Алты Алаштың айтысы

«Түркістан — Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы  аясында Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған Түркі әлемінің «Наурыз» Халықаралық ақындар айтысы 2017 жылдың  25-26 наурыз күндері Түркістан қаласы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында өтті.

 

Айтыстың мақсаты- айтыс өнері арқылы түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты нығайту, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оны әлемге таныту және қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпын кеңінен насихаттау арқылы, Қазыбек би Келдібекұлының өмірін, шығармашылығын сонымен қатар, көнеден келе жатқан дәстүрлі «Наурыз» мерекесін дәріптеу болып табылады.

????????????????????????????????????

Түркі әлемінің «Наурыз» Халықаралық ақындар айтысын ОҚО әкімінің орынбасары Сәдібеков Ұласбек Сәдібекұлы ашып беріп,
айтыскер ақындарға шабыт, сәттіліктер тіледі. Түркия мемлекетінің ақыны  Нури Джихан Караташ  айтысқа арналған арнауын орындады.

Алты алашқа аты мәлім айтыскер ақындар аламанының алғашқы айналымына Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстан Республикасынан 20  ақын қатысып, жыр асығын шиырды.

Бабы мен бағы астасқан сөз сүлейлерінің ішінен суырылып шыққан  Маратов Асылбек (Қырғызстан Республикасы), Назаров Болот (Қырғызстан Республикасы), Тоқтамысова Сара (Астана қаласы), Әуесхан Сырым (Астана қаласы), Қалиев Айбек (Қостанай облысы), Шойбеков Бекарыс (ОҚО), Әнапия Нұрғали (ОҚО), Абзалов Қажымұхан (ОҚО), Наушабеков Жарқынбек (ОҚО), Жаппарқұлова Анар (ОҚО), Байтуов Біржан (ОҚО), Есенқұлов Нұрлан (ОҚО) сынды 12 ақын екінші айналымда елдің бірлігі мен ынтымағы, бауырлас елдер арасындағы берік ымыра мен ауызбіршілік жайында кеңінен жырлай келе, қағытпа әзіл, қиыннан қиыстыра жол тапқан тапқырлықтарымен елдің ықыласына бөленді.

Екі күнге созылған жыр жампоздары айтысында бас жүлдеге Қостанай облысының орамды ойлы ақыны Айбек Қалиев ие болды. Айтыс жеңімпазына арнайы алғыс хат және 3000 000  ақшалай сыйлықтың сертификаты табысталса, бірінші орыннан көрінген Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Жарқынбек
Наушабеков 2 миллион теңге көлеміндегі ақшалай жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар, Қырғызстан Республикасынан келген Асылбек Маратов пен оңтүстікқазақстандық Нұрлан Есенқұлов екінші орынға лайық деп танылып, 1,5 миллион теңгелік бәйгесін алды. Сондай-ақ, қырғыз ақыны Болот Назаров пен арқа жұртының арқалы ақындары Сара Тоқтамысова және Сырым Әуесхан үшінші орынды иемденді. Сұлу сөз шеберлеріне 1  миллион теңге сертификаты және алғыс хаттар берілді.

«Қазыбек би» атындағы арнайы жүлде Анар Жаппарқұлова еншісіне тиесілі болса, «ТҮРКСОЙ» ұйымы атындағы жүлде Түркістанның азулы ақыны Бекарыс Шойбековке бұйырып, шаршы аламандағы айтары айрықша ақындар Біржан Байтуов пен Қажымұқан
Абзалов және Нұрғали Әнапияларға арнайы жүлде 500 мың теңгеден берілді.

Ақындар айтысын — «Парасат» орденінің иегері, «АРА.kz» журналының бас редакторы, белгілі сатирик Көпен Әмірбек жүргізді.

Түркі елдері ақындарының айтыс аламанының төрайымы — Қазақстанның халық ақыны, Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтың және «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова болса,  ТҮРКСОЙ-дағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Асқар  Тұрғанбаев,  Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР еңбегі сіңген қызметкер, «Парасат» орденінің иегері Есенқарақызы Ханбибі, Қырғызстан Республикасы Манасшылар орталығының төрағасы Исаков Рысбай, ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші
Татьяна Бурмистрова, ақын, К.Симонов атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты Бегалыұлы Нармахан,  ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, жазушы-журналист Бахтияр Тайжан қазылар алқасына мүшелік етті.

Айтыстың құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі.

Ұйымдастырушысы — ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы, ОҚО әкімдігі және облыстық мәдениет басқармасы болатын.

 

Дайындаған М.ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ.