МИНИСТР АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІНЕ ТОҚТАЛДЫ

Ауылдағы білімнің қаладағы көрсеткіштен төмен екені жиі айтылады. Мұның бір ұшын мектептегі материалдық-техникалық базаға телісе, енді бір ұшы келіп сапалы кадрларға тіреледі. Жалпы облыс пен қала орталығынан шалғайда жатқан елді мекендердің білім сапасы төмендігін республикалық тамыз конференциясында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов те атап өтті.

«Ауыл мен қала деп күнде айта береміз. Бірақ, мәселе ауыл мен қалада емес. Әрине, ауыл мен қаланың білім сапасында алшақтық бар. Оны ешкім жоқ демейді. Алайда, біз үшін проблемалық мәселе осы ғана емес. Мұнан да зор проблемалар болады. Ол – әртүрлі өңірлерді бір-бірімен салыстырғандағы білім сапасының алшақтығы. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл мектептерінің орташа балы Түркістан облысындағы қалалық мектептердің орташа балынан жоғары, Қызылорда облысындағы қалалық мектептердің орташа балынан артық. Сондықтан, бұл мәселені кеңінен қарау керек» деді ол. Бұдан бөлек, ауыл мұғалімдерінің жалақысына 25 пайыз үстеме қосылатынын айтқан министр мәселелерді де айналып өткен жоқ. Оның айтуынша, мұғалімдердің, нақты пән бойынша сабақ беретін мықты мұғалімдердің жетіспеушілігі басты проблема болып отыр. Қала берді, интернеттің барлық мектепте толыққанды болмауы, материалық-техникалық база сынды мәселелер тағы бар. Ал ең маңыздысы – педагогтердің жетіспеушілігі. Себебі ұстаз – мектептің жүрегі. Онсыз өзге мәселелерді шешу мүмкін емес.
Жасыратыны жоқ, бүгінде білім саласында қыруар іс қолға алынып жатыр. Көкейтесті мәселелер көтеріліп, шешімін табуда. Саладағы жетістіктер де жоқ емес. Дегенмен сапалы мамандардың шалғайда жатқан ауылдарға бара бермесі белгілі. Әйтсе де алдағы уақытта бұл мәселенің де шешілеріне күмән жоқ. Министр ауысып, саладағы жұмыс аяқсыз қалмаса әрине…