Маңызды

«БІЗ ҰЙЫҚТАМАЙ, ҚОРҒАСЫННАН ӘРІП ҚҰЙЫП ГАЗЕТ ШЫҒАРҒАНБЫЗ»

Серікбай Сапарұлы – қазақ баспасөзіндегі танымал тұлғалардың қатарында. Еңбек жолының отыз жылдан астамын тек журналистикаға арнаған. Бірнеше кітаптардың авторы. Біз ол кісімен күні кеше байланыс және ақпарат қызметкерлерлерінің салтанатты басқосуы өтіп жатқан кезде жүздесіп, бірнеше сауалымызға тұщымды жауап алған едік.

 

— Серікбай аға, ең әуелі сізді бүгінгі төл мерекеңізбен құттықтаймыз. Қарымды қаламгерлік үлкен жолдан өтіп, талай басылымдарға басщылық жасадыңыз. Соңғы жылдары өзіңізді баспасөздің басшысы ретінде көре алмай жүрміз…

—Рахмет, ортақ мейрам ғой. Мен журналистикадан, жалпы жазу мен қалам ұстаудан әлі қалғаным жоқ. 1976 жылы аудандық газетте басталған шығармашылық жол бүгінге дейін өзіммен бірге. Шынын айтсам, біз егіздің сыңарындаймыз. Шопандықтың таяғын қаламға айырбастап, бала кезде басталған жазуға деген құмарлық қазір қария атанғанда да менен іргесін аулақ салған емес. Ең төменгі қызметтен газеттің басшылығына дейінгі өткен жолдар санамда сарытап сағыныш болып тұр. Аудан мен облысты айтпағанда қазіргі КИМЭП-тің газетінің редакторы болғандығымды көп адамға айта бермейтін едім. Өткен 18 жылдың ішінде тоғыз газеттің бас редакторы қызметін атқардым. Бәрін де жоқтан құрап, ел танитын ғана емес, іздейтін басылымға айналдырдым. Бұл аса бір мақтаныш та емес, бірақ айтпауға тағы болмайтын нәрсе. Өйткені, оның бәрі менің – өмірім. Қазір көрінбейтін себебім, соңғы бес жылдың аясында денсаулық жағдайыма байланысты бар ауыртпалықты көтере алмайтын кезде, саяси өмірге араласып кеттім. Өзім 1999 жылдан бері алғашқы мүшесі болған «Нұр Отан» партиясының «Бәйтерек» бастауыш ұйымын белгілі кәсіпкер Қайрат Рахымұлы Балабиев деген азаматпен ақылдаса отырып құрып, оған мыңға тарта кәсіпкерлерді мүшелікке қабылдап, төраға деген басшылық лауазымды иемденіп келемін. Айтарымды қағазға түсіріп, облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», республикалық «Уақыт» газеттерінде жария етіп, жұрттың назарын аударып, өзімнің бар екендігімді білдіріп қоятын да әдетім бар. Астанадан шығатын «Ел» газетінің үш облыстағы меншікті тілшісімін. Бұдан бөлек, жастайынан тәрбиелеген, журналистикаға баулыған шәкірттерім аз емес. Олар әр басылымда әжептеуір басшылық қызметтерде жүр. Солардың ақылшысы іспетті тірлігіне баға беріп, бағыт сілтеп отыруды да дағдыға айналдырғанмын. Бұдан менің жұмысым ортайып қалған жоқ.

—Бүгінгі журналистиканы өткен күндермен салыстырғанда нені байқадыңыз? Жазбагерлердің ұтқаны мен ұтылғанына қандай баға бересіз?

—Арасы алшақ, аспан мен жердің арасындай. Кейде бүгінгі ұрпақ бізді, біз жас қаламгерлерді түсінбей жатамыз. Өйткені тарих доңғалағы бір орында тұрған жоқ. Заман жаңарып жатыр, бәрі де жаңғыру үстінде. Бұл мені қуантады. Біз бір кездері апта ішінде ауданда үш газет шығарып, таң бозарғанша жұмыс істеп, мақаланың әр жолын қорғасынға құйып қаттап, беттеп газет шығардық. Әр парағын аппаратқа қолмен салып, біртіндеп санап өскен ұрпақтың өкілдеріміз. Бүгінгідей компьютер секілді техника сонау сексенші жылдары өңіміз түгілі түсімізге кірмеген еді. Әзірге бірін-бірі ұтып жатқан ешкім жоқ. Мамандыққа деген құмарлық, іске деген ынтызарлық, жастық қайрат бізге қиындықтарды жеңдірді, ерінбей еңбек етуге тәрбиеледі. Соның өзі қызық еді.

—Қазіргі басылымға, әлеуметтік желілерге, интернет сайттарына қандай көзқарастасыз? Кадрлар, олардың шығармашылық деңгейі туралы пікіріңізді білсек?

—Біз қалам ұстап, редакцияның кеңсесін жағалаған кезде бүкіл Қазақстанда ҚазҰУ-да ғана журналист мамандарын дайындайтын. Қазір олардың санына саусағымыз жетпей қалған секілді. Дәл осы арада сапа жөнінде айтсам, бүгінгі қолына диплом алған жастардың көпшілігі аудитория қабырғасынан шала сауатты болып шығады. Өйткені ондағы дәріс оқитындардың өзі сол шалағайлардың қатарында болған бір кездері. Жанрлық тағылым деген қазір жастардың санасында жоқ. Очерк, репортаж, заметка дегендерді сұрай қалсаң, аспаннан түскендей болады. Олар үшін бәрі мақала. Біз шығармашылық жанрды қолдан құртып алдық. Университеттегі Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеев, Намазәлі Омашев секілді журналистиканың нәрін миына құятын, соның том-том кітабын жазған кадрлар қазір жоқ деуге болады. Міне осының барлығы сауатты журналисті, білікті маманды өмірге дайындап беруде кері әсер етеді. Бұл шындық. Ал әлеуметтік желі секілді техниканың күшімен жүріп жатқан компьютерлік байланыс сол саяз ойды одан әрі таяз етеді. Блогер дегендер қазір хабардың шапшаңдығына, қысқалығына көп назар аударғанмен, сол атты иемденгендердің бәрі бірдей нағыз майталман блогер емес, жәй әлеуметтік желінің жандайшаптары. Неге қаттырек баға айттыңыз десең, олар өз жанынан тосын нәрсе шығармайды, біреулердің желідегі айтқан ой-пікіріне селбесіп ғана күн көреді. Сондықтан оны арзанның сорпасы татымайды деуге болады. Желілердегі әдепсіздік, бейауыз пікірлер, бәдік әңгімелер ешкімге тәрбие бермейді. Оны бағалап, тиым салып жатқан ешкім жоқ. Біз осылайша жас өскіннің тәрбиесін жау болып, қолдан құртып жатырмыз. Әлі есімде, Компартияның кезінде есеп беру жиналысынан жазылған мақалада «Сол мәселе биыл тағы болып қаралды» деген бір сөйлемдегі тағы сөзі буынға бөлініп, толық түрінде екінші қатарға тағы түскен оны ешкім байқамаған. Ертеңіне аупарткомда отырған екінші хатшысымыз Оразкүл Асанғазиева мені шақырып, ұрыстың астына алып, артынша бастауыш партия ұйымның жиналысы болып, маған, кезекші редакторға жазбаша сөгіс беріліп, корректор қызметінен кетті. Сол есіме түссе қазіргі желіде жүрген жел сөздерге қарным ашады. Бұл да бір кездері жөнге түсіп, ретке келер деп ойлаймын. Жалпы газет пен журналдың деңгейін, бағасын төмендетуге болмайды. Интернетке арқа сүйеп, оларды жойып жіберсек, біз өткенімізден айырылып, ертеңімізге қолымыз жетпей қалады.

—Сіздің ойыңызша қазіргі журналистерге жетіспейтін нәрсе не?

—Ең бірінші кәсіптік біліктілік, рухани тазалық, білгір сауаттылық және мәдени ұстамдылық. Қарап отырсам адамға қажетті осы төрт нәрсе төмен деңгейде тұр. Мен жоғарыда кәсіптік біліктілікті, оның себебі мен салдарын айтып кеттім. Рухани тазалық бұл әрбір зиялы жанның өмірлік мұратына айналуы тиіс. Кей басылымдардан дау-дамай, арыз-шағым жөнінде жазылған мақалаларды оқығанда кәдімгідей тітіркеніп қаласың. Журналист арыз иесінің айтпағанын айтып, өз жанынан қосып, үстінен шағым айтылған жанды жатып кеп жамандайды. Оның да өзіне лайық ары мен ұяты, намысы мен кісілігі бар екендігін ескермейді. Адамдардың тағдырымен ойнау жақсылыққа апармайды. Осындай рухини жұтаңдық деңгейіндегі қаламгерді сотқа сүйресе, ол әлгі өзі әбден «батпаққа аунатқан» кейіпкерінің күстенген аяғын сүюге әзір тұрған бейшаралығын көргенде көңілің оған емес, сондай адамдарды тәрибелеген қоғамға найырза болады. Сауаттылық пен адами мәдениет рухани жұтамдықтың тасасында қалса одан өткен сорлылық жоқ. Біз қалтасы тоқ, өзгелердің өмірімен санаспайтын, өз сауатсыздығын, мәдениетсіздігін, қатігездігін түсінбейтін байшікеш тобырдың ішінде өмір сүріп отырмыз. Бұл жетіспеушіліктердің бәрін бірден жоя аламаспыз, бірақ күресуді тоқтатпауымыз қажет. Әйтпесе қазақы тәрбиеміз батыстың рухсыз әдебінің жолына түсіп кетеді. Тапсырыспен қолға қалам алудан аулақ болу керек екендігін де сөз реті келгенде айта кеткім келеді. Жастар мұндай тоғышарлық тәрбиеден іргесін аулақ салғаны жөн.

– Жалпы газет пен журналдың таралымы азайып баа жатқандығын білетін боларсыз. Оның себебі неде? Ретке келтірудің жолдары бар ма?

– Бүгінде басылым көбейді. Әсіресе Оңтүстік өңірі соның көшін бастап келеді. Адамға да, қоғамға да пайда әкелмейтін, атақ пен дақпырт үшін бақай есеппен шығатын газеттер сол көптің үлесіне кері үлес қосып келеді. Кейде біреулерді жамандаған, топтастырылған арыздар жазылған басылымды жұрт оқып жатады. Жалпы шағым керек шығар, мынау қоғамның кемшілігін түсіну үшін. Бірақ ылғи сондай жанрды жариялау адамдарды мезі етеді, рухани ауамызды ластайды, адамдарды теріс тәрбиеге қарай жетелейді. Таралымның азаюы әлеуметтік желілердің өмірімізге дендеп енуіне де байланысты. Жұрт соған көбірек көңіл аударып, газет пен кітап оқуды екінші қатарға сырғытып қойғандығы ащы да болса шындық. Көңілді демдейміз – уақытша құбылыс болса екен деп. Мемлекет тарапынан басылымдарға қамқорлықты тұрақты және жоғары деңгейде жүргізудің өзі оның таралымына, өз оқырманына жетуіне көп септігін тигізеді. Газет шығарудың,  оған қаржы табудың, таратудың қандай азап екендігін мен бір кісідей білемін. Сондықтан дәстүрлі БАҚ-ты жоғалтып алмаудың қолдан келер бар амалын қарастырғанымыз тоқтатпағанымыз жөн.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Алдан САТЫБАЛДЫ

Пікір жоқ

Пікір қалдыру