ДИЗЕЛЬ БАҒАСЫ НЕЛІКТЕН ШАРЫҚТАП ШЫҒА КЕЛДІ?

Дизель бағасының қымбаттауы турасындағы жазбалар жиіледі. Бұл, әсіресе, шаруалардың қалтасына салмақ салып отыр. Ал ҚР бас прокуроры Берік Асылов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында мұндай қымбатшылыққа мұнай беруші ұсақ компаниялардың заңсыз айла-шарғысы себеп болғаны турасында мәлімет берді.

Нақтырағы, аталған жауапта «Баға өсіміне мұнай берушілердің айла-шарғысының салдарынан оның жасанды көтерілуі ықпал еткен. Мəселен, ұсақ мұнай берушілер (жалпы нарықтың 25%-ын алады) жағдайды пайдаланып, көтерме бағаны өсіріп, маржаны жасанды түрде арттырған. Олардың қызметі монополияға қарсы заңнамамен реттелмейді. Өйткені тауар нарығындағы үлесі төмен жəне көтерме баға шекті бағамен шектелмейді» делінген.

Осындай әрекеттердің салдарынан нарықтағы дизель бағасы 500 теңгеге дейін шарықтап кеткен. Ашып айтар болсақ, қолданыстағы шекті бөлшек сауда бағасы 230-260 теңге болған кезде кейбір берушілер дизель отынын көтерме бағамен 260 теңгеден астам бағаға, жеке жағдайларда — 360-413 теңгеге сатқан. Жекелеген өңірлерде дизель отынының көтерме бағасы 1 литр үшін 450-500 теңгеге бір-ақ жеткен. Бұл шағын бөлшек жанар-жағармай құю стансаларының сатылымның тиімсіздігіне байланысты отын сатуын тоқтата тұруға жəне нақты отын тапшылығына алып келген.

Энергетика министрлігінің Бас прокуратураға ұсынған деректеріне сүйенсек, тапшылық өршіп тұрғанда 633 жанармай құю стансасы баға теңсіздігінің басылғанын күтіп, қолда бар дизельді сатпаған. Бұл туралы бас прокурордың жауабында «Бүгінгі күні мұндай ЖҚС саны 267-ге дейін қысқарды.

Қазіргі уақытта Қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық бөлімшелері табиғи монополияларды реттеу өңірлік департаменттеріне жанар-жағармайға шекті бағаны көтерудің анықталған фактілері бойынша Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 171-бабы бойынша кінəлі адамдарды 2 əкімшілік жауапқа тарту үшін 43 материал жіберді (бүгінгі күні жалпы сомасы 1,4 млн теңгеге айыппұл салынып, 17 адам жауапқа тартылды)» делінген.