Маңызды

ОҢТҮСТІКТІҢ БАС ПОЛИЦЕЙІНЕ БӘРІБІР МЕ? немесе Жанат Сүлейменов Елбасы нұсқауына қарсы ма?

 

Осы мерзімнен сәл ғана бұрын өткен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмысының мәселелеріне арналған кеңесте Президент: «Бірқатар мемлекеттік органдарда «командалық ауыс-түйіске» байланысты басшылық құрамның ауысу деңгейі жоғары екені байқалады» деді. Жалпы бүгінге дейінгі талай-талай жиындарда да командалық әдіс-тәсілмен жұмысқа қатысты мәселе аз көтерілген жоқ. Тіпті, Н.Назарбаев алтыншы шақырылымдағы Парламенттің алғашқы сессиясында: «Қазақстанда шенеуніктердің командалық ауысу тәжірибесіне тоқтады. Бірінші басшының ауысуымен артынан, бізде топ болып ауысатын тәжірибе болғаны рас. Егер былтырғы үш айда 1 722 шенеунік осындай тәсілмен қызмет ауыстырған болса, биыл ол барлығы 90 болды» — деген болатын.

Командалық әдіске сан мәрте тиым болса да, «өз адамын» сүйреп жүретіндер әлі де бар көрінеді. Қарамағындағы қызметкерлері топ-тобымен қылмыстық жауаптылыққа тартылып, қамалып жатса да, «сүттен ақ, судан таза» болып, қызметі көтеріліп кеткен ОҚО Ішкі істер департаментінің басшысы Асқар Оспановтан кейін Оңтүстік полициясы департаментінің тізгінін қолға алған Жанат Сүлейменовтің келуімен жаңа, әрі тың өзгерістерге үміттенгеніміз рас. Әзірге полиция полковнигі Жанат Қуанышұлы жоғары деңгейлі оң көрсеткіштерімен ешкімді қуанта алмай отырғандығы өткір шындықтың көшін бастап тұрғаны рас.
Есесіне өзінің командасын жинақтауға берік бел шешкенін аңғару қиын емес. Оған Отырар аудандық ішкі істер бөліміне Қызылорда облысынан командалық тәсілмен Мұхтар Әбілдаевты алдыртуы дәлел бола алады. Әбілдаевты Шымкентке ғана тартқан жоқ. Бұған дейін Қызылордаға да алдыртқан. Оған дейін Көліктегі ішкі істер департаментінде де бірге қызмет атқарған. Сонымен, өзінің ізінен қалдырмайтын, әсіресе полицияға жұмысқа қабылдау саласын сеніп тапсыратын Мұхтар Шардарбекұлы деген кім болды соншалық? «Неге Сүлейменов Әбілдаевқа құштар, неге сүйрелеп жүр?» деген орынды сұрақтың туындайтыны рас. Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында Әбілдаев секілді тәжірибелі басшы азаматтың табылмауына сол Сүлейменов қандай жүйелі түсінік берер екен? Енді осыған орай біршама мәселелердің қазіргі ахуалын, хал-қадіріміздің жеткенінше шүбәсіз зерделеп көрелік.
Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінде М.Әбілдаевтың кадр басқармасын басқарғанын білеміз. Астанадан Сыр еліне қызметі ауысқан Ж.Сүлейменовке жергілікті полиция қызметіндегілерден кадр қызметін басқаратын маман табылмады дегенге сену қиын әрине. Дұрысы сенімді адамы болмады деу сәл-пәл келетіндей. Оның үстіне бізде, әсіресе, Оңтүстікте полицияға жұмысқа кірудің заңда көзделген ережелерінен тыс «басқалай себептері» жетеді. Басқалай себептерге жұмысқа таныс арқылы және сыйақы беріп кіру жатады. Бізде «ақша беріп жұмысқа кірдім» дегенге емес, «полицияға жұмысқа мені тегін алды» дегенге таң қалады. Соған қарағанда, қалың жұртшылық «ақшасыз полицияға жұмысқа кіру болады» дегенге сенбейді. Арғысын өзіңіз бағамдай беріңіз. Соған қарап, кадр басқармасы басшысы лауазымына өзінің артынан адам ертіп келген департамент басшысының әрекеті осындай күмәнға жетелейді. Әрине, дәл осылай екен деп нақтылаудан аулақпыз. Оқырманның қазір көзі ашық, көкірегі ояу. Нақты өмірдегі көріністі біздің суреттеуімізсіз-ақ түсініп алады. Өйтпесе, Астанадан Әбілдаевты Қызылордаға алдыртуға қандай басқа себеп бар дейсіз?!.
…Сүлейменовтің департамент басшысы, ал Әбілдаевтың кадр басқармасы бастығы лауазымында отырғанда Қызылорда облысы бойынша қанша адам қызметке тұрды және іріктеу заңды болды ма дегенге жауап іздеп, сұрақты зерделеп алуға әбден болады. Қызылордалық әріптестермен жолығып, алдағы уақытта журналистік зерделеу жүргізсек деген ойымыз да жоқ емес. Оны келер күндердің еншісіне қалдырып, әзірге басты тақырыпқа қайта оралайық.
Айтпақшы, осыған дейін Әбілдаевтың Қызылордадан Шымкентке департаменттің кадр басқармасы басшысы лауазымына келетіні айтылған. Ол қауесет негізсіз де емес. Тек бірден тағайындауға реті келмеген болу керек. Алдағы уақытта Отырардан кадр басқармасы басшысы қызметіне жайғасып жатса, таң қалмаңыз. Мұны Қызылордада жүргенде-ақ, Әбілдаевтың өзі бір туысына: «Сүлейменов Шымкентке барды. Жуырда кадр басқармасына барып қаламын» дегенін біз де естігенбіз. Шындығы, бір әділдігі бұл әңгіме ол кісі Отырарға қызметке келгенге дейін болған.
Алдымен Әбілдаев деген кім? Осыған аз-кем тоқталып өтсек. Мұхтар Шардарбекұлының сонау Кеңес дәуірі жылдары Жамбылдың Жаңатасындағы ОБХСС қызметкері болғанын сол жылдарғы қызметтестері Әнуар Байдуллаевтан, Данияр Мұсаевтан шамалы естігенім бар. Ол әңгімелерден Мұхтар Әбілдаевтың белсенділер қатарында емес, жай қатардағы инспектор болғанын, аса көзге түсе қоймағанын аңғарғанмын. Нақты өзімнің таныс болған кезім, ол Оңтүстік-Шығыс Көлік полициясы департаментінде болды. Біз бір басқармада қызмет атқардық. Мұхтар Әбілдаев Өзіндік қауіпсіздік басқармасы басшысы да, мен осы басқарманың аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі лауазымында болдым. Екеуміз де полиция подполковнигі шенінде едік. Алғаш әділ басшы ретінде көрінгісі келген кісінің уақыт өте келе, шынайы бет-бейнесі ашыла түсті. Айтпақшы осы өзіндік қауіпсіздік басқармасына басшы болғанға дейін, ол бірнеше ай сол департаменттің Көші-қон полициясы басқармасы басшысы қызметінде болыпты. Кейін қызметі ауысқанда, артынан өзінің сенімді өкілдері саналатын екі бірдей қызметкер Нұржан Құдабаев пен Алмас Төлегеновты ертіп келгені бар. Ал Алматыдағы көлік полициясы департаментіне Шу қалалық ІІБ бастығы лауазымынан ауысқанын білеміз. Жалпы, басшылық лауазым дегенде Әбілдаевтың салымы бар. Ол жағынан Алла жарылқаған екен. Талай жерде бастық болды. Артынан ере келген екі қызметкер бастықтың жеке тапсырмаларымен көп жүретінін сол кездегі қызметтегілер жоққа шығара қоймас. Сондықтан, үнемі жеке тапсырмада жүретін оларға деген басшының қабағы да оң. Кемшілігіне де кешіріммен қарайды. Олай дейтінім, бірде басқарма басшысының орынбасары Альберт Майоровқа жекелей тапсырма берді.
– Альберт, жедел уәкілдердің қызметтік құжаттарын тексеріп, маған баяндаңыз, — деді.
Артынша-ақ, екі қызметкердің жұмыс көрсеткішіндегі кемшіліктері тізілген баянат Әбілдаевтың қызмет столында жатты. Бірі Данияр Ергебековке қатысты, екіншісі Алмас Төлегеновке қатысты баянат. Біріншісі қылмысты әрекетті жедел әшкере ете білетін білікті қызметкер, бірақ шындық сөз айтамын деп бастыққа жиі жақпай қала беретіні бар-тын. Екіншісі министрліктегі біздің басшылықты әуежайдан жеке көлігімен күтіп алып, шығарып салып жүретін, бастықтың «көзі һәм құлағы» еді. Әбілдаевтың жеке тапсырмаларын бұлжытпай орындайтын Алмасты бастық марапатқа ұсынды да, ылғи қара жұмыста жүретін адал қызметкер Даниярға құжат жинақтап, тәртіптік шара көрілсін деп Астанаға хат жолдады. Мұны естіген Даниярдың ұнжырғасы түсіп, жұмысқа деген ынтасы жоғалды. Ал кемшілігі бола тұрса да, бастыққа «приближенный» болғандығы арқасында ғана Алмас марапатқа ұсынылды. Онысына ыңғайсыздық сезінбейтін ол – «менің кінәм жоқ» дегендей кейіпте жүрді.
Жұмыс болған соң, ұрыс-керіс, айғай-шу да қатар шығып қалып жатады емес пе. Осындай бір отырыста мен:
– Мәке, кемшілік екі бірдей қызметкерден анықталса да, неге біріне марапат, екінсішіне сөгіс – деп сұрақты төтесінен қойдым. Жедел қызметкерлердің жұмысына берілген бағадан мені бейхабар деп ойлаған Мұхтар Әбілдаев: «Сен қайдан білесің оны? Бірінде кемшілік көп, екінішісінде көрсеткіші басым» — деп соқты. Осының алдында ғана осы әділетсіздік жайлы жедел уәкілдердің өздері екі баянатты да маған көрсеткен еді. Соның көшірмесін қолына ұстаттым. Оқып шықты. Сөзбе-сөз бірдей. Кемшілігі де тең. Аздап таң қалып, «разберемся» деп қойды. Есесіне маған шүйлікті. Сарыағаш стансасына басшылық лауазымға барар жолымды бөгеді. Шымкентке тергеу бөлімшесіне басшы болып кеткелі тұрғанымды естіп, жоқ жерден ілік іздеп, тағы да тиым салды. Не керек, мұндай жағдайда бастықпен ары қарайғы қызметте абырой таппаспын деп, басқа қызметке ауысып кеттім.
Айтпақшы Әбілдаев басқарған басқармада тергеуші болып жүргенімде, бастықтың артынан бір материал пәле боп жабысқаны есімде. Қысқаша қайырсақ, ол Шу қалалық полиция бөлімін басқарған уақытта сондағы бір тергеушіге жүк көлігіндегі ұрланған айғақты затты (мәшине толы металл не құрылыс заттары, нақты есімде жоқ) өзінің үйіне апаруға нұсқау береді. Прокуратура тексеру жүргізіп, Әбілдаевтың қызметін асыра пайдаланғанын әшкерелейді. Үстінен құжаттар жинақталып, іс бірде ашылады… бірде қысқарады… Алматыда отырса да, жамбылдықтар Әбілдаевтан жауап алады. Ақырғы бір жауабына мен көмектестім. Оған өзі сұранды. «Мына материал пәле болды, артымнан келеді де тұрады» деген соң, тергеуші сұрақтарын маған беріңіз дедім де, отырып жазып шықтым. Сонда өзінің атынан мен жазып шыққан жауап алу хаттамасын оқып шыққан Әбілдаев: «Жақсы жазыпсың, енді құлағыма тыныштық болатын шығар, — дегені бар. Артынша ісі шындығында басылып, түпкілікті тыншып кетті.
Тағы есте қалған мына бір оқиға да оқырманды қызықтырар деп ойлаймын. Екі қызметкерге қатысты пікірімді жиналыста айтқан күні, кабинетте бір құжаттың көшірмесін жасап отырдым. Кеңсеге Әбілдаев кіріп келген уақытта мен әлгі құжатты неге екені есімде жоқ, папкаға емес, костюмімнің ішкі қалтасына салыппын. Соны байқаған ол менен күдіктеніп, «ана жасырған не қағаз, қане көрсет» деп үрейленгенін байқадым. Құпия дәнемесі жоқ болса да, мен қырсығып не құжат екенін оған сол күйі көрсетпей қойдым. «Сізге еш қатысы жоқ» — дедім. Сол күні кешкісін мен жұмыстан кеткен уақытта, өзіне сенімді жедел уәкілдің біріне тапсырма беріп, басқармада сақталатын қылмыстық іс қозғаудан бас тарту құжаттарының барлығын көлікке артып, әлгі жедел уәкілдің үйіне апарып тастапты. Негізі қызмет орнында сақталуға тиісті «отказной материалдар» еді. Бір құжаттың көшірмесін жасап отырған мені көріп, бұл «менің артымды қазуға ыңғайланды ма» дегені ме, білмеймін, әйтеуір солай жасағанын естіп-білдім. Не керек, өзін әшкере ететін деректерден қорықты білем. Соған қарағанда қорқуға негіз болғаны ғой. Менен аяқ тартып жүргені бір жағы мен үшін дұрыс болды. Көп кешікпей өзім де ауысып кеттім. Ауысуға қажетті барлық құжаттарыма кедергісіз-ақ қол қойып берді. Жұмысқа қабілетті қызметкер ретінде маған оң мінездеме де жазып берді. Менен құтылуға асықты білем.
Мұхтар Шардарбекұлы жайлы білетін аз-кем тұстар осылар. Қанша жерден басшылық қызметте болса да, өзі орысшаға шорқақ. Әрине, орысшаны білмеу қазіргі уақытта әбестік емес. Шымкент пен Жамбылда немесе Қызылордада орыс тілін білмеудің қажеттілігі аса сезіле қоймас. Тіпті қажеттілік те аз болар. Ал енді сол жылдары Алматыда отырған шағында, Астанаға телефон арқылы жауап берген уақытта қатты қиналатыны есімде. Себебі Ішкі істер министрлігінде отырған көп қазағың ана тілін жетік біле бермейтін. Телефон арқылы селектор да орысша өтетін. Сондайда терлеп кететін. Жамбыл облысына Жаманбаев басшы болып келген уақытта, алдына кірген Әбілдаевқа генерал ары қарай бірге қызметтес бола алмайтынын емеурінмен жеткізсе керек. Артынша Алматыдан жаңа қызмет орнын тапқан ол шудағыларға жайған қоштасу дастарханында: «Зимобат будем здес» — дейді. Онысы мен аз уақытқа кетіп барамын, күзге қарай қайта кеп қаламын, осында қыстаймыз дегені екен. Оны жамбылдық әріптестермен отырғанда естіген едім. Араларында нақышына келтіріп, жіңішкелік белгісінсіз, екпінін айнытпай Мұхтардың дауысымен салып беретіндері бар. Мұхтардың өзі Шымкенттің тумасы бола тұра маған және Ергебековке қатыстырып бірде: «Опшы, шымкенттіктерді жұмысқа алмау керек» — дегені бар. Өзін Жамбыл облысында көп қызметте болғанын ерекшелеп, Шымкентте қызметте болмағаныма шүкір деп қоятын. Созақтан-ақ шыққан азаматтың айтқаны осы. Енді Отырарға басшы болып жайғасты. Келесі кезекте облыс орталығына жылжу ойында бар.
Мұхтар Шардарбекұлын қайта көрмедім. Бәлкім одан бергі өткен уақытта ол кісі кемелденіп, тәжірибесі толысып, бұрыңғыдан күшті басшыға айналған да болар. Кім біледі?!. Бірақ, қанша жерден тәжірибелі болса да, департамент басшысы Жанат Сүлейменовтің Әбілдаевты артынан қалдырмай мұрнынан жетектеп жүргені түсініксіз. Сәйкестік дейін десең, келіңкіремейді. Астана қаласында Көлік полициясы департаментін басқарған уақытында Әбілдаевты басқарма басшысы етті. Мейлі, лайықты бағасы болар. Сүлейменов Қызылордаға ауысқан сәтте, артынан Қызылордаға алып барды. Жай ғана емес, кадр басқармасына бастық етіп. Қызылордалық қызметкерлермен қызметке тағайындау жасай берсе болмас па, болады әрине. Бірақ ішкі сырын яки құпиясын айта алмайтын болар?!. Сол үшін де Әбілдаев керек болған болар, кім білсін! Енді Оңтүстік Қазақстан облысына басшы болып келген шағында, Әбілдаевты тағы ертіп келді. Әзірге Отырар ауданына. Негізі кадр басқармасы басшысы лауазымына әкелемін деген уәде болған дейді ұзын құлақ. Оны уақыт көрсетер. Сондай дейміз-ау, командалық тәсілмен жұмыс істеуді доғарыңдар деген Президент пәрмені Сүлейменовке қатысты емес пе екен? Әлде министрлікте оның қолдаушысы бар ма? Министр Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы мырза дәл осы мәселеге шынайы шындықпен не дейді екен?
Шымкентте «Сыбайлас жемқорлық тоқтады, полицияға ақшасыз кіре аласыз, конкурс бәрін анықтайды» — дегенге сіз сенесіз бе? Егер кадр басқармасына Әбілдаевты тағы әкелер болса, таза жұмыс болады дегенге өз басым сенбеймін. Әзірге осы. Сүлейменов пен Әбілдаев қатар жүрген Қызылордадағы қызмет баспалдағына, сондай-ақ Астанадағы бірге қызмет атқарған кездеріне алдағы уақытта бөлек шолу жасайтын боламыз.

Ерлан ҚУАНДЫҚОВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру