Маңызды

ТҮРКІТІЛДЕСТЕР ТҮРКІСТАНДА КЕЗДЕСТІ

 

Кеше Оңтүстік Қазақстан облысында «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» атты іс-шарасының салтанатты ашылуы мен Наурыз мерекесіне арналған Түркі әлемінің «Наурызнама» шарасы өтті.

 

Түркі елдерінің тағдырын тоғыстырған киелі Түркістан төріндегі дүбірлі шараға 23 мемлекеттен келген Түркітілдес 25 ұлттан тұратын 300-ге тарта шетелдік қонақтар, халықаралық ұйым өкілдері, қазақстандық зиялы қауым және өнер тұлғалары, бұқаралық ақпарат құралдары мен оңтүстікқазақстандық тұрғындар, яғни, жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысты. Олардың ішінде, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен «ТҮРКСОЙ» Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтер сынды әр елдің жоғары лауазымды ресми өкілдері бар.

Іс-шараның салтанатты ашылуында сөз бастаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев барша жұртшылықты Түркістанды Түркі әлемінің мәдени астанасы жылы атануымен құттықтап, осы абыройлы міндетті бірлесе өткізуге шақырды.

Мұнан соң, осынау тарихи шара барысында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының «Баспасөз сыйлығы» шетелдік және қазақстандық 15 үздік журналистке тапсырылып, мереке жалғасы әлемдік деңгейдегі концерттік бағдарламаға ұласты. Онда 500-ге жуық биші күн мен түн, жұлдыздар бейнесінде «Күн мен Түннің теңелуі және Табиғаттың оянуы» театрландырылған сазды-хореографиялық қойылымын көрсетті. Сондай-ақ, Түркітілдес халықтарға ортақ ұлы тұлғалар — Арыстан баб, Яссауи, Әл-Фараби, Қорқыт ата образдарындағы көрініс сахналанса, Қазақ хандары киелі шаңырақты көтеріп, ондағы уықтарды өңіріміздегі 20 этномәдени орталықтың өкілдері ұстауымен бейбіт еліміздегі тұрақтылық пен татулықты паш етті.

Концерттік бағдарлама барысында «Сүйінші. Шашу» көрінісі қойылды. Онда Ұлттық киімдегі аттылы жаршылар «Наурыз» келгені  жөнінде сүйінші сұрап, шашу шашты. Алаңда Түркітілдес мемлекеттерге арналған 6 киіз үй көтеріліп, Түркітілдес мемлекеттердің «Наурыз» керуені келді. Керуенде 18 түйе, 30  ат, 4 арба және Түркітілдес мемлекеттерден келген 300-ге жуық мәдениет майталмандары өнер көрсетті.

Салтанатты жиында Түркітілдес мемлекеттердің әлем халқын бірлікке, достыққа, бейбітшілікке шақыруға арнаған Үндеуі қабылданды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру