақтарын аша салатын, басымызға іс түссе жанымыздан табыла салатын түрік тілдес мемлекеттерді көріп отырғаным жоқ. Әлсін-әлсін шекарамызда бір адамды атып тұратын өзбек ағайындар «латынға көшіпсің» деп, темір шарбақтарын жиып тастамасы анық. Түріктер «бізде жағдай жақсы, көшіп келіңдер» деп айтпасы тағы шындық. Бәрінен бұрын техникалық өркениеттен кенже қалған бұл мемлекеттерден үйренетін түгіміз жоқ. Алда-жалда латын әрпі арқылы бір бірімізді түсінісуге қол жеткізсек, онымыз сауда төңірегіндегі әңгімелер мен істерден әрі аспасы айқын. Сол үшін де түрік елдері арасындағы саяси мүддені бір ортақ қалыпқа келтірмей жатып, әрқайсында қолданылып жүрген әр текті рухани құндылықтарды бір арнаға түсірмей жатып, әліпби арқасында біріге саламыз деу – сәби арманындай ғана балаң ой.
Кейде ойлаймын, біз осы тарихтан еш тәлім алмайтын халықпыз ғой деп. Советтер одағының басшылығы неге 1929 жылы бізді латын әрпіне көшірді деген сұрақтың астарына мән беретін жан бар ма? Онда латын әрпі тек қазақ мектептерінде жүрді де, орыс кластары мен жоғарғы немесе арнаулы оқу орындарында сабақ кирилмен өткізілген. Бірақ латынмен жеткен жетістік болмады. Оның үстіне қазақтарды латынмен оқыту – әлдебір зымиян саясаттың көрінісі-тұғын. Сонда да, ол кезде екі-ақ әріп – кирилл мен латын ғана болды. Латын әрпімен сауаттанған қазақтар ары қарай өмір сүрулері үшін мемлекеттік саясатқа байланысты мәжбүрлі түрде кириллицамен қатар орыс тілін үйренді. Ал бізде қазір сондай саясат, яғни қазақ тілін үйренуге деген мәжбүрлік бар ма? Құдай-ау, бүгінгі Қазақстанда қай тіл жоқ. Бір жерде бөтендерге қазақ тілінен тәлім беретін арнайы мекеме жоқ, есесіне, барлық қалаларда «Бәріміз ағылшынша сөйлейміз!» деген және орысшаны, қытайшаны, корейшені, французшаны, немісшені ақылы түрде үйретеміз деген жарнамалар қаптап ілініп тұрғанда және соларды оқыту кеңінен өріс алып, қазақ-орысымен қатар басқалары да әлгі тілдерді үйрену үшін ақшаларын аямай жұмсап жатқан, барлық жиындар орысша өтетін біздің елде конституцияда жазылған мемлекеттік тілді үйренуге мұқтаждық бар ма? Ертең қазақтар латынға көшкен күні осылардың бәрі өз-өздерінен жойылып кетеді дегенге сенім бар ма? Әлде, латын әрпі қазаққа түсетін тағы бір сынақ , елді сауатсыздандыруға бағытталған тағы бір қадам ба?
Ұраншылдардың тағы бір уәжі – латынды қолдансақ, қазақ тілінің диалектикалық заңдылықтары жақсы сақталады екен. Сөздің жазылуы мен айтылуында онша көп өзгеріс болмайды екен. Сырттан келген термин сөздер оңай қазақшаланады екен. Сонда қалай, кириллицамен мұндай ерекшеліктерді жасауға болмай ма екен? Жоқ әлде, күллі қазақ осы күнге дейін сөздерді өз ана тілінде жөнді жаза алмай немесе тура көрсете алмай жүр ме екен? Кейбіреулер латын әрпінің болашақта қазақтар қолдануы тиіс 28 немесе 26 әріптен тұратын қысқартылған әліпбиін де жасап үлгеріпті. Түсінген адамға ондай әліпбидің 42 әрпі бар кириллицадан еш оңайшылығы жоқ. Себебі онда кейбір әріптердің үсті мен астына қосымша нүктелер, болмаса сызықшалар қойылады, одан қалса, бір әріптерге құйрықша іспеттес белгілер жалғанады. Сонда оңайлатылған әліпби деген осы бола ма? Бұған да мейлі делік. Бірақ қазақтар өздері үшін латынша жазудың әліпбиін жасау үстінде, болмаса, соған дайындық жүргізіп жатыр екен, ал бөгде ұлттар неге бұған дайындалмайды? Орыс кластарында оқитындар «ь», «ы», «ъ», «ю» «ч», «щ» сияқты өз сөздерінде кездесетін әріптерді қалай белгілмек? Осы жағы біздің ұраншылдарды, одан қалды орыстілділерді неге ойландырмайды? Ойландырса, орысша оқығысы келетіндер неге біз секілді әлден қам жасамайды. Әлде біз латынға көшсек, олар да қазақша оқи ма?
Базбіреулер «Біз латынға көшпейміз, ол жазуға қайта ораламыз» деп сәуегейсиді. Қазақ оған қайта оралатындай, латын әрпі ата жазуымыз ба еді? 1929 жылы советтер одағының құйтырқы саясаты ол жазуды бізге мәжбүрлеп және жоғарыда келтіргеніміздей, астарлы саясатпен енгізген. Қара халық пен бұрынғы арабша һәм орысша оқу-жазулармен білім алған дара тұлғалардың арасын алшақтату үшін. Батысша білімді оқымыстылардың қазақтарға арнап жазған жазбаларын қара халыққа оқытпау үшін… Осыдан кейін оған қайта ораламыз деу – әділетті тұжырым ба?
Латынға көшу бағдарламасында мектепте оны қалай енгізудің жоспары да айқындалған жоқ. 2025 жылы ол бірінші кластан бастап оқытыла ма, әлде, барлық класс бірден көше ме? Латынды жақтаушылар бұл сұраққа жұмған ауыздарын аша алмайды. Тіпті, осы бастаманың авторы да бұған лайықты жауап бере алмайтыны аян. Мейлі, бұл мәселе де шешімін табар, бірақ үкімет бүгіннен бастап мектептегі оқу процесін бір із, бір қалыпқа түсіре алмаса. жиырма бес жылдан бері былыққа батқан, әр министр әр түрлі реформалар жасап, оқушылар түгіл, мұғалімдердің де миын айналдырып жіберген қазіргі білім беру үрдісімен ешқандай оқу орны жас өскіндерді 2025 жылдың өзінде де латынға көшіруге дайын болмайды. Дайын болғанда да, оқу орындары шетсіз-шексіз қарбаласты жұмысқа тап болады. Өйткені талай жылдан оқу үрдісі жүріп келе жатқан кирилдің өзімен-ақ мектепті былыққа батырған жөн-жосықсыз бағдарламалар латынға көшкенде де жұртты тұңғиыққа батырған үстіне батыра түседі.
Жарайды, болашақ ұрпақтың қамы үшін латынға көшелік. Оны жақтап, көтеріп жүргендерде шетінен ақылсыз емес. Бірақ бір науқанның басы қылтиса болды, ештененің парқын жете түсінбесе де ұранға еріп, айтаққа қосыла кететін, сонымен бірге көтерген мәселелерін тезірек іске асырғысы келіп, бостан-босқа өрікпитіндердің соңынан ілесе салмауға тиіспіз. Сондықтан да, оған үлкен дайындықпен бару керек. Ақыры 2025 жылы латынға көшетін болсақ, онда оны бірінші класқа арнайы бір-екі пән ретінде енгізуден бастауымыз керек. Сосын кластан класқа пән санын арттыра түскен абзал. Ал мұнымен қатар қазір жаппай оқылытылып жатқан ағылшын, орыс тілдерін қысқарту қажет. Осы үштілік деген пәлекетті азайтпай, болашақ ұрпағымызды жаңа әліпбиге көшіру, оны түпкілікті оқыту мүмкін емес. Одан соңғы басты мәселе – билік пен үкімет елде қазақы рухты, тілді барыншы өрістету қажет. Онсыз латынға көшу – қазақты бұрынғыдан бетер сауатсыздандырып, рухын пәсейту және санасын одан әрмен былғау болып табылады.
Сөйтіп, оған көшерден бұрын біз қазақылық қалпымызды әбден түзеп алуымыз керек. Өйткені жартысына жуығы қазақ, жартысына жуығы дүбәрә, қалғандары мемлекеттік тілге пысқырып та қарамайтын жұрты бар елде, басқа әліпбиге көшуді немесе ұраншылдардың жетегімен оған өте салуды жақтау, сонымен бірге онсыз да мәдениеті мен көзқараз-ұстанымы біркелкі емес, тұрғылықты халқы рухани мүлде жүдеу мемлекетте іске асыру – кешірілмес қылмысқа парапар болмақ. Латын әрпі керек пе, керек емес пе деп, қызылкеңірдек болып өзара айтыса бергенше, одан да үкіметке барша қазақстандықтарды қазақ мүддесіне қарай өмір сүруіне, бой түзеуіне, оның тілін үйренуіне бастамашы болыңдар деп талап қояйық. Осы талап іске асса, латынға көшу қиын емес.
Момбек Әбдәкімұлы,
жазушы.