Шымкенттің әкімі қызметте қала ма, әлде орын ауыстыра ма?

Үлкен қызметтегі бірінші басшы жаңарған сайын жұрттың аузында алуан түрлі әңгіме айтылады. Долбарлы болжамдар болады. Кейде ғайыптан тайып, соның кейбіреуі шынымен де жүзеге асып жатады.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне Жансейіт Түймебаев келгеннен кейін сондай болжамдардың айтылып жатқандығы рас. Баспасөз беттерінде ел аузындағы әңгімеге өрістеп, оның ішінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов турасында оны қызметтегі жылы орнынан жылжытып, басқа жаққа қызмет ауыстыратынын айтқанда, көпшілік кәдімгідей елеңдеп қалған еді. Қала мен облыстың әкімі бір кездері Президент аппаратында қатарлас қызмет атқарған адамдар. Айтылған сөздің қайсысы шындыққа бір табан жақындау екендігін жұртшылықтың түсінбей қалғаны да шындық еді. Арада айлар өтті. Бірақ қала әкімі Әбдірахымов өз қызметін бәз-баяғы, қалыпты жағдайда атқарып жатыр. Тіптен соңғы уақытта Шымкенттің әкімі облыс басшысы Түймебаевтің қасынан көбірек табылып жүр.

Қазір басшылық қызметтен ауысу соншалықты бір күрделі мәселе емес. Әкімдік таққа отырған қандай да бір басшы өз төңірегіне өзіне жақтастау, айтқанынан шықпайтын азаматтарды жинайтындығы өтірік емес. Ол үшін тек қана біраз уақыт керек секілді. Болжалданған елдің әңгімесіне азық болған болжам әзірге орындалып жатқан жоқ. Қазақстанның әне-міне дегенше үшінші шаһарына айналғалы тұрған Шымқалаға қандай әкім келсе де халықтың жағдайын жақсарту, қаланы көркейту үшін жұмыс жасағаны ең жақсы нәрсе-ау, сірә!

Қ.ҚАЛИЕВ.

(Сурет А.Дидарбектікі)