ШАҺАР БАСШЫСЫ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТҚАН НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Газетіміздің бұған дейінгі сандарында Шымкент қаласында білім саласында атқарылып жатқан жұмыстардың жайын жазған едік. Яғни бірқатар мектептерде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Енді жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірнеше білім ұяларын аралады.

Шаһар басшысы әуелі №46 жалпы білім беру мектебіне табан тіреді. Онда 1,5 га аумаққа қосымша корпус салынуда. Жоба бойынша нысанда 300 оқушыға арналған орын, спортзал, 110 орындық асхана және 10 мың кітап қорына арналған кітапханасы 8 орындық оқу залымен қарастырылған. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталумен 38 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Өткен жылы құрылысы басталған мектептің корпусы жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілмек. Қала әкімі құрылыс барысындағы кемшіліктер бойынша жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар да берді.
Сонымен қатар қала әкімі 18-шағынауданда орналасқан № 38 орта мектепке де барып, құрылыс жұмыстарын тексерді. Мұнда 1,9 га жерге қосымша ғимарат салынуда. Жобаға сәйкес нысанда 375 оқушы орны, спортзал, 76 орындық асхана қарастырылған. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталса, 27 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Мұрат Дүйсенбекұлы Бозарық-3 шағынауданына да барды. Онда Шымкент қаласының ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің жанынан қосымша тағы спорт мектебі салынуда. Аумағы 0,32 га-ны құрайды. Жобаға сәйкес, нысанда бір ауысымда 10-нан 23 жас аралығындағы 100 оқушы жаттыға алады. Бірінші қабатта — ауыр атлетика залы, киім ауыстыру бөлмелері, жуынатын бөлмелер (ерлерге — 64 орын, әйелдерге — 36 орын), тренерлер бөлмесі, 16 орынға арналған асхана, медпункт, жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері болады. Ал екінші қабатта — әмбебап спортзал (күрес, греко-рим күресі кілемдері, дзюдо татамиі, бокс рингі), жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері, жуыну және киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады.