Қанат Ислам Арман Оспановқа қолдау білдірді

Бірінші орта салмақтағы WBO Intercontinental және WBA Fedelatin тұжырымдарының чемпионы Қанат Ислам ережесіз жекпе-жектен ел намысын қорғап жүрген Арман Оспановқа қолдау білдірді, деп жазады Vesti.kz порталы.

 Еске салайық, кеше ережесіз жекпе-жектен WSOF біріншілігі өзінің 35-ші турнирінде өнер көрсететін спортшылардың тізімін шығарды. Өкінішке қарай, Арман Оспанов пен Стивен Родригез арасындағы жекпе-жек бұл кешке кірген жоқ. Оған Арман Оспановтың қанынан табылған допинг себеп болыпты. WSOF басшысы Рей Сефоның айтуынша, оған Арман Оспановтың Марокко елінде өткен əскери самбодан əлем біріншілігінен кейін біздің спортшының қанынан табылған допинг табылғаны және спортшымыздың 4 жылға спорттан шеттетілгені жетіпті. Сол себепті де оны WSOF ұйымының жекпе-жек кешіне қатыстырмай қойыпты.

Осы мәселеге байланысты бірінші орта салмақтағы WBO Intercontinental және WBA Fedelatin тұжырымдарының чемпионы Қанат Ислам Арман Оспановқа қолдау білдіріп, спортшымызды жігерлерді.

«Арман, сен қазақтың батырысың! Сен чемпионсың! Оны қаншама рет дәлелдедің. Әлемдік додаларда ел намысын қорғадың, көк туды желбіреттің. Қазақтың жұдырығы ауыр, жігері мықты, намысты ұлт екенін мойындатқан жаужүрек спортшысың. Ринг сыртында да күрес бар. Бұл айқаста да жауырының жерге тимейтініне сенемін. Шын мықтыға түрлі сынақтар келеді. Бұл жерде де қасқайып тұрып беру керек. Бұл жерде де еңсені тік ұстау керек. Мойымау керек. Әлемдік аренада әлі де ұлттың абыройын асқақтатып, туын желбірету үшін саған бұл сынақты да жеңу міндет. Өзің үшін емес, артыңнан еріп келе жатқан, еліктеп жүрген інілерің үшін, ұлтыңның келешегі үшін саған тоқтамау керек. Әлсіздер ғана әр сөзге алаңдап, кім не деп жатыр деп жалтақтап жүреді. Сұңқар биікте самғайды. Сен батырсың. Өзіңнің орның бар. Оны ешкімге берме! Мықты екеніңді әлі талай дәлелдейсің. Ол күн де алыс емес! Мен саған сенемін!», — деп жазба қалды Қанат Ислам өзінің Instagram парақшасында.