Бұл өзін дәріптеу ме, әлде пиар ма?

Жаңа оқу жылы да басталды. Жазғы демалысты ойдағыдай өткізген балалар мектепті сағынып та үлгергендей. Ата-ананы абыр-сабыр күйге түсіріп, қажетті дүниелерін жинақтауды да елгезектікпен ертерек бастады. Тамыз айы – базар айы. 2-3, кейбірі 4 перзентін жетектеп саудагерлерді жағалады. Жағалағаны – демек қаржысы бар. Ал, айлығы шайлығынан артылмайтындар әдеттегідей «қамқор» жандардың жолын тосты.

«Мектепке жол» акциясы – дәстүрлі шара. Жыл сайын әлеуметтік жағдайы төмен, жетім, жартылай жетім балалардың тізімін алып, атын атап, түсін түстеп, кейбір жұрт қайырымдылық жасауға кіріседі. Базбірі болса саналы түрде, шын жүректен жанашырлық танытып, сауаптан құр қалғысы келмей ат салысса, енді кей демеушілер бұл шараға қайта-қайта хат жазудың нәтижесінде, амалдың жоғынан қатысады.
Шын мәнінде сауап іс жасырын болғаны дұрыс. Әйтсе де, бүгінде жасаған жақсылығын да «пиарить» ететін мекемелерді, кәсіпкерлерді түсіне алмаймыз. Қолыңнан келген жақсылық — Алланың берген ризығы. Садақа беру мұсылманға сүннет. «Бір қолың бергенін екінші қолың көрмесін» деген мағынада насихат айтатын молдаларымыздың да қамқорлығы арзан пиардың негізіне айналғаны өкінішті.
Біріншіден, осындай әрекет арқылы біз балалардың жанын жаралап жүргенімізді білеміз бе? Онсыз да тағдырынан теперіш көрген жеткіншектеріміз өзін қоғамнан тыс сезініп, өз ортасында өзін кем санап жүреді. Жаралы жүректі «қайырымдылық» әрекетін жамылып жұлмалап жүрген жоқпыз ба?
«Мектепке жол» — қоғамға керек акция. Бірақ, дәл осы форматта емес. Қамқорлыққа зәру балалардың тізімі барлық білім беру бөлімдерінде бар. Ерікті азаматтар мамандармен байланысып, мұқтаж оқушылардың үйлеріне барып, басынан сипап, сый-сияпатын берсе – жеткілікті.
Бірақ, біз олай жасамаймыз. Жұрт көруі керек. Теледидарға түсіріп, бұқаралық ақпарат құралдарына суреттерімен қосып жариялап, қандай керемет іс жасағанымызды жарнамалаймыз.
Өткен жылы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жылдағы үрдіс бойынша еліміздің жер-жерінде «Мектепке жол» қайрымдылық акциясын жүргізді. Игі шара әсем қала Алматыдан бастау алды. Алатау ауданы, Дархан ықшамауданында орналасқан мешітте әлеуметтік аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан 70 балаға қайрымдылық көмек жасалып, толықтай мектепке арналған арнайы киімдер мен сөмкелер үлестірілді», деп Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты жазады да, көзін жәудіретіп балалардың суретін жариялайды.
Былтыр Шымкент қаласының әкімдігі нің фейсбук парақшасында «Бүгін Шымкенттегі дендросаябақта қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қалалық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, білім және тәрбие беру ұйымдарының басшылары, ұстаздар қауымының қатысуымен республикалық «Мектепке жол» акциясы өтті» деп хабарлайды да, қала әкімінің балаларға сый-сияпат тапсырып тұрған сәтінен сурет салады.
Ал, сол кездегі Отырардағы акция туралы хабар «Қазақстан-Шымкент» арнасында «Көпбалалы Зұлпыхаровтар отбасында 8 жан бар. Үйдегі 5 баланың 4-уі мектепке барады. Оларды оқу жылына дайындау үшін қажетті қаражатты ата-ананың қалтасы көтермейді. Өйткені, отағасының тұрақты жұмысы жоқ, ал отанасының жалақысы төмен» деген сөздермен басталады.
Суреттерді жарияламағанды жөн көрдік, өйткені олардың жарияланғаны аз емес.
Айтып өткеніміз жәй мысал үшін, шындап келгенде осындай жағдай бүгінгі таңда барлық құрылымда жүзеге асуда.
Жарнама үшін басқа жұмыс жетеді. Сауап істі сергелдеңге салмағанымыз абзал, ардақты ағайын!
Сәуле ӘБДЕШОВА,
Сайрам ауданы.