«ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ» АУМАҒЫН АРТТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Түркістан қаласының климаты баршаға бірдей қолайлы емес. Жаз ыстық әрі ұзаққа созылады. Сондықтан қаланың ауа райын жақсарту мақсатында жергілікті әкімдік тарапынан қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда экологияны жақсарту мақсатында қала маңына 13 мың га аумақта «Жасыл белдеу» жобасы мен «Азық-түлік» белдеуі жобасы іске асырылған. Екіншісінің нәтижесі көгалдандырумен бірдей. Онда тамшылатып суғару технологиясы қолданылады.

Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Астананың климаты енді көбіне белгілі. Көп адам былайша айтқанда күмәнмен қарады. Бірақ Астанада осы көгалдандыру арқылы климатты шамалы болса да өзгерту мүмкін екенін дәлелдедік. Сол тәжірибені пайдаланып Түркістанда да біз соған кірістік» дейді. Аталған бастаманың тарихына үңілсек, 2020 жылғы 1 кыркүйектегі мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмасын орындау мақсатында 2 млрд ағаш егу жұмыстары бекітілген. Кешенді жоспарға сәйкес, облыс көлемiнде бес жылдың iшiнде мемлекеттiк орман қоры жерлерiнде 110 мың га алқапқа 170 млн ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. 2021 жылы 14 619,4 га жерге 18,707 млн ағаш-көшеттері отырығызылып, жоспар толығымен орындалды. 2022 жылы 16 940 га жерге 22 млн ағаш-көшеттерін отырғызу жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласының айналасынан құрылған «Жасыл белдеудің» жоспарланған 29 511 гектар жер көлемiнiң, бүгiнгi таңда 13 629 гектары орындалған. Жасыл белдеу құру жұмыстарына облыстық бюджеттен тиiстi қаржылар бөлініп, әуежай және рекреациялык аймақта 400 гектардан астам жерге тамшылатып суғару жүйесі және көшеттерге тiрек толығымен орнатылды. Қазіргі кезде абаттандыру және тазалық жұмыстары жүргiзiлуде.
Сонымен қатар жаңа әкімшілік іскерлік орталығындағы 50 гектар алма бауы жаңартылып, тамшылап суғару жүйесi және көшеттерге тірек орнатылып, қоршау және абаттандыру жұмыстары жургiзiлуде. ҚР Орман кодексiнiң 54 бабының 1.1 тармағына сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылар мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн уран өндiру үшiн пайдаланған кезде, екі есе мөлшерде орман екпелерiн отырғызу және орманға айналған алқапқа ауыстырылғанға дейін оларды күтіп-ұстау жұмыстары мiндеттелген. Осыған байланысты, «ҚазАтомПром» мекемелерiмен 20 024,5 гектар жерге орман екпелерiн отырғызуға, оның iшiнде жапырақты ағаш-көшеттерін 2 974,5 гектарға, ал сексеуіл көшеттерін 17 050,0 гектарға отырғызуға келiсiмшарт жасалған. Бүгінгі таңда 4 500 га, оның iшiнде, жапырақты ағаш-көшеттер 764 га, сексеуіл 3 736 гa отырғызылған. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 30 млн-ға жуық көшет ендiрiлдi. Алдағы уақыта тиісті сала басқармасына қарасты мекемелердiң күшiмен 60 млн ендіріледі.