«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСАҒЫ ЖҰМЫСҚА КІРІСТІ

Кентауда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы іске кірісті. Қала жастарынан құралған еріктілер тобы жаз мезгілінің соңына дейін қаланы қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартып, қоғамдық орындарды көгалдандыру жұмыстарына жұмылатын болады. 

Қаланың дамуына қолтаңба қалдыратын еңбексүйгіш еріктілер тобын 16-29 жас аралығындағы 30 жас құрайды.
Аталған жоба аясында жастар қаланы көгалдандыру үшін ағаш отырғызу, оларды суғару жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар шөп ору мен белгіленген жерлерге гүл отырғызу жұмыстарына қатысып, айналаның ажарын ашуға араласады. Шараны ұйымдастырушы «Кентау жастар ресурстық орталығы» болып табылады.
Жалпы Кентау жастары қаланың көркін ашатын мұндай шараларға белсенді қатысып келеді. Мәселен, өткен айда «Birge – taza Qazaqstan» республикалық сенбілік шарасы кезінде «Кентау жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері белсенділік танытқан. Олар шара аясында қаланы көзге қораш көрініп тұрған қоқыстардан тазартқан.
Бұдан бөлек, қала жастарынан құралған еріктілер тобы «Үлкенге құрмет» атты ұранмен қаладағы бірқатар үйлердің аулаларын арам шөптерден тазартқан. Аға буын ардагерлердің ақ батасын алған еріктілер тобы осылайша нақты істер арқылы жастарды айналаны таза ұстауға шақырып келеді.