Маңызды

ӘЗ-НАУРЫЗ — ТҮРКІ ЖҰРТЫНЫҢ МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕСІ

 

 

 

Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз – күллі парсы және түркі жұрттарының мерейлі мерекесі. Мұсылмандықты, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды бекем ұстанған қазақ халқы бұл күнді ерекше дайындықпен өткізеді. Ақсақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалар ақ дастархан жайып, қонақ күтіп, батасын береді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», – деген тілек-дұғалар айтылатын наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі. Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Асылында мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Алла тағала қасиетті Құранда «Кешірім жолын ұстан» деп бұйырғандықтан, осынау ізгілік мерекеде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады. Расында да, қазіргі кезде жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік ауадай қажет. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз керек. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят) деген. Бірлігінен айырылған елден береке қашады. Ұлы Алла Құран Кәрімде бізді бірлікпен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Аллаһтың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер», — (Әл-Ғимран сүресі, 103-аят). Ал пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа(Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес» дей отырып, біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген. Сондай-ақ, Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді.

 

Мейрамда мейірім мен кешірімді болу

 

Дініміз әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Бұл шын мәнінде, халықтығымызға, елдігімізге ежелден бері өте жақын мәселе десек артық айтқандық емес. Қасиетті Құран Кәрімде былай дейді: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф-199).

Ислам бізден үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады.

Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)мына бір хадисінде: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өтте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7).

 

Тасаддық (тасаттық) «жауын тілеу» амалдары

 

Кейбір жылдары көктем айлары жауын-шашынсыз өтеді. Осындай кезде ел болып жаңбыр тілеу намазын оқиды. Мұны қазақ жұртында «тасаддық» (тасаттық) деп те атайтын болған. Әбу Ханафи мазһабы бойынша жамағатпен жария оқу сүннет емес, жарамды мәндүп іс болып саналады (Имлам Ғылымхалы 177-бет).

Нұх Пайғамбар: «Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені ол — өте жарылқаушы», — деді. «Ол сендерге аспаннан мол-мол жауын жіберді» (Нұх, 71/10-11). Мұса Пайғамбар жайлы: «Сол уақытта Мұса елі үшін су тіледі» (Бақара, 2/60). Жауын жаумаса, намаз бірнеше күн қайталанады.

Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбарымыз жеріне жауын сұрап, Аллаға мінәжат етуге халқын жинап, далаға келе жатады. Сөйтсе, алдынан кішкене бір құмырсқаның аяғынан тік тұрып, екі қолын көкке көтеріп, Жаратқанға дұға тілеп тұрғанын көреді. Құмырсқа болса: «Я, мейірімді Аллаһым! Біз сенің жаратылыстарыңның ішіндегі ең кішкене құмырсқасы боламыз. Адамдардың күнәлары мен қателіктері үшін бізді жазалама, ризығымызды кеспе, жауын бер, бұл нәрден жеріміз көгеріп, бізге ризық беріледі», — деп тілек тілеп тұрғанын естиді. Сонда, Сүлеймен (ғ.с.) барша жануар – жәндіктің тілін ұққандықтан, өз халқына бұрылып: «Кері қайтамыз. Бір құмырсқаның шынайы тілегінің өзі де жеткілікті», — деген екен.

Мұса (ғ.с.) пайғамбарымыздың тұсында Жаратқанның рақымының бір тамшысы жерге түспей, бәрі жиылып, тасаттық беріп, жауын тілейді. Алайда, жаңбыр жаумайды. Мұның себебін сұрай келген халықтан кейін, ол (ғ.с.) «Тұр» тауына шыққанда, оған «Ол жерге Өзім барамын», — дейді Алла тағала. Сөйтіп, халық ұлан – асыр дайындықпен күтіп отырғанда, бір кембағал келіп, нан сұрайды. Халық болса, оның алқам – салқам түрі мен үстіне қарап, қуып шығады. Кешке дейін сарыла күткен халық наразыланып, Мұсаға (ғ.с.) қайырылғанда, жиналған халықтың ниетіне қарай жауынның жіберілмейтінін Алла тағала жеткізеді. Тасаттық беру ниеттес болғандардың шынайы жүрекпен бірге тілектес болуы – маңызды шарт. Жаратқанның мейіріміне жетіп, жауын жаууының септігі де осында. Қыстың қолайлы, көктемнің сәуірлі, жаздың жайдарлы, күздің күреңді болуының да көп себебі – адамдардың ниеті, пейілі, адами қасиеті, Жаратқанға жақындауында.

 

Жаңбыр сұрау дұғасы

 

Ең  алдымен  дәрет  алып,  Алладан  пайдалы  нөсер,  зиянсыз,  қауіпсіз  жаңбыр  тілейміз.   Дұғаның оқылуы: «Аллаһумма  әсқинә  ғайсән  муғиисән  мәрйан  мариъан  нәфиъан  ғайра  дарийн,  ъажилән  ғайра  әжилин». Сонымен қатар, екі ракат жаңбыр сұрау намазы оқылады.

 

Истихара жайында не білесіз?

 

Күн көзі жылып, осы наурыз айынан бастап әрбір пенденің тіршілігін бастайтыны белгілі. Мысалы, егін егу, құрылыс жұмыстары, сондай-ақ, сапарға шығу, үйлену алдында немесе сауда-саттық бастау,т.б. алдын жасалатын амал болып табылады. Сондықтан әрбір істі бастаудан бұрын истихара намазын оқығаны абзал.

Истихара дегеніміз — бір нәрсенің қайырлы болуын тілеу. Шариғаттағы мағынасы, бір іске аяқ баспас бұрын, көңілдегі күдікті сейілту үшін, ең дұрыс таңдауды Алладан намаз оқып немесе арнайы дұға айтып тілеу.

Истихара – ардақты Пайғамбарымыздың үмметіне үнемі кеңес ететін сүннеті. Һәйсәмиде риуаят етілген бір хадисте Алла Елшісі(Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласының шаттығының бірі – Аллаға истихара жасау», — дей отырып, истихараның маңыздылығын көрсетеді(Әл-Һайсәми, Мәжмуғуз Зәуәид «Бәбуль Истихара» – 3669 хадис.).

Бір іске истихара жасайтын адам екі ракәғат нәпіл намаз оқып, сәлем бергеннен кейін истихара дұғасын айтады. Сахих Бухариде келген бір хадисте сахаба Жәбир ибн Абдулла былай дейді: «Алланың Елшісі бізге истихараны Құран сүрелерін үйреткендей үйрететін: «Сендерден әлдекім бір іске ниет білдірсе, парыз намазынан бөлек, екі рәкағат намаз оқысын да мына дұғаны айтсын: «Ей, Раббым! Маған іліміңнен игілік бергейсің. Құдіретіңмен мені қуатты еткейсің. Кең пейіліңмен мені қуанышты еткейсің. Расында менің құш-құдіретім жетпейді. Мен еш нәрсені білмеймін. Ал, Сен барлық нәрсені білесің, барлық нәрсеге күшін жетуші. Әрі Сен ғайыпты да толық көрушісің. Ей Аллаһым! Егер бұл істі (дәл қандай іс болса, сол айтылады, мысалы некелесу т.б) дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында, мен үшін қайырлы десең, оны маған нәсіп ете гөр әрі маған ол істі оңай етіп, мен үшін берекелі ет! Ал, егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында бұл істі мен үшін қайырсыз десең, оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет. Қай жерде болса да, мен үшін жақсылықты нәсіп ет, мені сол жақсылықпен разы ете гөр» (Сахих Бухари — №1166-хадис).

Истихара намазын оқитын кісі фатихадан кейін қалаған бір сүресін оқуына болады. Алайда, ғалымдарымыз бірінші ракәғатта фатихадан кейін «кәфирун сүресін», ал екінші ракәғатта фатихадан кейін «ықылас сүресін» оқуды кеңес етеді.

Сондай-ақ, истихара жасар адамның көңілі бейтарап күйде, яғни жаңағы іске байланысты ешқандай шешімді қабылдамауы тиіс. Себебі, іштей бір шешімге келіп қойған кісіге мәселенің шын мәні жасырын қалуы мүмкін.        Истихара жасағаннан кейін, діттеген ісінің хайырлы екендігі қалай белгілі болады? Истихара жасағаннан кейін діттеген ісі қайырлы болса, жүрегінде сол іске деген сүйіспеншілік, көңіл хошы (бірақ нәпсіқұмарлық басқа) туындайды. Ал, қайырлы болмаса, ол іске деген жүрегінде ешбір қалау туындамайды. Жүрекке ештеңе сезілмеген жағдайда, истихараны жеті рет қайталауға болады. Өйткені, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, Әнәс, егер бір іске ниет етсең, Рабыңа жеті рет истихара жаса. Кейін жүрегіңде туындағанға қара. Күмәнсіз қайыр жүректе!», – дегендігі риуаят етіледі.

Бірақ, бұл хадис истихара нәтижесі шартты түрде жүрекке ғана білінеді деген сөз емес. Алла тағала кейде ол іс қайырлы болса, оған жету жолын жеңілдетіп қояды. Егер қайырсыз болса, одан сізді алыстатып, өзі разы болатын одан да абзалын нәсіп етуі мүмкін. Истихара дұғасында келген «оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет» деген тілектің де астарында осы жатыр.

Истихарада намаз оқымай, тек дұғасын ғана оқуға да болады (Әл-Маусуғатуль фиқһия – 3/242-247 бет).

 

Наурыз бата

 

Дана халқымызда: “Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деп халқымыз текке айтпаған. Осы орайда мына хикаяны айтып өтуді жөн санаймыз.

Әбу Ханифаның атасы Зұта ардақты сахаба Әлимен (р.а) кездесіп, баласы Сәбитке игі тілек тілеуін өтінеді. Сонда ардақты сахаба Әли (р.а)  Жаратқан Алладан оның ұлына жақсылық, құт-бұреке тілеп, дұға етеді. Сол шынайы жасалған дұға қабыл болып, Сәбиттен әлемге мәшһүр Әбу Ханифа атымен аталатын Нұғман есемді дүниеге ұл келеді. Бұл да болса «жақсыдан -шарапат»деген сөздің дәлелі болса керек.

Сондықтан осындай айтулы мереке күндері үлкен кісілерден бата алуға тырысу керек.

 

Наурызда сыйлық беру

 

Екі дүние сардары — Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әрбір амал-әрекеті – адамзат үшін асыл мұра, адастырмас ақиқат жол екендігі даусыз. Ендеше, сүйікті пайғамбарымыз жасаған әрбір амал-әрекетті қайталау – біздерді сауапқа кенелтері сөзсіз.

Сүннеттердің ішіндегі ең нәзігі – сыйлық жасау дәстүрі. Бұл адамдардың арасында достық пен сүйіспеншілікті нығайтады. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көресіңдер», – деген хадис жеткізген (Байһақи).

Бұл сүннетті орындау үшін аса көп қаражат жұмсаудың қажеті шамалы. Кітапша, орамал, тақия, шапан, гүл, қаламсап сияқты қарапайым заттарды шын ықыласпен ата-анаға, әйеліне немесе күйеуіне, аға-ініге сыйға беру олардың көңілін бір марқайтып тастайтыны белгілі. Наурызда кәде-сыйлық жасауды ұмытпайық.

 

Наурызда сәлем беру дәстүрі бар

 

Ата-бабаларымыз: «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді», «Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем – сөз басы» деген насихаттары сәлемберудің маңызын айшықтай түседі.

Сәлем – бұл араб тіліндегі «Ас-Сәләм» сөзі, мағынасы «тыныштық, бейбітшілік, амандық-есендік» дегенді білдіреді

Сәлемдесу – Жаратушы Жаббар Жалғыз Иеміз Алланың үйреткен есендік сөзі. «Ас-Сәләм» – Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең әлсізі – дұғаға әлсіздік еткені (яғни, қажетін Алла тағаладан тілеу ісіне селқос қарағаны). Адамдардың ең сараңы – сәлемге сараңдық еткені» (имам Табарони және Имам Бәйһақи), – десе, Әбу Заррдан (р.а.) жеткен хадисте: «Расулулла (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)маған: «Шариғат оң көрген әрбір іске, тіпті бауырыңды жайдары жүзбен қарсы алудың өзіне немқұрайлы қарама», – деді» (имам Мүслім).

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Көлікте отырған адам – жаяуға, жүріп келе жатқан – отырғанға, азшылық – көпшілікке сәлем береді», – делінген. Мінеки, мұсылмандық сәлемдесу үлгісі – жәй айтылған сөз емес, амандасып тұрған адамға тіршілігінде, әрбір ісінде Алла Тағаладан есендік, амандық, берекет тілеу болып табылады.

Кім бірінші сәлем береді:

— Кіші- үлкенге;

— Өтіп бара жатқан – тұрған адамға;

— Аттылы адам – жаяуға;

— Көліктегі кісі — жаяуға;

— Азшылық – көпшілікке;

— Арада бір үзіліс болса;

— Қабірстанға барғанда;

— Ешкім жоқ үйге кіргенде;

— Аурудың алдына көңіл сұрап барғанда;

— Мешітке кіргенде сәлем беріледі;

— Ұл-қызы ата анасына бірінші болып сәлем береді.

 

Ағаш отырғызудың сауабы мол

 

Халқымыздың тарапынан Наурыз мерекесiнде адамдарға ғана емес, табиғатқа да ерекше қамқорлық жасалып отырған. Ол жөнінде дана халқымыз: “Бір тал кессең, он тал ек”, — деген қанатты сөз қалдырған. Мұны Ислам дiнi ерекше қолдайтын дәстүр деуге болады. Асыл дiнiмiзде табиғатты аялау және оны қамқорлыққа алу жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)былай деген: «Бiр мұсылман бiр ағаш отырғызса немесе бiр нәрсе ексе және одан бiр құс, бiр адам немесе жануар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi» (Бухари  риуаяты).

 

Iшiмдiкке жол берiлмеуi қажет

 

Ұлыстың ұлы күнiнiң өзге ұлттардың жаңа жылынан бiр ерекшелiгi – тән тазалығына ғана емес, жан тазалығына да үлкен мән берiледi. Яғни, наурызда iшiмдiкке жол берiлмеуі керек. Бүгiнде Наурызға қатысты кейбiр жиындарда iшiмдiктерге жол берiлiп жататынын ара-кідік көрініс беріп жатады. Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?»,-деп, бұл жамандық атаулыдан аулақ болуға шақырады (Маида сүресі, 90-91 аяттары.)

Хадистерде: «Әрбір мас етуші (ішімдік) – арақ, барлық арақ түрі – харам» және «Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де – харам», – деп баяндалған (Муслим Ахмед, Әбу Дәуід және Тирмизи). Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)араққа қатысты он нәрсеге лағынет айтты: жасаушыға, жасатушыға, iшкенге, iшкiзгенге, көтергенге, көтерткенге, сатушыға, сатып алушыға, сыйға тартушыға, арақты сатып, ақшасын пайдаланғанға деп келеді. Сондықтан, әз-Наурызда арақ-шарапқа жол берiлмегенi ләзiм.

 

Наурыз көже дінмен үндеседi

 

Қазiргi күндерi Наурыз мерекесiн «жақсы бидғат» деп тануға бола ма деген сыңайдағы сұрақтар жиі кездесiп жатады. Ханафи мазхабының шарттарымен наурыз мерекесiн жақсы бидғат деп тануға толық негiз бар. Себебi, атақты Имам Ағзам құқықтық мектебiндегi үкiм берудiң жетi қайнаркөзiнiң бiрi – «әдет-ғұрып» болып табылады.

Үкiм берудiң «әдет-ғұрып» қағидасы бойынша, ислам жаңадан енген елдiң бұрынғы салт-дәстүрлерi ислам негiздерiне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады, әрi мұсылман құқығының үкiмi ретiнде қарастырылады. Бүгiнгi дәстүрiмiздегi наурыз мерекесiнiң исламға ешқандай ала-бөтендiгi жоқ. Мәселен, наурыз мерекесiнде дайындалатын «наурыз көженiң» ислам мәдениетiндегi «ашура тәттiсiмен» мазмұны бiр.

Нұх (ғ.с.) кемеден қауымымен жерге түскенде дорбаның түбiнде там-тұмдап қалған түрлi дақылдарды қазанға салып пiсiрiп, содан «ашура тәттiсiн» жасаған. Әрбiр жылы мұсылмандар Ашура мерекесi күндерi «ашура тәттiсiн» жасап, бiр-бiрiн қонақ етедi. Қазақтар да наурыз мерекесiнде қыстан қалған дорбаның түбiндегi дән-дақылдан «наурыз көже» дайындап, бiр-бiрiне дәм таттырады. Яғни, қазақтың наурыз көже дайындау дәстүрi Ислам дiнiнiң жоралғыларына негiзделген.

 

Наурызда не істеген жөн?

 

Мерекелердің ішіндегі ең мерейлі күндердің бірі – әз Наурыз мерекесі.Осы күндері мына ережелерге назар аударған артық болмас деген оймен назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мереке күндері:

— ғұсыл құйыну, яғни көшеге тазаланып, дәретпен шығу;

— жақсы және таза киім кию (мүмкіндігі болып жатса жаңа киімдер кию);

— жағымды иіс майлар себу;

— мереке күндері Алла Тағаланы еске алып, дұға – тілек жасау;

— ең бірінші кішкентай бүлдіршіндерге, балаларға сыйлықтар мен ойыншықтар алып беру;

— ата-анамызды, достарымызды мерекемен құттықтап, сый-сияпаттар жасауы;

— мереке күндері араздасушыларды татуластыру;

— айтулы күндері әуелі көршілеріміздің дініне, ұлтына қарамастан мерекемен құттықтау;

— өмірден озған адамдардың үйлеріне барып Құран бағыштау;

— науқастанған бауырымыздың көңілін сұрау;

— тұрып жатқан жерімізге ағаш отырғызып, арық-атыздарды тазалауды естен шығармау;

— жағдайы төмен отбасылар мен мен жетім-жесірлерге қол ұшын созу, көмек беру;

— көпшілікке қайырымдылық негізінде ас беріп, дастархан жаю;

— жасы кіші үлкендерге барып сәлем бергені абзал;

— сауапты істермен айналысу, т.б.

Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла тағаланың рахымына бөлейтін амалдар, иншааллаһ.

Алла тағала елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, елімізді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен ынтымақты болуын нәсіп етсін. Ұлыс оң болсын, ағайын!

 

Мұхамеджан Естеміров,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасмының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамының орынбасары, магистр.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру