ТАЗАЛЫҚТЫ САҚТАУ – ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ

Табиғатты қорғау – тазалықтан басталады. Ал тазалық өз қолымызда. Бірақ қоршаған ортаның тазалағына қырын қарайтындар көп. Салдарынан қоршаған ортаны қоқыс қаптауда. Онымен күресу үшін Мақтаарал ауданында тексеру жұмыстары қолға алынды.

Жалпы елімізде тұрмыстық қатты қалдықтарды өртеуге немесе көмуге заңмен тыйым салынған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы «Экологиялық кодекс» туралы Заңда тайға таңба басқандай етіп жазылғанмен тұрғындар арасында қоқыстарды рұқсат етілмеген жерлерге бей-берекет тастап кету тоқтамай отыр. Аудан әкімдігі тұрғындардың мұндай келеңсіздікке жол беруіне ешқандай негіз жоқ екенін ескертеді. Себебі аудандағы барлық кенттер мен ауылдық округтерде тиісті мекеменің қоқыстарды алып кетуі бойынша тұрғын үй иелерімен келісім-шартқа отырған. Яғни, қоқыстарды мердігер мекемелер алып кетіп, олардың көзін қоқыс полигондарында жоюды ұйымдастырады. Бірақ бұл талапты сақтай бермейтіндер жетерлік. Соның салдарынан ауданда жабайы қоқыс нүктелері пайда болуда. Осыған байланысты аудан әкімдігі Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 505-бабы бойынша полиция қызметкерлерінің қатысуымен қоқыстардың бей-берекет тасталуын алдын алу үшін рейдтік тексеру шарасын қолға алды.
Осы мақсаттағы іс-шара Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Сарыағаш қаласында өткізілді. Сарыағаш қаласы әкімі аппаратының мамандары мен Сарыағаш аудандық полиция бөлімі мамандарымен бірлесе жүргізілген рейдтік шара кезінде С.Исмайылов көшесі мен И.Құрал көшесінің қиылысында, Абдыхалықов және Б.Ермеков көшелерінің бойында белгіленбеген орынға қатты тұрмыстық қалдықтарды тастап кеткендердің кім екені анықталды. Белгілі болған 16 азаматқа айыппұл салынды.
Өз кезегінде аталған аудан әкімдіктерінің мамандары қоқыс тастау кезінде қарапайым қағиданы қаперде ұстауды ескертеді. Яғни, тұрғындар өз үйінен шыққан тұрмыстық қалдықтарды ортақ пайдаланылатын саябақ, аула сырттарына емес, тек рұқсат етілген орындарда ғана қалдыру қажет.