АУЫЛДАРДЫ ДАМЫТУ ІСІ ҚАРҚЫНДЫ ТҮРДЕ ЖАЛҒАСАДЫ

Өткен аптада Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Баймұханбетұлы Жемісті ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде аудан басшысы ағымдағы жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды баяндады.

«Біздің мақсатымыз – сіздермен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау. Себебі ауыл мәселесін сіздерден артық білетін ешкім жоқ. Айта кетсем, ауданымыз туризм, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті дамыту саласында аса қарқынмен дамуда. Алдағы уақытта да аудан көлемінде ауылдарды дамыту жұмыстары қарқынмен жалғасатын болады» деді Мұхит Баймұханбетұлы.
Кездесуде тұрғындар тарапынан электр энергиясы, жұмыспен қамту, ағын су және ауыз су, жол жөндеу, табиғи газ, дәрігерлік емхана салу, жерлерді құжаттандыру мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды. Әр тұрғынның мәселесі маңызды екенін айтқан аудан басшысы ұсыныс пен өтініштер хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүретінін айтты. Кездесуге ауыл округ әкімі, дербес бөлім басшылары да қатысып, тұрғындардың арыз-шағымы мен өтініштерін тыңдады. Ашық пікір алмасу өтіп, күрделі мәселелердің түйіні тарқатылды. Ағымдағы жылы Жемісті ауылдық округі, Тың елді мекеніндегі Бірлік көшесінің 0,210 шақырымына орташа жөндеу және жаяу жүргіншілер жолын салуға бюджеттен қаржы қаралып, бүгінгі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Жемісті елді мекенінен Тың елді мекеніне баратын жолдың бойына жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарына бюджеттен қаржы қаралып, бүгінгі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын аяқтау ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Айта кету керек, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс, қала және аудан әкімдері өңір тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдап келеді. Сонымен қатар жиын барысында атқарылған жұмыстардың есебі де беріледі. Күні бүгінге дейін өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің дені шешімін тапқан. Ал ұзақ мерзімді қажет ететін жұмыстардың жайы халыққа ұдайы түсіндірілуде. Мұндай жиындар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.