САПАЛЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Бүгінгідей қоғамның барлық саласындағы қызметтер цифрлық жүйеге көшіп жатқан уақытта мобилді интернеттің маңызы арта бермек. Қала берді, уақыт бір орында тұрмайды. Күн сайын құбылып, дамып барады. Сәйкесінше, сапалы интернетке деген сұраныс да артуда. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып келе жатыр. Толығырақ тарқатайық…

Бүгінгі таңда шалғай орналасқан елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, Қайтпас-1 және Құрсайда оптикалық желі арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс толығымен аяқталса, Құрсай шағын ауданы 100 пайыз оптика желісімен қамтылып, тұрғындар сапалы интернетті қолдана алады. Ал Қайтпас-1-де Академиялық, Ғалымдар, Аққайнар көшелеріне оптика желісі тартылады. Көркем және Али Түзелбаев, Астық көшелеріне магистралды желі кабельдері тартылды. Сонымен қатар серверлік үй-жайда порттарға қосу жұмыстары атқарылып, Wi-fi роутерлардың конфигурациялары жазылды. Қыркүйек айына дейін жалпы 80 көше толық оптика желімен қамтылып, аталған елді мекен тұрғындары сапалы интернетке қосылуға мүмкіндік алмақ.

Айта кету керек, бұған дейін қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов ақпараттық-коммуникациялық орталығында арнайы баспасөз брифингін беріп, тұрғындарды толғандырған біршама сауалдарға жауап берген еді. «Ағымдағы жылы мобильді байланыс операторларымен интернет сапасы төмен 12 елді мекеннің координатасы келісіліп, сәулет қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары атқарылып, инвесторға ұсынылды. Бүгінде инвестор тарапынан Ақниет, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20-жыл, Азат, Тұран, Асар елді мекендерінен анықталған жер телімдерін қазу, бетон құю және антенна-мачталық құрылғыларды орнату жұмыстары атқарылуда. Ал жеке нысан иелерімен келісу арқылы Елтай, Тоғыс, Маятас және Бозарық елді мекендеріне базалық станция орнатылып іске қосылды. Тиісті жұмыстар жыл соңына дейін атқарылса, 71 000 жуық қала тұрғындарын сапалы мобильді интернетпен қамтылып, жыл соңында сапалы интернетпен қамту үлесі 95%-ға жетеді деп жоспарлануда» деген еді басқарма басшысы өз сөзінде.