«ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ САНЫН 30%-ҒА ӨСІРУ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР»

Шымкент қаласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Қоғамның барлық саласында ілгерілеу бар. Қала берді, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі тұрғындармен есепті кездесу өткізіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін таныстырып келеді. Жасыратыны жоқ, атқарылған ауқымды істердің баршасынан бірдей хабардар емеспіз. Қала берді, көптің көкейінде туындайтын сауалдар да жоқ емес. Сондықтан газетіміздің осы санында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Альбина Елшиевамен болған сұхбатты жариялап отырмыз. Әңгімемізге халық қалаулысы атқарған істер мен қалада қолға алынған бастамалар жайы арқау болды…

— Альбина Балғабайқызы, әңгімемізді мәслихат депутаты ретінде атқарған жұмыстарыңыздан бастайық. Күні бүгінге дейін қаламыздағы қандай мәселелердің шешілуіне мұрындық болдыңыз? Қай мәселелерді қаузап келе жатсыз?
— Қалаға кейін қосылған елді мекендердің инфрақұрылымын салуға, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаражат бөлдіруге барынша ықпал етудемін. Нақтырақ айтсам, Еңбекші ауданына қарасты елді мекендердің электр, газ, ауыз су желілерінің құрылысына, Сайрам елді мекенінің су құбыры желілерін қайта құруға қаржы бөлінуіне мұрындық болдым. Аталған мәселелерге қаржы бөлу біздің бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі комиссиямызда қолдау табуда. Сондай-ақ Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің соңғы үлгідегі заманауи жаңа оқу ғимаратының салынуына, №41 мектеп-лицейіне 300 орындық қосымша ғимарат салу үшін ЖСҚ әзірлеуге, №94 орта мектепке спорт алаңшасын орнатуға, Сайрам көмекші мектеп-интернат арнайы мекемесіне ерекше балаларға арналған арнайы құрал-жабдықтар алуға, эпилепсия ауруымен ауыратын балалардың тиісті дәрі-дәрмектерді тегін алуларына және басқа да біраз әлеуметтік мәселелерге тікелей ықпал еттім деп айта аламын. Бұл тізімді әрі қарай да жалғастыруға болады. Айта берсек, ауыз толтырып айтар бастамалар көп. Десе де негізгі мақсат көпке жариялау емес. Бастысы, іс жүріп жатыр, оның игілігін көптің көріп жүргені де белгілі.

— Партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасына енген қандай индикаторларға жауаптысыз? Сайлауалды бағдарламаны орындау бойынша нақты қандай шаралар атқарылды?
— Жалпы мен жауапты 4 индикатор бар. Олар — ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне инфляцияны 6-8% көрсеткішінде ұстау, «Мен кәсіпкер боламын» өңірлік бағдарламасын іске асыру (Еңбек бағдарламасы шеңберінде) және 100 жас пен әйел адамға жеңілдетілген несие алу. Жол картасы негізінде бұл көрсеткіштер 5 жылға бөлінген.
Геосаяси жағдайдың әсерінен бұл көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкіндігі қазіргі уақытта үлкен мәселеге айналып отырғанын айта кеткен жөн. Мәселен, Шымкент қаласының халқы жылына жалпы алғанда 500 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұтынады. Тұрақтандыру қорынан басқа, қала аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірумен айналысатын кәсіпорындар бар. Жалпы қала бойынша азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Қала берді, базардағы бағаның құбылып, халықтың қалтасына ауыр соқпауы үшін де жергілікті әкімдік пен қалалық мәслихат тарапынан барынша бақылау жұмыстары қолға алынған. Әлеуметтің әлеуетін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы да халық қалаулыларының бақылауында екенін баса айтқым келеді.

— Басқарма басшыларының өздеріңізге есеп беретінінен хабарымыз бар. Соңғы уақытта білім саласында қандай игі бастамалар қолға алынып жатыр? Мәселелер бар ма? Жаңа оқу жылына дайындық жұмысы көңіліңізден шыға ма?
— Жалпы білім саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында 19 жоба іске асырылып, 45 мыңға жуық балалар ыстық тамақпен қамтылған. Жоба аясында жеке инвестор есебінен 54 мектеп асханасы ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша жабдықтармен қамтылған. Олар — мұздатқыш, тамақ пісіру құралдары, жиһаздар, ыдыс-аяқтар, бейнебақылау камералары. Сонымен қатар жоба аясында 320 орындық балабақша мен 150 орындық өнер мектебінде қазіргі уақытта жұмыс жүргізуде.
Ал Шымкент қаласы мәслихатының 2022 жылғы жоспарына сәйкес Шымкент қаласының білім басқармасының есебі үшінші тоқсанға қойылған. Оны біз тамыз айының екінші онкүндігінде қараймыз деп шештік. Сол үшін жаңа оқу жылына дайындық бойынша алдағы уақытта толыққанды жауап беремін.
Жалпы білім саласында атқырылып жатқан жұмыстардың жайын көпшілік біледі деген ойдамын. Қазіргі уақытта білім ордаларындағы орын тапшылығын жою мақсатында, жоғарыда атап өткен мектеппен қатар, тағы бірнеше мектепте қосымша ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Мұның өзі бірнеше ауысымда оқитын оқушылардың мәселесінің шешілуіне ықпал етпек.
Жалпы бүгінгі өскелең ұрпақ – елдің ертеңі, кемел келешегі. Сондықтан оларға жасалатын жағдай қашан да қатаң бақылауда.

— Жасыратыны жоқ, қалаға қарасты шалғайда жатқан елді мекендерде мобильді интернет мәселесі бар. Аталған түйткілді шешу бойынша нақты қандай жұмыстар қолға алынған? Хабарыңыз бар ма?
— Ия, сөзіңіздің жаны бар. Алайда әкімдік тарапынан бұл мәселені жою мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізуде. Айта кетсек, 2021 жылы қаладан шалғай орналасқан 14 шағынаудан мен елді мекенге базалық станция орнатылып, 136 мыңға жуық қала тұрғыны интернетпен қамтылды. Бұл жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын табуда.
Қазіргі таңда, мобильді байланыс операторларымен бірлесіп, 11 елді мекеннің интернет сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Биылға қала аумағын мобильді интернет желісімен және сапалы байланыс арнасымен қамту үлесін 95% жеткізу жоспарлауда. Одан бөлек, жеке инвестор қаражаты есебінен 10 елді мекенге оптика желі жүргізіліп, 100 мыңға жуық қала тұрғынын сапалы интернетке қосылуға мүмкіндік жасалады. Яғни мәселе кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр.

— Жастар – еліміздің болашағы. Ал жастарға жасалған жағдай – болашаққа салынған инвестиция. Бұл салада қандай шаруалар қолға алынып жатыр?
— Шымкент қаласында 14-29 жас аралығында 245 мыңнан астам жас бар. Ол жалпы қала тұрғындарының 21,7%-ын құрайды. Жастарға қызмет көрсету мақсатында төрт ауданда «Жастар ресурстық орталығы» жұмыс істейді. Ол жақта 130 мыңға жуық жас түрлі әлеуметтік бағыттар бойынша іс-шараларға қатысады. Атап айтқанда, 2022 жылы «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде 18 мыңға жуық жасты жобаға тарту жоспарланып отыр. Жыл басынан «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 27 рет ұйымдастырылып, оған 4100 жас тартылды. Осы секілді өзге де іс-шаралар ұйымдастырылып, жастарды қолдау мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілуде.

— Кез-келген елдің экономикасын өрге сүйрейтін сала – кәсіпкерлік. Қаламызда аталған саланың дамуы үшін қандай жағдайлар жасалуда? Нендей жетістігіміз бар?
— ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету бойынша берген тапсырмасына сәйкес Шымкентте 1500-ге жуық кәсіпкерге көмек көрсетіледі. Мәселен, 1 мыңнан астам кәсіпкерге «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» сынды мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 8,7 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсету жоспарлануда.
Одан бөлек мемлекеттік бағдарламалардан тыс жергілікті деңгейде «Мен кәсіпкер боламын» және «Іскер қала» арнайы іс-шаралар жоспары шеңберінде 1 млрд теңгеге 200-ге жуық бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Сонымен қатар өндірістік алаңдарының жалдау ақысының бір бөлігін өтеп беру арқылы қолдау көрсетіледі.
Түрлі деңгейдегі қолдаулардың арқасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 30%-ға өсіру жоспарлануда. 2022 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің саны 75,5 мың бірлікті құраса, 2025 жылға қарай 100 мың жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар 2025 жылға дейін шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін жалпы өңірлік өнімде 45%-ға жеткізу көзделуде. Бұл – ауқымды бастама. Сәйкесінше, қолға алынып жатқан шаруа да қыруар.

— Қаламызда жаңа аудан құрылды. Тұран атауын иеленген ауданның қала дамуындағы маңызы зор дегенді де жиі естиміз. Аталған бастама нақты қандай оң нәтижелер береді деп ойлайсыз? Неге «Тұран» атауын мақұлдадыңыздар?
— Қаланың құрамына ауылдық үлгідегі 41 елді мекен кіреді. Олардың әлеуметтік және инженерлік объектілермен қамтамасыз етілу деңгейі төмен және қала орталығынан едәуір шалғай (25-30 шақырым) орналасқан.
Тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын және басқару деңгейін арттыру мақсатында жаңа аудан құрылды. Бұл аудан толыққанды жұмысын бастағаннан кейін жемісін береді деген сенімдемін.
Ал атауына келсек, Заң талаптарына сәйкес, қала әкімдігі мен қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясы, ауданға атау беруде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру мақсатында қоғамдық тыңдау өткізді. Ол отырысқа жергілікті қоғамдастық өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, қаланың тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты. Қоғамдық тыңдау барысында жаңа ауданға «Алаш», «Жібек жолы», «Тұран», «Бадам», «Мәртөбе», «Яссы» атаулары мен Шәмші Қалдаяқовтың есімін беру бойынша ұсыныстары мен пікірлері түсті. Көпшілік «Тұран» атауын қолдады.
Көпшіліктің тандауын ескере келе, мәслихат депутаттары да «Тұран» атауын мақұлдады.

— Уақыт бөліп, сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Алдағы бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Құдырет МОМЫНХАН.