Маңызды

ҚОҒАМДА МЕН ҚОРЫҚПАЙТЫН НӘРСЕ ЖОҚ

 

Мен елімізде әр заң шыққан сайын ойға қаламын, «Сондай заңға сәйкес талаптар мен орындалуы тиіс міндеттемелер басқа елдерде де бар ма екен?» деп. Бірақ бізде қабылданатын кейбір жаңа заңдар әлдебір мемлекеттердің жарғы-талаптарының жабайы көшірмесі екенін де сеземін. Жабайы көшірмесі дегенім – басқа бір елдердің тұрмыстық, болмыстық, ұлттық және өмір сүру салтына орай шығарылған заңдарын біздің білгіштер еліміздің қажеттілігіне қаншалықты сай келетініне ой жібермей, халқымыздың тұрмыстық және өмір сүру нормаларының қандай деңгейде екеніне қарамай, өзгенің «қаңсығын» таңсық етіп қабылдай салатыны. Ол жайында қанша мысал бар. Мәселен, автокөліктерге міндеттелген балалар коляскасы жайындағы заң. Кезінде басталды да, жұртты өлгенше улатып-шулатты, аяғында соны қабылдаған депутаттар беттері былш етпей «ойбай, біздікі қате болыпты» деп бипаздана үн қатты. Ақыры оның соңы сиырқұйымшақтанып, басылып қалды. Өйткені, біздің ел ондай мәдениетке, міндет пен тәртіпке, ақыр соңында қаржылық жағынан да дайын емес болып шықты.

…Мен әр істі дайындықсыз бастайтын үкіметтің осындай шешімдерінен қорқам…

Жақында Мемлекеттік автоинспекцияға қатысты тағы бір заң шықты. Ол —  автоинспекторлардың жол-жолда тұрмауы және қолдарына алатаяқ ұстап, көліктерді тоқтатуға бомайтындығы жайында қабылданды. Бәлкім бұл заңның дұрыс жағы да бар шығар. Бірақ мұнда да елеп-ескерілмеген бірнеше жәйт бар. Мысалыға алсақ, біздің қалалардың көшелері тар. Ауыл-ауылдар мен аудан-аудандарды жалғайтын, тіпті облыстық, республикалық маңызы бар жолдардың да оңып тұрғаны шамалы. Оның үстіне әккі шопырлар инспектордың қолмен тоқта деп жасаған ишарасын өтірік байқамайтыны аян. Осындай әрі тар, болмаса ой-шұқыры көп, одан қалса, сапа талабына сай етіп салынбаған жолдың үстінде ереже бұзған автокөлікті аңдып жүрген инспектор қасынан зуылдап өткен тәртіп бұзушыны қуып берсе, не болатыны белгісіз ғой. Өйткені басқа көліктер сығылысқан тар жолда қашқынды қуып жетуге жын қуғандай асыққан МАИ қызметкері өзі жасамаса да, өзіне сиренасын шыңғыртып, жанамалап келген көк-қызыл шамды машинадан үріккен, болмаса оған жол беруге талпынған өзге шопырлардың апат жасамайтынына кім кепіл? Бұрынғыдай бір жерде тұрып қалталарын толтыратын, «қалғып кетсек, талай пұлдан қағыламыз» деген сөзді қағида қылған «гаишниктер» мұндайда ай-шайға қарай ма? Қазірдің өзінде күнбе-күн көріп жүрміз, инспекторлар онсыз да кептеліс көшелерде әлдеқандай «қашқын көлікті» тура жол ортасына тоқтатып қойып, қозғалысты одан бетер қиындатып жатқанын. Күнде ары-бері жүргендіктен тағы бір байқайтынымыз, қай жолда да МАИ машиналары ары-бері тынымсыз зуылдап жүр. Олардың жанармайына бюджеттің қанша ақшасы кетіп жатыр. Осы заңмен инспекторлардың көлденең жүргізушіден ақша алуын тоқтатамыз деу де әбестік. «Гаишниктер» қандай да бір амалға қарсы айла табуға үйреніп алған.

…Мен еліміздегі әділет органдарының әділетсіз істері еш тыйылмай ма деп қорқам…

Жақында өз үйлерінен безіп, күн көріс нәпақа табу үшін басқа қалаларға барып жұмыс істеулеріне тура келген, одан қалды, пәтер жалдап жүрген азаматтарды тұрғылықты жерлерінде уақытша тіркеу туралы тағы бір заң шықты. Содан бері халыққа қызмет көрсету орталықтары дүрбелеңге толды. Бір аптаның ішінде сығылысқан кезектердің кесірінен екі адам ажал құшты. Осындай келеңсіздіктерді телеарналар күн сайын көрсетіп, аталмыш заңның да осал тұстарын ашып айтып жатыр. Бірақ үкімет селт етер емес. Селт етпегені былай тұрсын, ішкі істер министрі бұл нәрсені қалыпты құбылыстай қабылдайтын сыңайлы, бәрі жөн-жөнімен жүріп жатыр деп сұхбат береді. Сонда оның теледидар көрмейтіні, газет-жорнал оқымайтын болғаны ғой. Айтпақшы, біздің шенеуніктердің қаншасының газет оқып, қаншасының теледидар көретіндері белгісіз. Себебі өз басым кітап түгілі газет бетін ашпайтын талай әкімдер мен депутаттарды білемін. «Газетің, кітабың… не керегі бар маған?» деген сөзді де талайларынан естігем. Қайтеміз енді, осындайлар да ел билеп, халыққа жоғарыдан билік айтып, заң шығарып отыр ғой.

… Мен білімсіздердің таққа жайғасқанынан қорқам…

Тіркеу процестерінің басым үрдісі тек ірі-ірі қалаларда ғана жүріп жатыр. Ондағы тіркеу кезегінде тұрғандардың басым бөлігін, тіпті, түгелге жуығын кезінде ауылдардан қалаға нәпақа іздеп келген қазақтар толтыруда. Біздің үкімет әуелде «Бірте-бірте ауыл мен қала қай жағынан да теңеседі» деген. Бірақ оған негіз, бастапқы қадам жасалынбады. Ауыл адамдарын асырап, жұмыспен қамтып отыратын ауылшаруашылығы құрдымға кетті. Жер жекелер мен кәсіпкерлердің қолына өтті. Бұл да біздің ішкі жағдайымызға, қоғамдық көзқарасымызға тіпті келмейтін жер қатынастары туралы өзіндік заңдары бар әлдеқандай елдерге еліктеудің бір парасы болды. Жерді игеруге халықтың дайындығы да жоқ болатын. Осыған байланысты және үкімет жерге қатысты тиімді бағдарлама жасай алмағандықтан, жаңа жер иелері жерді баяғы колхоз-совхоздардың кезіндегідей игеруге шамалары жетпеді. Бұрын өз халқын өзі асырайтын шаруашылықтар жойылған соң, әрі жерден келетін түсім мен пайдадан қағылған қара халық содан қалаға ағылды. Халықтың белгілі бір бөлігі аштан қалмаудың қамына кірісіп, елде ішкі миграция кеңінен етек алды.
Үкімет бұл құбылысқа тағы назар салмады, яғни ауылдан қалаға көшкендердің хал-ахуалдары мен тұрмыстық жағдайларына байланысты қандайда бір шараны қолға алмады. Соның кесірінен жұмыс іздеп сандалғандар, бір күндік нан үшін қандай тірлікті болса да атқаруға дайын арзанқол жұмысшылар, одан қалса базар жағалап, қолына іліккенді сатумен айналысатын, белгілі кәсібі мен мамандығы жоқ әлеуметтік топ пайда болды. Бұлар үкіметтің қамқорлығынан шет қалып, қазіргі саясаттың «өз күніңді өзің көр» деген қағидасымен күн өткізіп жүргендер. Мұндай топтың қалада үйлері болмайтыны әркімге аян. Міне, ХҚК орталықтарында тіркеуге тұру үшін жанталасып, кезек күткендердің бір бөлігі өз баспаналарына қолдары жетпей, әр пәтерді сағалап жүргендер болса, қалғандары ауылдан қалаға көшкен әлгіндей үйсіз жүрген сормаңдай қазақтары. Қазақ үкіметінің өз халқына қатысты дұрыс жүргізілмеген саясатынан зардап шегіп, қапалықпен өмір сүріп жатқан шерлі де шерменде күйдегі топтар.

…Мен сол шерлі топ бір күні жабыла айқайлап, дүрк көтеріліп кетпесе екен деп қорқам…

Шенеуніктеріміз шикі заңды шығарып алады да, олардың іске асар кездегі олқылықтарын байқап, көріп тұрса да, «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» керімен, тағы оны өлгенше қорғап бағады. Ішкі істер министрінің жоғарыдағыдай өзеуреуі осы сөзімізге куә. Жалпы, осы заң не мәжбүрліктен қабылданды деңіз. Терроршылардың жолын кесіп, терактіні болдырмаудың амалы деп ұғындырды оны қабылдағандар. Солай-ақ болсын. Сонда елімізде терроршылардың соншалықты көп болғаны ма, әлде билік өз халқына сенбеуге айналғаны ма? Әлде жауға айналған қазақтарды анықтайын деді ме?
Иә, айтпақшы, Қазақстаннан шет аспаған, тіпті өз ауыл, өз қаласынан басқа жаққа аттап баспаған жас жігіттердің бойына тек өздерінікін ғана жөн, ал басқаларды шайтан жолындағы адасушы кәпірлер деп санайтын сенім қайдан үйір болды? Одан қалса, жаулық ниеттегі пиғыл, жұрт арасына үрей мен дүрбелең туғызуға құштарлық, анығын айтқанда, теракт жасайтын әрекетке құмарлық қайдан пайда бола қалды? Зерделеп қарасақ, бұған – әу баста еліміздегі әр азаматтың дінге қатысты еркіндігіне шек қоймаған заң кінәлі ғой. Сол еркіндіктің арқасында дамыған елдер мен өркениетті мемлекеттер шеттеткен небір діни ағымдар бізге ағылды-ай келіп. Мұсылман мемлекеттерінің ешбірінде бір жерде шоғырланбаған исламның 72 ағымы тек Қазақстанда ғана бас құрады. Ешқандай тыйым болмаған соң сақалдылар мен қысқа балақтылыр өз уағыздарын еркін де ашық жүргізді. Енді біздің шенеуніктер ел арасына әбден сіңісіп, тамыры мен дәнін терең сеуіп әрі оңайшылықпен тазара қойылмайтын кезеңде солармен алыспақшы.

…Мен бір кезде жастарымыз орыстанып еді, енді арабтанып кете ме деп қорқам…

Қазір біз дүниежүзін алаңдатып отырған исламистердің жолында жүрген кері ағымдағы сақалды мұсылмандардан ғана үркудеміз. Ал қоғамымызбен біте қайнасып, жылдан-жылға, жоқ, айдан-ай, күннен-күнге барлық ұлттан катарларын көбейтіп жатқан, алайда дәл қазір селт еткізер бір теріс әрекет танытпай тыныш жүрген христиан бағытындағы «иоговошылдардан», «баптистерден», «евангелистерден», «мормондардан», иә, айта берсек таусылмайтын көптеген секталардың болашақта қандай тірліктер жоспарлап отырғандарынан тіпті хабарсызбыз. Осылардың мүшелері еш жерде тіркеусіз жүр деп кім айта алады? Тіпті теракт жасайды деп қауіптенетін кері ағымдағы азаматтарымыз да мекен-тұрағы белгісіз «бомждардың» қатарында жүрген жоқ. Одан кейін олар бір қалада теракт жасайтын болса, онда айлап жатып жоспар құрмайды. Құдай бетін аулақ қылсын, олардың оны жасауға мың айла табары хақ. Ендеше, уақытша тіркеу деген тек бос сандалыс, халықтың уақытын бекерге алу, әсіресе, қазақты бекер сенделту емес пе.

…Мен көпдінділікті ұстанған елдің ақыр түбінің оңбайтынын аңдамаған, халқын жоқ жерден дүрбелеңге салатын биліктен қорқам

Иә, бұлай деуімізге де негіз бар. Әйтпесе, қараңызшы, жаңа айтқанымыздай, барлық қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында тіркеуге тұрып жатқандар ылғи қаракөздер. Араларында бөгде ұлттар болса, олар қалың қазақтың көлеңкесінен аспайды. Одан да осы амалды үйсіз-күйсіз, содан соң әр қалада жұмыс іздеп, қай жерден нан тапсам екен деп сабылған, пәтерден-пәтерге ауысып қаңғыған қазақтардың санын анықтау үшін жасаса, құба-құп болар еді. Сонда «халқының әл-ауқаты артып, керемет дамып жатқан» Қазақстанның өз тұрғылықты жұртының қаншасының қандай бейшара хәлде жүргендігіне биліктегілердің көздері жетер еді.
Біздің заң шығарушы орындар еліміздің тұрғындарының бәрін құдды бір мәдениеті көтеріліп, өркениетке жеткен, қаржылық және тұрмыстық жағдайлары щешілген деп ойлай ма, қайдам, дамыған елдердің ұстанымдарын тықпылай беруден еш қайтар емес. Тіпті дамыған елдердің өзінде жоқ бағдарламаларды қабылдап, халықтың миын ашытуда. Айта берсең, ойымызға дәлел болатын қанша мысал бар. Жер туралы кодекс пен жерді сату жөніндегі жобаның өзі қазақты қандай сергелдеңге салды деңіз. Ал білім туралы бағдарлама оқу орындарын қаншама тығырыққа тіреп отыр.
Әлбетте, білім жүйесіндегі қазіргі тоқырау сырт көзге көп байқалмайды. Бірақ сол жүйенің ішіне үңіліп қарасаң, мамандары дайындалмаған оқу орындарына жоғарыдан берілген нұсқаулардың әзер орындалып жатқанын байқайсың. Ал бұл жүйенің тереңіне одан әрі үңілсең, аталмыш бағдарламаның орындалу барысы – ескі-құсқы вагондарды әлдебір өркениетті елдерге қарай қиқылдап-шиқылап, зорлықпен сүйреп бара жатқан көне паровозды еске түсіреді. Осындай жөн-жосықсыз бағдарламаны ұсынған биліктегілерге салсаң, моторы мен техникалық бөлшектері жарамсыз болса да, сыртқы тұрқы заманға сай етіліп әдемілеп сырланған сол паровозды қолмен итеріп жүргізсе де тоқтамауы тиіс.

…Мен бір күні сыры кеткен сол паровоздың күл-талқаны шығып, бөгдеге күлкі бола ма деп қорқам.

Тағы бір үлкен олқылық – біздің шенеуніктер тәуелсізіктен кейін туылған балалардың барлығын фенемон болып туылған деп есептегелі қашан. Содан ба қайдам, бірінші сыныптың математикасындағы есептердің кейбірін онша-мұнша адам шығара алмайды. Ал ондағы әдебиет, қазақ тілі сабақтарындағы тапсырмаларды көрсеңіз, бірінші сыныптың балалары ес білмей жатып, университеттік біліммен сусындап жатыр ма деген ойға қаласыз. Ең өкініштісі, қазақша «а» әрпін әлі үйренбеген балғынды үш тілді оқыту үрдісі келешек ұрпақты милау ету екені ұраншылдардың миына кіріп-шығар емес. Және бір жүрек ауыртарлық нәрсе – бастауыш сыныптарда оқитын балалардың мектепке апаратын сөмкелерінің салмағын өлшеп көріңізші. Онда салынған керексіз оқулықтар мен дәптер-құралдардың салмағы бес-асты келіден кем болмайды. Әр бала күніне осынша жүкті иығына салып, мектепке тасиды. Мұндай салмақ жас өскіннің бойының өсуіне де кері әсерін тигізері хақ. Алайда бұл жайын ойлайтын басшылар жоқ. Олардың ойынша, мектепке көп кітап тасыған, көп кітап оқыған балалардың білімі жан-жақты арта түспек.

…Мен осыған қарап, келешек ұрпақ бар тараптан майдалана түсе ме деп қорқам…

Үштілділіктің зияны мен кесапаты жайында да өз айтылған жоқ. Бірақ Білім министрі де өзінікін жөн санап, айтқанынан табандап қайтар емес. Ол аз болғандай, мектепке арналған тарих оқулықтарындағы мәліметтер совет заманындағы ғылыми тұжырымдамалардан әлі ажырамаған. Оны оқыған жас өскіннің пайымынша, бізге қарсы патша отаршылдығы болған емес, қазақтар Ресей құрамына өз еркімен қосылған. Бізді бар жаудан орыс батырлары қорғап қалған. Өткен ғасырлардағы ұлт-азаттық көтерілістер мен қазақ тағдыры үш-төрт бет немесе үш-төрт абзацқа ғана сыйып тұр.
Білім министрлігі алдыңғы жылы жоғары оқу орындарындағы техникалық факультеттерден қазақ тарихын алып тастап, тәуелсіздік жылдарындағы тарихты ғана оқыту керек деп ұйғарған. Сөйтіп бізді түпсіз, тексіз, күні кеше ғана жаралған халыққа айналдыра жаздаған. Бірақ бұған қарсы дау айтқан біраз ғалымдардан ықты ма, дереу бұл ұйғарымдарынан қайтып, оларға 1900 жылдан бергі тарихта оқытайық деп шешті. Неге өйтті десек, мұндай бағдарлама Президенттің қайбір жылғы жолдауының басты ұранына айналған «Бір – мақсат, бір – мүдде, бір – болашақ» деген қағида сөзге дөп келеді екен. Тарихты ХХ ғасырдың басынан ғана бастасақ, содан бергі ел басына түскен ауыртпалықтардың бәрін қазіргі Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың барлығы бірлесіп бастан өткергенін насихаттайды екенбіз. Сөйтсек, бізде кірме халық жоқ, әмбесі Қазақстанның байырғы тұрғындары әрі болашақта да осындай тату-тәтті тәртіппен бірге өмір сүріп, бірге жүреміз деген тұжырым санамызға сіңеді екен. Айтпақшы, «Бір – Қазақстан, бір – халық» деген ұранды да жиі естиміз. Билік екі сөйлейді, кейде әлгі ұранды көтерсе, екінші кезекте «Қазақстан – көпұлтты, көпдінді мемлекет» деп басқаша сөйлейді. Міне, осындай тосын жоспарларымен біздің билік өз жеріндегі жергілікті ұлтты, яғни қазақты – басқалардан ешқандай артықшылыққа ие емес дегенді меңзеп отыр, онысын іске асыру үшін жанын салып жатыр.

…Мен осыны аңдағанда, келешекте қазақтар тарихы мен тілін ұмытқан дүбәрә ұлт деген атауға ие бола ма деп қорқам…

Иә, мен елде бір жаңа заң шықса, ылғи қорқып отырамын. Расында, қай заң қарапайым қазақтың мүддесі үшін қабылданып жатыр? Елдегі тыныштық, билік жиі қолданатын «ұлттардың өзара татуластығы мен түсіністігі» дегендер білген шенеунікке момын да көнбіс, қонақжай да аңғал қазақтың арқасында іске асып тұр. Енді осындай жуас халықты мезі ете беретін заңдарға қашан тыйым болар екен?

…Мен кейде ондай жағымды заңдар тіпті қабылданбай ма деп тағы қорқам…

Қандай заман болса да, жұрт аштан өлмеудің, ұрпақ өсірудің қамымен қыбырлап тірлік жасайды. Сондай тірлік жолында біреудің байып, біреудің кедейленері хақ. Алайда қай заманда да байлардан кедей-кепшік көп болған. Халық деп аталатын нағыз топ – осы кедейлер. Қазақ кедей болса да, көрген күніне шүкіршілік еткен, әлі де етеді. Бірақ үкімет мынадай заманда олармен де санасып, халыққа тиімді жұмыстар жасауға міндетті ғой.

…Мен шенеуніктердің сондай міндеттерін ұмытқандарынан және қорқам…

Жан-жаққа жіті көз салсаң, бүгінде халық өз пысықтығымен күн көріп жатыр. Ал үкімет сол халықтың күн көріс қамымен жатпай-тұрмай еңбектеніп жатқанынын біздің арқамыз дейді. Байларының бәрі ұрлық-қарлықпен дәулеттеніп жүргенімен шаруасы жоқ. «Қалайда байыңдар!» деген бастаманы алғышарт еткені қашан. Адам жоқ жерден немесе көктен түскен дәулеттен баюшы ма еді? Үкіметтен тендер алып, миллиондаған ақшаны алдымен жұмысқа емес, қара басының қажеттігіне жұмсайтын түрлі компаниялардың басшыларын «бизнесмен» дейді. Дамыған елерде «бизнесмен» деп өз кәсібін нөлден бастап, таза еңбекпен байыған адамды атайды. Ал бізде үкіметтің ақшасын, жұрттың қаржысын қымқырған, тек алыпсатарлықпен, одан қалса, халық игілігін сатқан «алаяқтар» солай аталады. Айлық жалақылары ары кетсе 400-600 мың теңге болатын әкімдер мен түрлі лауазымдағылардың 100-150 мың долларлық машиналары қайдан келіп, қос-қостан тұрғызылған зәулім-зәулім үйлері қалай салынып жатқаны жоғарыдағы ұлықтарымызды еш ойландырмайды. Себебі «қарғаның көзін қарға шұқымайды». Астарын ойлы азамат заматта түсінеді, жоғарыдағылар төмендегі жемқорлар арқылы, болмаса қолындағы билігінің арқасында байитын үрдіс бізде жиырма бес жылдан бері қалыптасқан. Бай болмасаң, әкім де, министр де басшы да бола алмайтының тағы бар. Пара алып, пара беру – қоғамымызға дендеп енгені сондай, бірінші сыныптың балаларына дейін ақшаның құдіретін түсініп алған. Осыдан келіп біздің елдің халқының санасына ақшасы мен байлығы бар адам ғана – ақылды, ал өнер, ілім-білім қуалап, ғылым жолында уақытын сарп етіп, тұрмыстық ахуалы заманға үйлеспей келе жатқан таланттарды – ақымақ санайтын ұғым сіңген. Бүгінде біздегі билік басына ақша табуға ғана таланты мен ебі бар әрі аяқ астынан еңбексіз байыған саудагерлер ғана шыққан. Ал ондайлардың халық мүддесі мен ел мұраты үшін ешқашан жаны ауырып жұмыс істемейтіні, кез келген уақытта барын дүниеге сатып жіберетін сатқын болатыны бесенеден белгілі. Бұл тұрғыда біздің билік дамыған, халқын ауқатты адамдар билейтін елдерге ұқсағысы келеді. Алайда алдымен сол елдер өткен жолдан өтіп, өз халқын өзі асырайтын жағдайға жетіп алу керектігі ойларына кіріп-шықпайды. Шенеуніктеріміздің бәрі біздің аспанда айдың енді туып келе жатқанына қарамай, сол айдың толып, жер бетін айшықты сәулелендіретін мезгілін ерте бастан орнатқысы кеп, аласұрып жүр.
Неден қорықпайын. Бәрінен қорқам. Өйткені дамып жатқан елде тұратын мен үй салсам, құрылыс материалдарының бәрі – Ресей мен қытайдікі. Үстімде түріктің костюмы, аяғымда батыс елінің бірінің аяқ киімі, көйлегім – қырғыздікі, іш киімім – өзбектікі, көлігім де шеттікі… Қайтем енді, жалаңаш әрі жаяу жүрмеймін ғой. Бірақ тілі шұбар, көзқарасы дүбәра, ұлттық намыстан жұрдай билігі бар елдегі түрлі жөнсіз бағдарламалар мен заңдардың кесірінен келешек ұрпақ бар тараптан жалаңаш һәм жаяу қала ма деп қорқам. Ең басты қорқынышым – осы…
Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру