Маңызды

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ САЙЛАУШЫЛАР АРАСЫНДА

Былтыр Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткен болатын. 20 нау-рызда өткізілген бұл сайлау бойынша депутаттыққа үміткерлер халық арасындағы үгіт-насихат жұмыстарын 24 ақпаннан бастаған еді. Ол күн облыстық мәслихаттың депутаты Оспанәлиева Рәшкүл ханымның жадында қалып қойған. Себебі, дәл сол күннен бастап ол өз округіндегі тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, нақты міндеттерді алға қойған болатын. Арнайы бағдарлама түзіп, оның орындалуына ықпал ететіні жайында жұртқа уәде берген болатын. Содан бері тұп тура он екі ай өтті. Ол мәселелердің көпшілігі бүгінде өз шешімін тапты. Солардың басын бір қайырып, тұрғындармен өзге де мәселелерді ортаға салатын кез келді. 25 ақпанда халық қалаулысы Рәшкүл Оспанәлиеваның бастамасымен Шымкенттегі Алпамыс батыр атындағы №40 мектепте өткізілген басқосудың мәні де осы еді.

Аталмыш жиынға округтегі атап айтсақ, «Ұлағат», «Цементшілер», №11, 12, 13 шағынауданы мен Сайрам, Н.Төреқұлов, А.Әлімбетов, Жібек жолы, Тәуке хан және тағы басқа көшелерінің белсенді тұрғындары қатысты. Сонымен қатар, осы аумақтар бойынша Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Ермек Дәрменов пен Евгений Хван да арнайы шақырылды. Себебі, Рәшкүл ханымның осы депутаттармен бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай жұмыс жасауының арқасында округтағы көптеген тірліктер тындырылған екен. Жиынды жүргізген Рәшкүл Жәлелқызы алғысөзін былай деп бастады:
– Өткен жылы өздеріңізбен жүздесіп, сайлауалды бағдарламамды таныстырғанымда Сіздер көптеген проблемаларды көтердіңіздер. Маған үлкен сенім арттыңыздар. Сіздердің айтқан ұсыныстарыңыз, сұраған көмектеріңіз бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Олар, Ғ.Иляев, Қарбышев, Арычная көшелерінің жөнделуі, оқушылардың мектепке баруын ыңғайлы ету үшін аяқжолдардың салынуы, ана мен бала құқын қорғау бағытында бірқатар әйелдердің тиісті медициналық көмекке қол жеткізуі, 12 шағынаудан мен А.Әлімбетов көшесіндегі 11 көп қабатты үйдің жарықтандырылуы, «Цементшілер» шағынауданындағы бірқатар үйлердің аулаларында ойын алаңшаларының ашылуы және т.б. Атқарылған жұмыстар бойынша Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов пен Еңбекші ауданының әкімі Ғ. Ильясовтың еңбегі зор екенін бөле-жара айтқым келеді. Әлі де орындалуы тиіс жұмыстар көп. Олардың барлығы да рет-ретімен шешілетін болады, — дей келе, өз ойын Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауымен сабақтады.
– Жолдауға зер салып, әрбір басымдықты ой безбеніне түсіретін болсақ, келешекте елімізде өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамитынына көз жеткіземіз. Сонымен қатар, орталығы үшінші мегаполис атанғалы отырған облысымызда құрылыстың қарқын алатынын да түсінеміз. Барлықтарыңыз ұл мен қыз тәрбиелеудесіздер. Сондықтан да балаларыңызды осы саланың маманы болуға баулысаңыздар нұр үстіне нұр болар еді. Бұдан бөлек, Елбасымыз еңбек өнімділігін арттыру үшін осы бағыттағы жұмыстардың барлығына жаңа технологиялар енгізілетінін айтты. Ал ағылшын тілін білмесеңіз ол технологияның артық пернесін баса алмайсыз. Бұл үшін өскелең ұрпаққа өз тілімізді қадірлеп, ағылшын тілін меңгеруді міндеттегеніміз абзал. «Жеті жұрттың тілін біл, өз тіліңде өмір сүр» деп бекер айтылмаған. Бәрімізге мәлім Жолдауда осы жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы мен бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі де 20 пайызға артқалы отыр. Бұдан бөлек, баспанасы жоқ азаматтар үшін «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының іске асатыны да айтылды. Осы бағдарлама аясында алдағы 15 жыл ішінде 1,5 миллион адам тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Сіздердің осы бастамалардың игілігін көрулеріңізге шын тілектестігімді білдіргім келеді, – деді.
Сонымен қатар Ермек Аманжолұлы да Жолдау жайында:
– Президентіміз бұл Жолдауда «Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет» деп баса көрсетті. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық расымен де үлкен дерт. Біз тәрбиелеп отырған өскелең ұрпақ осы дерттің құрбаны болмауы керек. Оны қазірден бастап алдын алу қажет. Әрбіріміз балаларымызға бөтеннің затын алмауын, бөгде үйге рұқсатсыз кірмеуін, өзгенің қалтасына қол сұғуға болмайтынын әлден құлағына құйып, санасына сіңдіріп отырудан жалықпауымыз қажет. Бұл сыбайластықты жоюдың ең бастапқы кілті, – деп, сақтыққа шақырар сөз сөйледі. Сонымен қатар ол:
– Сіздер көтерген мәселенің көпшілігі орындалды. Бізге сенім артып қаншама проблемаларды алға тартқандарыңыз үшін рахмет. Өйткені соның арқасында біздер қолымыздан іс келетінін дәлелдедік. Бүгінгі жарқын жүздесуіміз соның нақты көрінісі,- деді.
Өз кезегінде тұрғындар өзге де бұйымтайларын білдіріп, олардың орындалуын үлкен сеніммен күтетіндерін айтты. Атап айтсақ, «Ұлағат» шағынауданындағы Сәрсенбаев, Нұр, Алаш, Майбұлақ және тағы басқа көшелерді асфальттау, жарықтандыру, «Цементшілер» шағынауданындағы бірнеше үйлердің аулаларын абаттандыру, қоғамдық көліктерге жаңа бағыттар қосу, Жаңашек каналын бетондау. Ал, А.Әлімбетов көшесіндегі тұрғындар атынан сөз алған С. Мукадаева:
– Біздің көшедегі 11 көп қабатты үй аулалары көп жылдан бері жарықсыз еді. Осы мәселені қалалық мәслихат депутаты Е.Хван мен облыстық мәслихаттың депутаты Р.Оспанәлиеваға өткен жылы базына етіп жеткізгенбіз. Биыл ауламыз жарықтандырылды. Бұл кісілерге дән ризамыз, – деп лебізін білдірді. Ал тұрмыстық коммуналдық мәселелер бойынша көкейлерінде жүрген сұрақтарға Ермек Аманжолұлынан қанағаттанарлықтай жауап алған тұрғындар олар жұмысына сәттілік тіледі.
Бірқатар депутаттардың көп ретте халықтан бұқпантайлап жүретінін көпшілігіміз жақсы білеміз. Ал ондай «қасиеттен» мүлдем ада Р.Оспанәлиева, Е.Дәрменов пен Е.Хванның халық ортасынан табылып жатқаны өзгелерге үлгі боларлықтай тірлік емес пе?!

С.ӘЛДІБЕК.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру