ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ПОРТАЛ АРҚЫЛЫ ТАПСЫРЫС БЕРУГЕ БОЛАДЫ

Бүгінде елімізде әрбір тұрғын үшін қолайлы жағдайлар жасалып келе жатыр. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлеуметтік қызметтерге портал арқылы тапсырыс бере алады. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Полатқызының қатысуымен халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту іс-шараларының жүзеге асырылуы туралы өткен баспасөз брифингінде айтылды.

«2020 жылы іске қосылған әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс бере алады. Яғни бұл санаттағы азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруге қол жеткізе алады. Жыл басынан бері протездік-ортопедиялық құралдарға мүгедектігі бар азаматтардан 4921 құралға өтініш қабылданып, 1818 құрал қамтылды. Сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдарға 10566 құралға өтініш қабылданып, 9215 құралмен қамтылды. Мүгедектерге арналған қол арба құралдарына 876 өтініш қабылданып, 339 құралмен қамтылды. Жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне 2449 азамат мұқтаж болса, 2 228 азаматқа қызмет көрсетілді, 8438 азаматтан шипажай орындарына емделу үшін жолдамаға өтініштер қабылданып, 1368 азамат қамтылды. Мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» 18 көлікке 437 азаматтан өтініш қабылданып, 18387 өтінімге қызмет көрсетілді.
Ұлы Отан соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, жүріп-тұруы қиын 1-2-ші топтағы мүгедектерге емдеу мекемелеріне және қоғамдық орындарға бару үшін арналған «Әлеуметтік такси» 58 автокөлікке 886 азаматтан өтініш қабылданып, 15428 өтінімге қызмет көрсетілуде. Үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге 2022 жылы 100 жолдама берілді» деді басқарма басшысы. Бүгінде үшінші мегаполисте 37 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның ішінде бірінші топтағы мүгедектер – 3534, екінші топтағы мүгедектер – 14863, үшінші топтағы мүгедектер – 12459, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар саны – 7045.