БІЗ ҚОЛ ҚУСЫРЫП ОТЫРҒАНЫМЫЗ ЖОҚ

Қазір Оңтүстік өңірінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен тікелей қолға алынып жатқан және көзге көрінетін іс – шатқалдар бағдарламасына байланысты болып тұрғандығы баршаға белгілі. Жер – жерлерде елдің ертеңгі игілігі үшін бастау алған шатқалдарға ағаш отырғызу, оны баптау жұмыстары шын мәнінде біршама қарқынды жүргізілуде. Олардың аумағы да, ағаштардың түрлері де әралуан болғанмен, бәрінің мақсаты мен ниеті ортақ. Сарыағаш ауданына жолымыз түскенде біз ауданның басшысы Қайрат Әбдуәлиевті кеңсесінен жолықтыра алмай, оның шатқалдарды көруге кеткендігін естіп, атбасын сол бағытқа қарай бұрдық. Шындығында да, шағын ғана жұмысшы тобының ортасында жүр екен. Келелі кеңес емес, ортақ ой тоғыстыратын мәмілелі әңгімеге кірісіп кетіпті. Шатқал бойында енді ғана бой көтеріп, әлі еңсесін тіктемегенмен, көгеріп тұрған мыңдаған жас өскін көшеттер көкке иек артып келеді. Сарыағашқа сапарымыздың барысында біз өз көзімізбен біраз игі істерді көрдік. Сырттай көңіліміз сүйсінді. Аудан әкімімен осы және өзге де мәселелер төңірегінде пікір алмасып, атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер жөнінде сұхбаттастық.

 

 

 

— Біздің Сарыағаш Оңтүстік өңіріндегі тұрғыны мол, іргелі аудандардың бірі ғана емес, сан алуан саланы қамтыған бірегей өңірлердің санатында. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін шаруашылығы басқаларға қарағанда біршама дамыған, – деп бастады өз айтарының кіріспесін аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиев. — Мен бұған осында басшылыққа келген аз ғана мерзім ішінде толық көз жеткіздім. Менің кеңседе қағаз қарағаннан гөрі, алыс–жақын маңайдағы шаруашылықтарды аралап, жұртпен жүздесіп, елмен етене араласуды қалайтын қызметтік дағдым көп нәрсеге көзімді жеткізді. Айтылған талай мәселелерді өз қолыммен ұстап көргендей болып, оның шешімін табуына жедел түрде бір қайран жасауға тырысамын.

Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып қызметке кіріскенде Жансейіт Түймебаевтың елді елең еткізген бір бастамасы көпшілікке кәдімгідей ой салды. Шатқал деген сөзді ауызекі ұғымнан ары ұғына алмай жүрген жұртшылық жаңа жасалынған бағдарламаның арқасында оның мәніне толыққанды түсінік ала алды. Шатқалдарға алуан түрлі ағаш отырғызып, оны көпшіліктің демалатын орнына айналдыру, әрі табиғатты көркейту, ауаны тазарту мақсатындағы осы жұмыс басқа аймақтардағы секілді Сарыағашта да қолға алыныпты. Ауданның басшысы Қайрат Әбдуәлиев өзі бас болып,  жергілікті мәслихат депутаттары мен орта және шағын кәсіптің өкілдері бұл тың жаңалыққа тосырқай қараған жоқ, қайта оны қолдап, сөзден іске асыруға белсене араласып кетті. Бұл туралы әкім мырза былай дейді:

—Осы бағдарлама шындығында да бұрын үлкен басшылардың қаперіне келмепті. Табиғат аясында күнде жүрген өзіміз де осынау қарапайым мәселеге мән бере қоймаппыз. Қарап отырсаңыз бұл соншалықты бір көп қаражатты, үлкен ауқымдағы іс-қимылды қажет ететін нәрсе емес екен. «Шатқал» бағдарламасына байланысты облыс әкімінің тапсырмасын негізгі бағдар ете отырып, біз де біраз істі қолға алдық. Жергілікті жердегі сая болатын ағаштардан бастап, жеміс ағаштарын отырғызуды жаппай жүргіздік. Мұның үстіне кейбір көшеттер іргеміздегі өзбек ағайындардан келісім-шартпен алдырылды. Олардың бір өзгешелігі суды аз қажет ететіндігі. Отырғызылған көшеттердің 90 пайызы көгеріп шықты. Оның басы-қасында тиісті жауапты мамандар, жұмысшылар іс атқарып жатыр. Көшеттерді суғару барысында біздің ауданның өзгелерден бір ерекшелігі – күннің ыстықтығына байланысты басқалар үш рет суарса, біз бес рет су береміз. Жүйені осы қалыпты қарқынмен жүргізіп, кейбір қиындықтарға мойымай, мәселелерді дер кезінде ырғақты шешіп отырсақ, алдағы екі-үш жылдың көлемінде бүгінгі көшеттеріміз еңсе көтерген, ел демалатын аймаққа айналуы керек.

—Қайреке, осы сіздің мамандығыңыз қателеспесем агроном болар. Сондықтан тәжірибелі маман ретінде сізге бұл сала оншалықты игерілуі қиын жәйттердің қатарына жата қоймас деп ойлаймын, – деп бір сауалдың шетін шығардық. Әкім іркілген жоқ.

—Мен егін шаруашылығының маманымын. Көп жыл сол салада еңбек еттім. Ағаш пен шөптің, кез келген дақылдың тілін білемін десем, ол артық айтпағандығым. Осы бағдарлама аясында атқарып жатқан жұмысымыз өз жемісін беріп, еңбегіміз еш болмаса, біз үшін бұдан артық абырой жоқ. Барлығы болды, толды, бітті деуден аулақпын. Өнбеген он пайыз көшет бар, оның үстіне кейбір көшеттердің жерсінбеуі мүмкін. Сондықтан мұндай шығындардың орнын толтыруды назардан тыс қалдырып отырғанымыз жоқ. Дамыған талай елдер бүгінде жемісін көріп отырған бұл бағдарлама таяу мерзімде біздің де атқарған игілікті істеріміздің қатарынан орын алады деп ойлаймыз.

Қайрат Амангелдіұлы шатқалдарға байланысты жұмыстарды осылайша бір түйіндеп, енді шипалы өңірдің бүгінгі жағдайы, онда алдағы күндері атқарылуға тиісті жоспарлы жұмыстарына қарай  ойысты.

—Сарыағаштың жақын төңіректе атын естімеген адам жоқ шығар. Талайлар дертіне дауа тауып, емін қабылдап біздің елден сауығып шығып, алғысын айтып аттанып жатады. Қазірдің өзінде жиырмадан астам шипажайлар халыққа қызмет көрсетеді. Келушілердің арасында тек Қазақстаннан ғана емес, шет мемлекеттерінен де ем қабылдайтындар аз емес.

—Сарыағаш дегенде осыдан біраз бұрын жұрттың құлағына жеткен кәсіпкерлердің дауы мен шағымы қалай болып жатыр, Қайрат Амангелдіұлы?

—Сондай жағдайдың болғаны рас. Кезінде түсінбестіктен орын алған дау-дамай қазір жөнге келді. Тиісті құжаттар дайындап, оны реттеу, жобалау жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан 30 миллион теңге қаражат бөлінді. Шипажайға кіріп-шығатын жолдарды жөндеу, көгалдандыру, тазалық, абаттандыру және аркаларды қалпына келтіру үшін қолға алынған біршама жұмыстар қазір аяқталды. Ал кейбірі одан әрі жалғастырылуда. Шипажайдағы лас суларды реттеу жағдайына келгенде біраз сауалды мәселелердің орын алып отырғандығын айтпай кеткенім дұрыс болмас. Пайдаланылған лас суларды жинақтайтын орын бұған дейін үш шипажай мен 150 үйге ғана арналған болатын. Енді мынаған назар аударыңыз, қазір курорт аумағында 20 шипажай халыққа қызмет көрсетеді. Оның үстіне үй саны 2 мыңға жетіп қалды. Түбінде бұл мәселе бізге үлкен қиындықтар тудырып, күрделі жағдайға айналады. Сондықтан кеш те болса олқылықты түзету жолында жоба жасалынып, жаңарту, жаңғырту, ұлғайту мақсатында мемлекеттен 1 миллиард 280 миллион теңге көлемінде қаражат сұралмақ. Барлық құжаттар дайындалғаннан кейін біз өз жобамызды Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының және облыс әкімінің алдына қойып, оны жан-жақты қорғап шығуымыз керек. Мәселе оң шешілген жағдайда қазірге дейінгі шипажай, ондағы лас су, кәсіпкерлердің жер учаскесіне байланысты түйіндер түгелдей ретке келтіріледі деп айта аламын. Мұның үстіне қосымша шипажайға кіріп-шығатын жолдарды мемлекет қарауына алу жоспарланып, тиісті жұмыстар атқарылу үстінде,– деп аудан басшысы ешбір мәселені бүкпей, сол қалпында бізге жеткізді.

—Сіздер жанға дәру, тәнге шипа болатын минеральды суларыңыз бола тұра, ауызсуға зәру ауданның қатарынан саналасыздар. Өзге де шешімін таппаған, келер күндерге иек артқан қандай мәселелерді ортаға салар едіңіз?

Біз сауалымызға да нақтылы және тұжырымды жауап қайтарылды.

—Кез келген өңірдің өзіне лайық шешілмеген мәселелері болады. Ол өмірдің заңдылығы, уақыттың талабы. Рас, бізде табиғи ауыз суға тапшылық бар. Негізінен егін шаруашылығымен айналысатын өңірде ағын судың да жетіспеушілігі орын алып отыр. Бұл жасырып-жабатын нәрсе емес. Осы күнге дейін оның нақтылы бір оң шешімін таппай келе жатқаны да шындық. Бұдан басқа мектеп пен балабақшаның жетіспеушілігіне деген сұраныс әлі толық орындалып болған жоқ. Оның үстіне олардың біразы ескірген. Аудан бойынша электр желілерінің әбден тозығы жеткен. Оларды жаңарту керек. Ауданішілік жолдардың 50 пайызы ғана жарамды, қалғандары жөндеуді қажет етеді. Газдандыру да ойдағы көп міндеттер қатарында. Осындай келелі мәселелерді шешу бір күн, бір жылдың еншісіне жатпайтындығы белгілі. Біз де қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Жоспарлар жасалынуда, тиісті орындарға сұраныс берілуде. Халық үшін қажетті қандай да бір мәселе болмасын күн тәртібінен түскен емес. Мұның бәрі де алдағы күндердің еншісіндегі тірлік. Біз сол мақсатты өзіміздің басты ұстанымымыз етіп, оны шешудің барлық мүмкіндіктерін жасау үстіндеміз.

—Ағын су, ауыз су, мектеп, электр желілері, жол төңірегіндегі түйткілдерге қанықтық. Осы сіздердің ауданда бір кездері жекеменшіктің қолына өтіп кеткен су каналдары аз емес секілді. Солардың қазіргі жағдайы қандай, олар диқандарға қай деңгейде қызмет көрсете алады?

Сауалымыз Қайрат Әбдуәлиевті онша көп ойландырған жоқ. Дағдылы қалпымен оны түсіндіруге кірісті.

—Аумалы-төкпелі кезеңде мемлекеттің көп дүниесі жекеге өтіп кетті. Солардың қатарында аудан басшыларының тарапынан да кемшіліктер болды. Олар халықтың мүддесінен гөрі, жекенің мүддесіне көбірек назар салған секілді. Каналдар да сондай көп құрбандардың қатарында. Жекенің иелігіне берілгеннен кейін оған бақылау азаяды, күтімі төмендейді. Кейбіреулерін қайыр мен шөп басып, суды өз деңгейінде бере алмайтындығы тағы бар. Оның үстіне сол каналдың суларының басым бөлігі көршілес мемлекеттен келеді. Бұл жерде де еларалық мәселелер туындайды. Ал оны шешуге канал қожайынының шамасы жетпеуі мүмкін. Сондықтан да, біз оны жан-жақты сараптап, талдай келе мемлекеттің иелегіне қайтаруды дұрыс санадық. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп, қажетті құжаттар түзілуде. Біздің осы ойымыз жүзеге асатын болса, онда ағын су төңірегіндегі ауқымды олқылықтар ретке келіп, диқандардың талай тосқауылды мәселелері өзінің оң шешімін табады деп ойлаймын.

Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев аз ғана жүздесу барысында осылайша біраз мәселелерге байланысты өз ойын ортаға салды, нақтылы пікірін білдірді, түйінді тұжырымын айтты. Ендігі ретте облыс деңгейіндегі тиісті салалық мекемелер бүгінгі алға қойып отырған біршама мәселелердің ертерек шешілуіне, оның халық пайдасына айналуына септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Қ.ҚАЛИЕВ