ГАЗЕТ АРҚЫЛЫ ЖАЛА ЖАБУ НЕГЕ ҚАЖЕТ?!

«Уақыт» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 29.03.2017 жылғы № 08 санында «Сарыағаштағы кәсіподақ қырылысының ақырығы Парламентке де жетті» деген тақырыппен мақала (авторы М. Артықова) жарияланған болатын. Мәжіліс төрағасының назарына жазған М. Артықованың «жанайқайы» ой сүзгісінен өткізілмеген, атүсті жазылған жәйт. Көрсетілген деректердің барлығы да шындықтың ауылынан мүлдем алыс. Оның бұл ісі жаптым жаланың нақ көрінісі.
Даудың басы бұл емес еді. М. Артықованың менің атыма бұлайша кір келтіруі бірінші рет емес. Ол осыдан 7 жыл бұрын мен туралы тиісті органдарға жөн-жосықсыз арызданған болатын. Оның маған таққан кінәсі негізсіз екені сол кезде қадағалаушы орган тарапынан дәлелденген. Аудан прокурорының 2010 жылдың мамырында маған «М.Артықованың алаяқтығы өз дәлелін тапты» деп жауап жолдаған-тын. Бұл туралы құжаттарды сары майдай сақтап отырғаным бекер болмапты. Енді ол әйелдің газет арқылы жала жауып жатқанына жол болсын.
Мен 24 жылға жуық уақыт бойы білім, әлеуметтік салаларда басшылық қызметтерді атқарғанмын. Еңбек жолымда қандай да бір қателіктерге бой алдырып, бет қызаратын тірлікке бармаппын. Басшылардан бірде-бер рет жазбаша немесе ауызша түрде ескерту алған маман емеспін. Сөгіс туралы жақ ашпай ақ қоялық. М. Артықова мені адам баласына жақсылық істемеген дейді. Егер бойымда ол қасиет болмағанда бұл азаматшаның сотталуы мүмкін екенін ол шіркіннің қаперіне де алмағаны қандай өкінішті.
Құрметті демалысыма әрең кетті деп көлгірсиді. Аудандық білім бөліміне үш рет басшы болып, сол жерден зейнеткерлікке шықтым, Бөлімді мен басқарған жылдары ауданның білім саласы барлық көрсеткіштер бойынша жүлделі орындардан түскен жоқ. Республикадағы 100-үздік мектеп атты құрмет тақтасында Сарыағаштағы 10-нан астам мектеп болды. Оқушылардың мемлекеттік грантпен оқуға түсу көрсеткіші мен тест жүйесімен білімді бағалау нәтижесі бойынша да 1 орында болды. Сарыағаштағы білім саласы бойынша жеткен жетістіктері сол кезде басылым беттерінде көзайым жаңалық болып жазылып жатты. Осының барлығын жоққа балап, газет бетін өтірікпен былғау М. Артықоваға не үшін қажет еді?!
Ал енді сіз анықтаған М.Махановты менің білім бөлімінде істейтін шәкірттерім ұстатса мен оны білмедім. Тәртіп бар, әдеп бар, оны қадағалайтын құқық қорғау органдары бар. Оны заң анықтайды, сіз емес!
Мен Б. Қырғызәлиевпен таласып жатқан жоқпын. Тек ол кәсіподақтан шығып жүрген 12 мектептің 30 адамын кәсіподақтар мүшелерінің арнаулы хаттарына сай ұйымдастырдым. Өтініш көшірмесін қоса беріп отырмын. Бүгінде олардың қатары өсуде. Барлығын заң аясында жасаудамын.
Менде «200 га жері бар» деп бөсіпті. Мұндай жер менде болмаған. Кәсіподақ құру ол заңмен қорғалады. Оның 50 % жарнасы мектеп еншісінде, 30 % -ы ұжым материалдық көмекке аса мұқтаж болса беріледі. 15 %-ы облыстық, республикалық кәсіподақ ұйымы үшін жиналады. Ал аудандық кәсіподақ 5 % жарнамен жұмыс істеуде. Мен жалақы алмаймын. 50 жыл еңбекақыға жұмыс жасағанмын. Бірнеше жыл елге қызметті жалақысыз істесем оның несі айып?! Қоғамға қалтқысыз қызмет ету, қолдан келер ісімді көрсету азаматтық міндетім. Атқарып жүрген жұмысымда ешқандай құпия жоқ. Кез келген азаматқа барлық есеп-қисапты көрсетуге дайынмын. Кәсіподақтағы жарна біреудің жеке меншігі емес. Ол оған мүше әрбір қызметкер жалақысының 1 %-ы нан жиналған қаржы. Сіз Б. Қырғызәлиевтің есепші Сәлима деген әйелдің ақша, жолдама таратқанын жаңалық ашқандай жазыпсыз. Неге уағында осы жарналардың жұмсалмай жатқанын сынамадыңыз? Таратудың себебін талдағансыз-ау шамасы. Қай мектеп сізге мектептегі моральдік ахуалын нашар екенін айтты? Әлде сіз сараптама жасадыңыз ба? Қоғамдық ұйымға кіру, немесе одан шығу әр кәсіби маманның өз еркі. Жеке өз қолымен жазған арыздарына сай, өздері шешеді емес пе?
Ел алдында менің арым да, әрекетім де таза. Қалтқысыз көрсеткен қызметімді бағалап, қазір халық мені құрмет тұтады. 2014 жылы «Құрмет» орденін алуым мен депутат болып сайлануым соған дәлел. Яғни, ел-жұрт маған сенім артады. Сол сенімге селкеу түсірмес үшін бұл мәселе бойынша орын алған жәйтті мыңдаған аудиторияның алдында шығып, ашып айтып, өз шындығымды дәлелдей алатынымды жеткізгім келеді.
Сөз соңында М. Артықоваға біздің кеңсеміздің балалар үйінде емес екенін, портал арқылы жеңіп алып, арнайы түзілген келісім шартпен алған аудан есебіндегі ғимаратта екенін айта кетейін. Мекен-жайы: Сарыағаш ауданы, Абай ауылы, Д.Қонаев көшесі № 4 үй. Келіңіз. Күтеміз.

Сапарәлі СЕЛТАНОВ,
Сарыағаш ауданы
бойынша білім, мәдениет және спорт қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы.