ТҮРКІСТАНДА КӨЛДЕРДІ КӨБЕЙТУ АРҚЫЛЫ КЛИМАТТЫ ЖАҚСАРТУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР

Көлдердің көп болуы климатқа жақсаруына айрықша әсер етеді. Әсіресе, Түркістан сынды ауасы құрғақ, жазы ұзақ өңірлерге мұның тигізер пайдасы орасан. Жуырда облыс орталығында ұзындығы 67 метрді құрайтын бассейні бар ашық аспан астындағы демалыс орны ашылды. «Ашық аспан» Бекзат Саттарханов даңғылы бойындағы 11 гектар жерге жайғасқан «Желілік саябақта» орналасқан.

Бұл нысан Түркістан қаласы үшін аса маңызды. Пандемия кезінде салынып, ашылуы кейінге қалдырылған аумақ сенімгерлік басқаруға берілді. Аталған нысан «Балалар жылында» балаларға үлкен сыйлық болып отыр. Бұдан бөлек, қала ауасының ылғалданып, климаттың қолайлы болуына да ықпалын тигізбек. Нысан туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Түркістанда су тапшы екенін жақсы білесіздер. Соған қарамастан, тұрғындардың демалуына мүмкіндік жасалу керек. Жақында ғана «Шаға» жағажайы ашылды. Барлық саябақтарда жасанды көлдер бар. Оған өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Осының барлығы оңай тірлік емес. Көлдерді көбейту арқылы климатты жақсарту көзделген. Бұл жұмыстар білікті ғалымдардың атсалысуымен есептеліп жасалуда. Бүгінгі демалыс аймағы да біздің балаларымыз бен тұрғындардың бос уақыттарын қуана-қуана өткізетін орнына айналады деп үміттенеміз» деп атап өтті.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласының маңындағы жасыл белдеудің аумағы да артып келе жатыр. Мұның өзі қаладағы азынаған желдің арынын басуға ықпал етуде. Алдағы уақытта да орман алқаптарын кеңейту бағытында жұмыстар жалғасын табады. Айта кету керек, Түркістан қаласының маңындағы топырақтың құнары жоғары емес. Сондықтан шөлге төзімді сексеуіл ағашын отырғызуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Мұның өзі облыс орталығындағы ауа сапасының жақсаруына оң ықпал етуде.