ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ШАРУА ШАШ-ЕТЕКТЕН

Жыл басынан бері Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әр ауданның тұрғындарымен кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстардың есебін беріп жатыр. Қала берді, тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдап, тиісті тапсырмаларды да беріп келеді. Бұл жолы шаһар басшысы Абай ауданының тұрғындарымен кездесті. Есепті кездесуде 6 айдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері айтылды.

Абай тұрғындарымен 63 кездесу өткен

Жиын барысында қала әкімі «Халықпен кездесулер өткізудің 2022 жылға арналған күнтізбелері бекітіліп, тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізілуде. Бұл жаңа әдістің қажеттілігі мен тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Себебі мен 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткіздім. Жалпы кездесулерде қала тұрғындарынан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалып, 316-ы жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Ал 184 мәселе ұзақмерзімді шешуді қажет ететіндіктен, 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген» деді.
Күні бүгінге дейін Абай ауданының тұрғындарымен 18 елді мекенде 63 кездесу ұйымдастырылған. Міне сол жиындарда бас-аяғы 216 мәселе көтеріліп, бүгінде 86-сы шешімін тапқан. 97 мәселе бойынша жұмыс атқарылып жатса, 36 мәселе екі жылдық жоспарға еніп отыр. Осы тұста айта кетерлігі, әрбір түйткілді түйін ауданда құрылған қоғамдық бақылау кеңесімен мақұлданып, зерделеніп отырды.

Биыл электр мен ауыз су мәселесі толық шешіледі

Шымкентке қарасты шағынаудандар мен елді мекендердегі ең өзекті мәселенің бірі – инженерлік инфрақұрылым. Соңғы жылдары аталған түйткілді түйінді шешу мақсатында бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, жемісті жұмыс атқарылып келе жатыр. Сәйкесінше, Абай ауданында да қолға алынып жатқан және жоспарланған жұмыстар көп. Инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары турасында қала әкімінің тұрғындармен өткен есепті кездесуінде Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов айтып өтті.
Аудан басшысының айтуынша, өңірдегі ауыз мәселесі биыл толық шешіледі. Яғни сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек. Межеге жету үшін қазіргі таңда Құрсай шағынауданында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Нұршуақ, Батыс, Жаңаталап елді мекендерінде құрылыс жұмыстары осы жылы ақталып, электр желісімен қамтылу көрсеткіші де 100 пайызға жетеді. Қазіргі уақытта құрылыс қарқынды жүруде. Сапа қашан да бақылауда.
Табиғи газ мәселесіне келсек, ағымдағы жылдың аяғына дейін көгілдір отынмен қамту көрсеткішін 91 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта Көкбұлақ, Батыс, Арғымақ, Ақжар, Ақтас, Ақтас-2, Нұршуақ елді мекендерінде құрылыс жұмыстар басталды, жыл соңына дейін аяқталады. Нұршуақ тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі. 27 мың халқы бар Самал-3 және 6,3 мың халқы бар Солтүстік-батыс шағын аудандары осы жылы кәріз жүйесімен қамтылады. Қамтылу көрсеткіші 41,4 пайызға жетеді. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 56,5 шақырымды құрайтын 39 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бастама нәтижесін бере бастаған

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында үшінші мегаполисте бірқатар игілігі мол қолға алынып, жүзеге асты. Тұрғындар тарапынан да ұсыныс-пікірлер жиі айтылатын болды. Мұның өзі ашықтықты қамтамасыз етуді көздейтін жобаның нәтижесін көрсетеді. Жалпы Абай ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 5,1 есеге артқан. Ауданды өткен жылы 7 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 32 жобаға қаржы бөлінді. 1-кезеңде 5 үйдің ауласы, 27 елді мекен жоспарға енген, ал 2-кезеңде 5 үйдің ауласы абаттанады. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын.
Жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.

Сапалы интернет – заман талабы

Абай ауданындағы сапалы интернетпен қамту мәселесі де жүйелі түрде кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатыр. Былтыр мобильді интернетпен қамту көрсеткіші 91 пайызды құраған болатын. Биыл бұл көрсеткіш 95 пайызға жетпек. Бұл туралы аудан әкімі Бұхарбай Парманов айтты.
Мәселен былтыр интернет сапасы төмен Ынтымақ-2, Құрсай, Солтүстік-Батыс, А-2 жолы, Самал-3 елді мекеніне базалық станция орнатылды. Биыл 30 мың тұрғыны бар Ақниет, Қызылжар, Жаңаталап, Игілік, Агрофирма-Қарасу тұрғын алаптарына базалық станциялар орнатылады. Қаладан шалғай орналасқан Самал-3, Қазығұрт, Құрсай, Ақниет, Жайлау, Ынтымақ, Қызылжарға талшықты оптика желісі жүргізіледі. Бастамалар жүзеге асса, тұрғындардың түйткілді мәселесіне айналған сапалы интернет мәселесі де шешімін таппақ.

Қауіпсіздік мәселесі басты назарда

Былтырдан бері қалада мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында орталық және әлеуметтік нысан орналасқан көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Абай ауданында былтыр 30 көше жарықтандырылды. Биыл осы жоба аясында 29 көше жарықтандырылар болса, аудандағы жалпы 140 көшеде түнгі жарықшам болады дегенді аңғартады. Сонымен бірге жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында 2021 жылы 519 бейнебақылау камерасы қойылды. Осы жылы тағы қосымша 250 камера қойылмақ.
Жалпы шаһар басшысымен өткен жиында бірқатар мәселелер көтерілді. Атқарылған жұмыстардың жай-жапсары тұрғындарға түсіндірілді. Болашақ бастамалар жайы таныстырылды. Айта кету керек, қала әкімімен өтетін есепті кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.