«ҚАПШАҒАЙ» СУ ҚОЙМАСЫН ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛМАҚ

«Жасыл Қазақстан» жобасы — халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құру мен елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бағдарлама. Ұлттық жоба 4 негізгі бағытты қамитиды. Біріншісі «Таза Қазақстан» бағыты атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған. Аталған бағыт аясында 5 жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығындыларды 20 пайызға төмендету көзделген.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған 8 мыңнан аса контейнер орнату және қалдықтардың кәдеге жаратылу көрсеткішін 18 пайыздан 34 пайызға көтеру жоспарланған. Бұдан бөлек, су объектілерінің экожүйесін сақтау бөлігінде «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. «Үнемді Қазақстан» атты екінші бағытына келсек, «Суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру» міндеті аясында 401 арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарланған. Бұдан бөлек, ұлттық жобада суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары қарастырылған. Қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында су жинау көлемі 1,7 текше шақырымды құрайтын 9 жаңа су қоймасын салу көзделіп отыр. «Табиғат» бағыты ұласып өсуі кемінде 65 пайызды құрайтын 2 млрд ағаш отырғызу, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру шараларын жүргізу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруды көздесе, «Экология болашағы» атты төртінші бағыт халықтың экологиялық білімі мен мәдениеті деңгейін арттыруға бағытталған.
Аталған жобаны жүзеге асыру бойынша Түркістан облысында қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Жуырда Бәйдібек ауданындағы «Қапшағай» су қоймасының қазіргі жағдайы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында талқыланды. Екі кезеңге жалғасатын су қоймасын жөндеу жұмыстарына 2 млрд теңге бөлінбек. Қауіптің алдын алу үшін келер жылы су қоймасы толыққанды жұмыс істемейді.
Маңызды мәселе облыс әкімінің халықпен кездесуінде де көтерілген болатын. Қазата елді мекенінде орналасқан су қоймасы «Қазсушар» РМК мекемесінің есебінде. Стратегиялық маңызы бар нысан 40 жыл бұрын салынып, содан бері жөндеу көрмеген. 40 жыл бұрын салынған су қоймасы осы уақытқа дейін жөнделмеген болатын. Оның сыйымдылығы 34 млн текше метр, тереңдігі 23,6 м дейін, орташа тереңдігі – 10 м, дамбаның ұзындығы – 1,8 шақырым. Аппарат отырысында аудандағы өзекті мәселелерді Бәйдібек ауданының әкімі Е.Шәріпбеков баяндады. Аудан халқының 55%-ы табиғи газбен қамтылған. Газ жүйелерінен туындаған ақаулар мен апаттық жағдайларды дер кезінде ретке келтіру үшін аудан орталығынан «Казтрансгаз» АҚ-ның аудандық филиалын ашу қажеттігі туындауда. Мәселені шешуге қатысты облыс басшысы тиісті тапсырма берді.
Жиналыста Созақ ауданының өзекті мәселелері де талқыланды. Аудан әкімі М.Тұрысбеков 2019 жылы басталған АГТС бар магистральды газ құбыры-тармағын салу жұмысы бойынша баяндады. Биылғы жұмыстарға 600 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» құрылыс монтаждау жұмысы жалғасып 3500 немесе 70 пайыз абонентке газ құбыры жүргізілген. Аудан көлеміндегі 35 елді мекеннің 98%-ы, 60 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.