ЖАСТАР АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫНА БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСУДА

«Жасыл ел» — 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы елордада «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының Республикалық штабы құрылып, өңір-өңірде бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен еді. Аталған бағдарлама күні бүгінге дейін көптеген жастың Отанға деген сүйіс-пеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстырып келеді.

Аталған бағдарлама аясында 2017 жылы «Jasyl el» жастар еңбек жасақтарының Түлкібас аудандық штабы құрылған. Белсенді жастардың басын қосқан ұйым осы уақытқа дейін көгалдандыру мен абаттандыру ісіне айрықша үлес қосып, еңбек етіп келе жатыр. Қазіргі уақытта жасыл ел сарбаздары аудан орталығында орналасқан саябақтар, аллеялар, тұрғын үй аулаларында, көше бойларында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың белсенділігі жоғары. Жұмысы да жемісін беруде. Мұны аудандағы тап-таза саябақтардан көруге болады. Бұдан бөлек, жастар халықтың экологиялық сауатын арттыру бағытында да жемісті еңбек етіп келе жатыр. Аталған жастар жасағына қосылуға ниеттілердің де қарасы қалың.
Қазығұрттық жастар да абаттандыру жұмыстарында белсенділік танытуда. Нақтырағы, Қазығұрт аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары аптаның сейсенбі және жұма күндері, ауданға керемет көрік беріп тұрған сәндік ағаштарын суғарып тұруды жөн көріп, перзенттік парыз деп санап, өз үлестерін қосуда.