ТУБЕРКУЛЕЗДІҢ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ САЛЫСТЫРМАЛЫ ТҮРДЕ ТҰРАҚТЫ

Шымкент қаласында медицина саласының дамуы қарқын алған. Бүгінде қаладағы бірқатар медициналық нысандар күрделі жөндеуден өтті. Материалдық-техникалық база да нығайып келеді. Нәтиже де жоқ емес.

Мәселен, үшінші мегаполис тұрғындары арасында туберкулез ауруының эпидемиологиялық жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Балкүміс Мұсаева айтты.

«Туберкулез — көне заманнан келе жатқан аурушандық. Бұл – жұқпалы ауру, қоздырғышы – микобактериялар. Ең алдымен өкпе, кейде басқа ағзаларды да зақымдайды. Міндетті профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және туберкулезге қарсы тиімді химиялық препараттардың болуына байланысты адамдар бұл ауруды белгілі деңгейде бақылай алады. Туберкулезді жұқтыру туберкулездің белсенді түрімен ауыратын адамнан ауа және ауа тамшылары жолдары арқылы беріледі. Туберкулездің алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Осы жылдың 9 айында жалпы туберкулездің алғашқы анықталған 252 жағдайы тіркеліп, 2021 жылдың осы мезгілімен салыстырғанда аурушаңдық 4,9 %-ға өскен. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 20 жағдай тіркеліп, аурушаңдық 9 жағдайға, жасөспірімдер арасында 10 жағдайға тіркеліп, аурушаңдық 9 жағдайға жоғарылады» деді Балкүміс Мұсаева.

Спикердің сөзінше, өкпе туберкулезінің 201 жағдайы тіркеліп, 2021 жылдың осы мезгілімен салыстырғанда аурушаңдық 18,44%-ға өскен. Он төрт жасқа дейінгі балалар арасында 5 жағдай тіркеліп, 2021 жылмен салыстырғанда аурушаңдық 1 жағдайға, жасөспірімдер арасында 7 жағдай тіркеліп, аурушаңдық 6 жағдайға өскен. Бацилярлы туберкулездің алғашқы анықталған 68 жағдайы тіркеліп, жалпы аурушаңдықтың 27%-ды құраған. Өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда аурушаңдық 17,18% төмендеген.

Туберкулездің алғашқы белгілеріне жөтелдің екі аптадан астам уақытқа созылуы, дене қызуының көтерілуі, кеуде қуысының ауыруы және шаншуы, дене салмағының түсуі, түнгі уақытта терлеу, тәбеттің төмендеуі, қатты шаршау және әлсіздік жатады. ҚР Профилактикалық егулерінің ұлттық күнтізбесіне сәйкес, барлық егулер дені сау адамға ақпараттық жазбаша келісімімен тегін, ерікті түрде жүргізіледі. Дені сау бала ата-анасының немесе заңды қамқоршыларының келісімімен егіледі.