Маңызды

«Менің өмірлік ұстанымым — шындық»

Қалам мен қағазды серік еткен маман иесін яғни, журналистерді былайғы жұрт қоғамдық ойдың көшбасшысы деп қабылдайтыны сөзсіз. Иә, «Төртінші билік» иелерінің қоғамдағы рөлі де өзгеше. Жұрт «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп құрмет тұтатын оларды жақсылыққа жақ болып, жамандыққа қас болатын, әділдіктің туын көтеретін және сол жолда ұшқыр ойы, киелі қаламымен қасқайып тұратын белсенді топқа қосып, оны өзінше қадір тұтады. Осындай ізгіліктің иесі болу кез келгенге бұйыра бермейді. Ол үшін болған жәйтті, көрген құбылысты, түйген ойды қағазға түсірерде сөздерді шебер жымдастырып, жүйелі жаза білетін талап керек. Сондай қабілетті меңгере білген журналистер көп-ақ. Солардың бірі шымбайға қанша батса да, шындықты айтатын, өтірікке жаны қас, жамандыққа төзбейтін, жақсылыққа ағынан жарылып қуанатын белгілі журналист Әсет Әссанди десек дәл үстінен түсеміз. Жуырда ол кісімен емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті. Өңірде болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде жеткізуде уақытпен санаспай жұмыс істейтін Әсекеңмен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Әсет аға, сіз фейсбук әлеуметтік желісінің белсенді қолданушыларының бірісіз. Осы арқылы жергілікті жердегі жаңалықтарды жариялап, өзектілігі жоғары проблемаларды көтеріп, халықпен бірлігі жарасқан байланыс орнатып отырсыз. Көптеген оқырмандарыңызды өзіңіздің өмір жолыңыздағы еңбек өтіліңіз қызықтырады… Осы жайлы кеңірек айтып өтсеңіз.
— Бәріміз де ауыл баласымыз. Туып-өскен жеріміз де, кіндік қанымыздың тамған жері де – ауыл. Біз еңбекке ерте араластық. Әкеден жастайымнан қалып кеткендіктен, үйдің барлық жұмысы маған жүктелді. Біз үйде он шақты ірі қара мал мен 200-ден астам тауық ұстайтынбыз. Таңның атысы, күннің батысы қолым бір босамайтын балалық шақтың перзентімін. Ауыл тауқыметі ауыр ғой! Өсе келе комсомолдың арқасында Ресей Федерациясы Калинин облысындағы Селигер көліндегі Городомля аралында үлкен құрылыста алғаш еңбек кітапшамды аштым. Бұл студент кездерімдегі еңбекке араласудың алды болатын. Кейіннен Мәскеудегі Шығыс халықтары өнерлерінің мемлекеттік мұражайында біраз уақыт жұмыс істеп жүрдім. Оқудан соң елге оралып, өз ауылымдағы мектепке неміс тілі пәнінің мұғалімі болып орналастым. Өзімді түлеп ұшырған ұстаздарыммен қатарласып, иық тіресе жұмыс істеуден асқан бақ жоқ қой! Туған мектебіме жұмысқа орналасқаным сол еді, бастауыш комсомол комитетінің хатшысы етіп сайлады. Ұстаздық еткен үш жылымнан соң мәдениет саласына ауыстым. «Қажымұқан» совхозы мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі бола жүріп, аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі болып шыға келдім. Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан журналистика саласына ауысып, содан бері осы саладамын.


Сіз көтетер мәселелердің қоғамдық маңызы өте зор. Көп журналистер шымбайға батар шындықты айта бермейтінін жасырып-жауып қайтеміз… Өзіңіз бұғып қалатындардың қатарынан емессіз. Ащы шындық барлығына жаға бермейтіні белгілі. Әсіресе, билік тұтқасын ұстап отырған азаматтарға. Турасын айтамын деп туғанына жақпай қалатын кездерді жиі бастан өткересіз бе?
– Туралықты, шындықты, ақиқатты айту қажеттігін буыным қатпаған бала кезімнен бойыма әбден сіңіріп өскен азаматпын. Бұл қасиеттерді санама енгізген өз әкем болатын. Мені алдына отырғызып алып, көптеген ғибратқа толы әңгімелерін ерінбей айтып отыратын. Мен әкеме өте қатты сенетінмін және арқа сүйейтінмін. Алланың пәрменімен ғұмыры қысқа болды, кетіп бара жатқан қоштасу сәті арада қырық жылға жуық уақыт әлі көз алдымда…
Электронды БАҚ ырғақты дамып жатқан мына уақытта сайт ашуды неге қолға алмайсыз? Оған Сіздің біліміңіз де, біліктілігіңіз де әбден жетеді. Оның үстіне фейсбук парақшасында жазған жазбалар біраз уақыт өткен соң жоғалып кетеді. Оның бір кемшілігі осы. Ақпаратты таратуда сайттың артықшылықтары көп қой…
—Ақпарат көздерінің қай-қайсысының да өз ерекшеліктері бар. Менің пайымдауымша, бірі екіншісінен артық-кем деп айту әбестік болар. Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбалар еш жаққа жоғалып кетпейді. Олар тек қана алыстай бастайды, шын өмірдегі болып кеткен оқиғалар сияқты. Бар мәселе – оларды қайта тауып алу тәсілінде. Мен ол тәсілдерді әбден меңгерген адаммын. Сондықтан, мен үшін бұрынғы жазбаларымның қажеттілерін іздестіріп табу қиын емес. Ал, электронды БАҚ туралы айтсақ, кім айтты сізге мен сайт ашуды қолға алмай жүр деп? Бүгінгі таңда мен бір емес, үш сайт ашып отырмын. Алла жазса, алдағы айдың ішінде олар толыққанды жұмыс істей бастайды.
Фейсбук парақшасы арқылы көтерген мақалаларыңыздың кей орамдары қоғамдық пікір туғызып жатқан жайы бар. Соның бірі – елімізге белгілі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет ететін журналистердің елдігіміздің нышаны – Мемлекеттік Әнұранымызға құрметсіздік танытуын айтқаныңыз болды. Оған негіз болатын нақты дәлелдерді де алға тарттыңыз. Бұл тек Сіздің емес, біздің де намысымызға тигенінен жақсы хабардарсыз. Осыдан көптеген жанның көңіліне түскен қаяуды түзетуде тиісті сала мамандарының әрекеттері қандай болды? Ол Сіздің көңіліңізден шықты ма?
—Сіз Марина Низовкина мен Ирина Абрамованың ерсі қылықтарын меңзеп отырған боларсыз? Біз көпшілік назарына ұсынған суреттер мен бейнетүсірілімнен олардың елімізге, Мемлекеттік Әнұранымызға деген «құрметінің» деңгейі көзге бірден-ақ ұрады. Өкініштісі, арамыздағы бұндай «әріптестеріміз» мемлекеттік билікте жүрген базбіреулердің астыртын қолдауларының арқасында өз қылықтарын дұрыс емес деп мойындағысы жоқ. Керісінше, Низовкина алдымен «омыртқам ауырып тұрғаннан соң қолымды көтеруге шамам келмеді» деп жалтарды. Омыртқасы қол көтертпей тұрған Марина артынша-ақ үлкен микрофонын қолына ұстаған күйі әрі-бері шапқылап жүргенін көзіміз көрді. Кейіннен ол тіптен: «Әріптесіміз екеуміз де Ресей Федерациясының азаматымыз» дегенді алға тартты. Мәселе ушыға бастағанда бірі ғана Ресей Федерациясының, екіншісі Қазақстан Республикасының азаматы екені анықталды. Салдарынан Ирина Абрамоваға тәртіптік жаза қолданылғандығы туралы оның жұмыс орнынан арнайы хат та қолымызға тиді. Қазір Марина Низовкина да «Қазақпараттағы» жұмысынан шығарылды деген қаңқу сөз жетіп келді. Бұл мәселе республика көлеміне дейін шығып кетіп, үлкен пікір тудырғаны рас. Оның үстіне, Мемлекеттік Әнұранымызға құрметсіздік танытқан екеуінің жұмыс орындарына өз басым арнайы сұраныс хат жолдаған болатынмын. Әбес тірліктері ұжымдарында қаралып, оларға тәртіптік шара қолданылғаннан кейінгі тағдырлары мені аса қызықтыра қоймағандықтан, олардың жұмыстарынан айырылған-айырылмағандары маған бәрібір.
Осыдан бірнеше күн бұрын сіз басшылық жасайтын «Жемқорлық – қорлық» газетінің жұмысы тоқтағаны жайлы өзіңіздің жеке парақшаңызда ресми мәлімдедіңіз. Газетіңіздің жұмысының тоқтауына себеп болған жағдайларды ашып айта аласыз ба?
—Осы газетті ашқандағы мақсатым – қоғамымызда белең алып кеткен сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күрес болатын. Ол мақсатым біршама орындалып та жүрді. Соңғы бір-екі жылдың ішінде әлеуметтік желілердегі белсенділігімнің артуына байланысты, газетке көңіл бөлуге мүлдем қолым тимей кетті. Бұл газеттің ендігі жерде маған қажеті жоқ шығар, оны жаба салуым керек-ау деп жүргенімде «Жемқорлықсыз Қазақстан» газетін жүргізіп және сол басылымның басшыларымен қоштасып кеткен бір азамат: «Әсеке, сенсеңіз, мына газетті маған беріңіз, мен әрі қарай жүргізейін» деп өтінішін білдірді. Бұрыннан сәлеміміз түзу болғандықтан, ол ініме сенбеуге еш негізім болмады. Сол себепті газетті уақытша жүргізуді сеніп тапсырдым. Бірақ қатаң түрде ескертіп: «Қазіргі газет атын пайдаланып, ел-жұртты қорқытып-үркітіп, бопсалап, мектептер мен балабақшалардан қаражат жинап кететіндер көбейді. Мен бұған үзілді-кесілді қарсы адаммын. Бұған жол бермейсің!» – дедім. Әлгі інім: «Әсеке, мен де сіз сияқты бұндай нәрселерге қарсымын. Ол жағынан қам жемеңіз, ондай нәрсе болмайды», – деп сендірді. Өкінішке орай, арада бір ай өтпей жатып «Жемқорлық – қорлық!» газетінің атынан бір-екі адам Ордабасы ауданына барып, медицина мекемелерін бопсалай бастады. Бұл хабар маған жетісімен әлгі ініме қоңырау шалдым. Ол түк білмеген болып шықты. Бірақ, әлгі жігіттерді Ордабасы ауданынан шақыртып алды. Тағы бір ай өтер-өтпесте тура сол жігіттер Жамбыл облысының бір ауданында бопсалап, 450 мың теңге алып тұрған қылмыстары үстінде қолға түсті. Бұл жолы да менен газетті жүргіземін деп алған азамат ештеңе білмейтін болып жалтарды. Менің санама еш сыймайтын осындай теріс тірліктері туралы естіген сайын газетті жабу қажеттігі туралы ойым бара-бара беки түсті. Жалпы тойымсыздық пен ашкөздік деген жаман қасиеттер ғой! Әсіресе, ол адам бойындағы шексіз ұятсыздықпен ұласып жатса. Газет жабылған күннің өзінде басылымның атын жамылып, Ордабасы ауданындағы балабақшаларды «тексеріп» жүрген базбіреулер туралы естіп, жағамды ұстадым. Қоғам осындайларға тосқауыл қоятын мезгіл жеткен сияқты.
Өзіңіздің шығармашылығыңызға көңіліңіз тола ма? Жалпы облыста кәнігілігіне бас иетін әріптестеріңізді атап кете аласыз ба?
—Жеке шығармашылығым туралы айтатын болсам, екі тілде бірдей өлең де, проза да, публицистика да, әңгімелер де жазатын өнерім бар. Жарық көрген бірнеше кітабым («Белая лебедь», «Төріне «Шеңгелдің» күлімдеп мен келдім», «ӘзілТАГ хабарлайды», «Есалы Жетімдер шежіресі», «Абайлаңыз, Абибуллаев!» және т.с.с.) – солардың айғағы. Бұған қоса 5-6 кітапқа жүк болардай жазбаларым тағы жиналып қалған. Өзім бас иетін шығармагерлерді атайтын болсам, ол, әрине, – Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Төрекелді Байтас, Төрехан Рәмберді, Иса Омар…
Көзі тірілердің арасынан жалғыз Иса Омарды атадыңыз? Бұл тізіміңізде басқа ақын-жазушыларға, журналистерге орын жоқ па?
—Иса Омар – менің журналистикадағы алғашқы ұстазым. Ал, журналистика саласында жүрген мүйізі қарағайдай өзге әріптестерімнің арасынан бөле-жара ешкімді ерекше атағым келмей отырғаны – мені неге атамай кетті екен деген өкпе-наз тумасын деген ойымнан. Өйткені, шығармашылығын да, адами қадір-қасиетін де құрметтейтін әріптестерім жеткілікті. Әр қайсысының қоғамда да, менің жүрегімде де орны бөлек.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Талғат БАЛТАБАЕВ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру