Маңызды

210 ЖАБАЙЫ ҚОҚЫС АЛАҢЫ ЖОЙЫЛДЫ

Жыл басынан бері елімізде рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын 3 411 орын тіркелді. Бұл «Қазақстан Ғарыш Сапары» ғарыштық мониторингі арқылы анықталды. Оның ішінде 1243 орын жойылды.

Жалпы жабайы қоқыс алаңдарын жою жұмыстарын Қарағанды, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласы белсенді орындаған. Ал бұл бағыттағы жұмыстар Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Жамбыл облыстарында сылбыр жүргізілген. Ел аумағында заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстарының орындалу көрсеткіші 36 пайызды құрайды.
Қоқыс тастайтын жерлерді жоюда енжарлық танытқан 86 лауазымды тұлға (әкімдер мен әкімдер орынбасарлары) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 7 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Рекреациялық (демалыс орындары) аумақтарды ретсіз тасталған қоқыстардан тазарту үшін экологтар полиция және әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар жүргізді.
Іс-шара аясында қоршаған ортаға ұқыппен қарау бойынша профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы жадынамалар таратылған.
Түркістан облысы экология департаментінің мәліметіне сәйкес, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмыстары бойынша 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында «Қазақстан Ғарыш сапары» түсірілімдеріне сәйкес облыс аумағында 373 заңсыз стихиялық қоқыс орны анықталған. Оның 23 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон болса, қалған 350-і стихиялық қоқыс орны. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіш бойынша анықталған заңсыз стихиялық қоқыс орындарының 56 пайызы немесе 210 тазаланған.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру