Маңызды

ҚҰРТАЕВ – СЕНАТ ДЕПУТАТЫ

енді оның партиялық жұмысына мұрагер кім болмақ?

 

Артта қалған аптаның сәрсенбісінде бүкіл еліміздегі секілді Оңтүстік өңірінде де Сенат депутатын сайлау өткізілді. Онда облыстан  тіркелген Әлімжан Құртаев пен Сейітжаппар Есжановқа барлық деңгейдегі 312 мәслихат депутаттары сайлауға қатысып, таңдаушы ретінде дауыс берді. 82,14 пайыз дауыс жинаған, осы уақытқа дейін ОҚО «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған Әлімжан Сейітжанұлы Құртаев ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды.

 

Дәл осы күні соңғы екі сайлауда Оңтүстіктің атынан Сенатта өкіл болып отырған депутат Қуаныш Айтаханов жергілікті мәслихат депутаттарының алдында Парламентте болған 12 жылына толық есеп берді.

Қазір облыстағы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымындағы үлкен қызмет орны бос тұр. Оған кімнің тағайындалатыны жөнінде көзі қарақты, көкірегі ояу жандардың ойланары хақ. Қазірге екі кандидаттың есімі жұртшылық аузында жүр. Оның бірі – Кентау қаласының бүгінгі әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев болса, екіншісі – Арыс қаласының экс-әкімі, қазіргі ОҚО әкімінің кеңесшісі Сейіт Ертай. Әзірге көптің таңдауында жүрген қос азамат белгілі жандар. Бұған дейін екеуі де аудан мен қала деңгейінде әкімдік қызметті атқаған танымал тұлғалар. Ұсынылған қызметті, партиялық жұмысты олардың қай-қайсысы да өз дәрежесінде басқара алатындығына ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Тағайындаудың нүктесін ОҚО әкімі, партия төрағасы Ж.Түймебаев қояды. Сол кезде болжам нақтылы шындыққа айналады. Әліптің артын бағайық.

 

Қ.ҚАЛИЕВ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру