ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУШЫЛАРҒА ТАПСЫРЫС САНЫ 40 ПАЙЫЗҒА АРТҚАН

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары полковник Рустам Ақбаровтың жетекшілігімен Шымкент қаласындағы жергілікті әскери басқару органдарының басшылық құрамына «Күзгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру мен өткізу» тақырыбында оқу-әдістемелік жиын өтті.

Аталған жиында Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Алмаз Тілеуханов «Шымкент қаласы бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және жүргізу» тақырыбында баяндама жасады. Онда 2019 жылдан бері әскерге шақырушылар саны 40 пайызға артқаны айтылған.
Жиынға қала әкімінің орынбасары, қалалық шақыру комиссиясының төрағасы Шыңғыс Мұқан, Шымкент гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Бағлан Телеу және басқа да әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыруға жауапты тұлғалар қатысты. Жиын барысында Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы көктемгі әскерге шақыру кезеңінің қорытындысын шығарып, күзгі науқанға арналған жұмыстар мен жоспарлары туралы баяндады.
Қорғаныс департаменті бастығының айтуынша, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жоспары 2021 жылмен салыстырғанда 72 адамға артқан. «Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті 2019 жылы құрылған сәтте азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жоспары 1 жылға 1200 жуық баланы құрайтын, ал қазіргі таңда 2022 жылғы көктем-күз әскерге шақыру жоспары 1600-ге жуық азаматты қамтиды. Қаладан көктемгі шақыруға берілген тапсырыс артығымен – 103%-ға орындалды. Атап айтсақ, Қарулы күштер қатарына 16 адам, Ұлттық ұланға 9 адам берілген тапсырыстан артық жіберілді. Күзгі әскерге шақыру жоспарына сәйкес, қаладан барлығы 800-ге жуық адам шақырылмақ. Бұл жоспарды сапалы орындау үшін 6 мыңнан астам азаматты зерделеу керек. Бүгінде қала бойынша 3 мыңнан астам азамат зерделеніп, оның 300-ге жуығы іріктеліп, жеке істері толықтырылуда» деді полковник Алмаз Тілеуханов.
Бұдан бөлек, жиын барысында мемлекет басшысының ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған Жолдауы да талқыланды. Оның ішінде Қорғаныс министрлігінен келген офицерлер құрамы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы тармаққа нақтырақ тоқталды. Бұл жолда Шымкент гарнизоны әскери полиция бөлімінің аға офицері капитан Ербол Айтбаев пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі Жазира Әлжанова сыбайлас жемқорлықты тудыратын себептер мен жағдайларды жою туралы негізгі бағыттарға тоқталып, жемқорлыққа қарсы күрес кешенді негізде, яғни мемлекеттік органдар мен азаматтардың тығыз қарым-қатынасы аясында жүзеге асырылуы керек екенін атап өтті.