ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ – САНАНЫ ТАЗАЛАУДАН БАСТАЛАДЫ

Қала тазалығы – мәдениеттіліктің өлшемі. Бұл аксиома шағын кентке де алып мегаполиске де ортақ. Айналаны таза ұстауда ұжымдық еңбектің көмегі көп. Яғни, табиғатты аялауға шақыратын марафондар, сенбіліктер өткізудің мәні зор. Осы бағытта тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан облысы, Арыс қаласында жыл басынан түрлі шаралар өткізілді. Бұл бағыттағы көптеген шаралардың ұйытқысы әрі ұйымдастырушысы «Жастар ресурстық орталығы» болды.
Жыл басынан бері Түркістан облысы, Арыс қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» адамзаттың табиғатқа деген жанашырлығын оятып, жауапкершілігін күшейту мақсатында түрлі шараларды қолға алуда.
Аталған орталық «Тазалық – денсаулық кепілі» атты акция аясында жыл басынан бері тұрақты түрде сенбіліктер өткізуді ұйымдастырды. Акцияның мақсаты – жергілікті тұрғындарды айналаны тазалауға шақыра отырып, табиғаттың күл-қоқысқа көмілуін алдын-алу, қоршаған ортаны қорғау. Игі шаралар арқылы қаланың ажарын ашып, көгалдандыру жұмыстарын жандандыру болып табылады.
Орталықтың басшысы Мөлдір Сарыпбекова акция аясында атқарылған жұмыстар туралы былай дейді.
– Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова шаһарды көгалдандыру ісіне ерекше назар аударып келеді. Жыл басынан бері қала әкімінің тапсырмасына сәйкес біздің орталықтың ұйымдастыруымен 9960 түп ағаш көшеті отырғызылды. Қаланың ажарын ашатын бұл игі шараның бел ортасында жастар да, жасамыстар да белсенді қимыл танытты. Өз кезегінде мектеп оқушыларының қаланы көгалдандыру ісіне танытқан талаптарын аға буын ардагерлер қауымы үлкен ризалықпен қабылдап, бұл бағыттағы зор тәжірибесімен бөлісті. Әз Наурыз мерекесі қарсаңында бастау алған сенбіліктер кезінде ардагерлер қауымы жас ұрпаққа қардың көбесі сөгіліп, жер қарайған көктем кезінде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызудың мәні туралы тәрбиелік мәні бар өсиеттерін айтты.
Осылай деген Мөлдір Сейсенбекқызы орталықтың ұйымдастыруымен қалада ағаш көшеттерін отырғызу шарасы осымен шектелмейтінін атап өтті. Бұл туралы ол:
– Күз және көктем мезгілінде тал егуді арыстықтар игі дәстүрге айналдырғаны қашан. Мәселен, белсенді азаматтардың бастамасымен қалаға кіреберісте орналасқан «Барыс» шағын ауданында 300-ден астам көшет егілді. Сабақ болар сауапты іске «Қолғабыс» қайырымдылық қоры мұрындық болды. Оған қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің еріктілері де белсене атсалысты. Өз кезегінде орталықтағы табиғат жанашырлары тал егудің пайдасы зор екенін айтып, бұл іске барлық қала тұрғындарын белсене атсалысуға шақырды. Бұл сенбілік шарасында «Жасыл Арыс» КММ-сі талмен қамтамасыз етсе, «Қызмет-Сервис» ЖШС арнайы техникалар әкелді. Осылайша арыстықтар «Бір тал кессең, он тал ек» деген бабалар сөзін жадында сақтағанын нақты іспен көрсете білді,-деді.
«Жерге шаншылған әрбір тал күтімі талапқа сай болса, оның жапырағының жайқалып, жазда сая, қыста қамал болатын күннің ауылы алыс емес. Жасыл желек неғұрлым көп болған сайын қаламыздың экологиялық ахуалы жақсарады. Әрі қоңыржай климатты қалыптастыруға оң әсерін тигізеді», — деп ойын сабақтаған Мөлдір Сарыпбекова «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен «Жаңа Қазақстанды – табиғатты аялаудан бастайық» атты шараны төмендегіше түгесіп түсіндірді.
– «Жаңа Қазақстанды – табиғатты аялаудан бастайық» атты шара кезінде орталық қызметкерлері ерікті жастармен бірлесіп, Арыс қаласындағы атшабар маңында көгалдандыру мен ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар талдарды әктеу бойынша эко-акциясы өткізілді. Адам мен табиғаттың бір-біріне деген қатынасының дұрыс үйлесім табуы қоршаған ортаға оң әсерін тигізетіні анық. Ал табиғатқа деген оң көзқарас пен дұрыс қолдау әр адамның өзінен бастау алады.
Арыс қаласының «Жастар ресурстық орталығының» қоршаған ортаны қорғау бағытында қолға алған тағы бір игі ісі «Отбасы ағашы» деген атаумен өткізілген шарасы.
– Атауының өзінен жылылық лебі сезілетін шара аясында арыстықтарды қаланы көгалдандыру ісіне қолтаңба қалдыру үшін алысқа бармай-ақ, өзімізді қоршаған төңірекке ағаш түптерін егуге шақырдық, — деген Мөлдір Сарыпбекова қоршаған ортаны қорғауда мақсатында қолға алынған өзге жобалар туралы да тарқатып айтты.
Сондай жобалардың бірі – «Жасыл ел» еңбек жасағы жобасы. Осы бағытта қалада ағымдағы жылдың 1-маусымынан бастап «Жасыл ел» еңбек жасағы құрылып, өз қызметін бастаған. Бұл жасақтың құрамында қаладағы студенттер мен NEET санатындағы жастар үш ай мерзімге уақыша жұмысқа тартылған. Ондағы жастар саны 70-тен асады.
Айта кетейік, «Жасыл ел» еңбек жасағын құрудағы басты мақсат – қоршаған ортаның табиғатын қорғау, экологияны сақтау, келешек ұрпаққа табиғатты аялаудың мәнін ұғындыру, оларды еңбекке баулу және жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту болып табылады.
Орталықтың басшысы Мөлдір Сарыпбекова төңіректі таза ұстау сенбілік шараларын өткізуден емес, қоғам санасын тазартудан басталатынын алға тартады. Және бізді қоршаған орта қоқысқа көмілмес үшін қажетті шараны түсіндіру жұмыстарынан бастауды жөн деп санайды.