АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕ КӨП

министрлік жұмысы қант тапшылығын шешумен ғана шектеле ме?

 

Биыл еліміз үшін ғана емес, жалпы әлем жұртшылығы үшін оңайға соққан жоқ. Өзге тауарларды былай қойғанда, азық-түлік бағасының өзі күрт өсті. Мұның өзі дамушы елдерді қоспағанда, дамыған алпауыт елдердің өзінде өзекті түйткілге айналып отыр. Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі мұны тілге тиек еткен болатын. Президенттің сөзінше, кейбір тауар түрлерінің бағасы бірден 80 пайызға өскен. Сарапшылар мұны импортқа тәуелділікпен түсіндіреді. Ал ауыл шаруашылығының әлеуеті айрықша сөз болатын Қазақстан неліктен мұндай мәселеге тап болып отыр? Импортқа қаншалықты тәуелдіміз? Жауапты министрліктің жоспары қандай? Тарқатайық…

Ресми мәліметке сүйенсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, ішкі нарықтың азық-түлік тауарларының 29 негізгі түрі бойынша қамтамасыз етілуі, оның ішінде отандық өндіріс есебінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 19 түрі 80 және одан да көп пайызды құрап отыр. 11 тауар түрі бойынша ішкі нарық 100 пайыз және одан да көп қамтамасыз етілген. Олардың қатарында нан, макарон, сүт, картоп, қияр, күріш, қой еті, тауық жұмыртқасы, бидай ұны, қарақұмық жармасы, тұз бар. Ал ішкі нарықты алмамен 73,7, құс етімен 65,4, шұжық өнімдерімен 56,4, ірімшік және сүзбемен 56, қантпен 42,6 пайызға қамтып отырмыз. Бір қарағанда, отандық өнімнің әлеуеті жоғары секілді. Дегенмен базардағы бағаға келгенде санамыз сан саққа жүгіреді. Себебі ішкі нарықты толық қамтып отырмыз деген тауар түрлерінің бағасы да уақыт өткен сайын қымбаттап бара жатыр. Ал қымбатшылықпен күресті ауыздықтау үшін жергілікті атқарушы билік тұрақтандыру қорларына жүгінген еді. Оның өзі жемісті нәтиже бере алмай келе жатыр. Яғни ірі сауда желілеріне төмендетілген пайызбен несие беру арқылы олардың қорларын толықтыруға үлес қосып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстау бастамасы базардағы бағаға әсер ете алмай келеді.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында аталған мәселені мемлекет басшысы да айтты. Сөз барысында президент «Менің тапсырмам бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі алдын-ала сатып алу тәсілдерін кеңірек қолдана бастады. Биылғы шілдеге дейін әлеуметтік маңызы бар 47 мың тоннаға дейін азық-түлікке қатысты осындай шарттар жасалды. Дегенмен мұндай көлемдегі тауар ішкі нарыққа айтарлықтай ықпал етпейтіні анық. Өнімді ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден алдын-ала тікелей сатып алу жолдарын айқындап алу қажет» деді. Мемлекет басшысы елімізде өнімнің бәрі бірдей дүкен сөрелерінен табыла бермейтінін де айтты. Сондықтан қарапайым халыққа азық-түлікті ірі және ұсақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден тікелей сатып алған тиімді. Бұл нарықты монополияландыруға жол бермейді. Қалың оқырманның көкейінде нақты сауалдың туып отырғаны белгілі. Осы күнге дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі не бітірді? Президенттің сыны мен сөгісі министр мен өзге де шенділерге сабақ болды ма?
Әуелі Ербол Қарашөкеевтің сөгіс алуына себеп болған қант мәселесіне тоқталайық. Елімізде 3 қана қант зауыты жұмыс істейді. Қала берді импортқа деген тәуелділік ажиотаж тудырып, тұрғындарды әлекке салып-ақ тұр. Президенттің сынынан кейін ауыл шаруашылығы министрлігі едел-жедел жұмысқа кірісіп кетті. Нақтырағы, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қант қызылшасын өсірумен айналысатын жамбылдық шаруалармен кездесті. Қант қызылшасын өсіретін шаруалардың өзекті мәселелерін тыңдады. Облыстық әкімдіктің дерегіне сенсек, 2022 жылы қант қызылшасының егіс алаңы 6,1 мың га болса, 2021 жылы 5,6 мың га құраған. Өнімнің көпжылдық өндірісінің орташа көлемі шамамен 171 мың тоннаны құрайды. Жалпы жиын барысында қант қызылшасы алқаптарының азаюының бірнеше себебі айқын көрінді. Біріншісі – өндірістің жоғары шығыны мен экономикалық тиімсіздігі. Яғни шығын көп, ал дайын өнімді сатып алу бағасы төмен болғандықтан, мұндай қадамға шаруалардың бара бермесі белгілі. Екіншісі – ылғал жетіспеуі. Оңтүстіктегі негізгі мәселелердің бірі. Үшіншісі – қант зауыттары тозған. Яғни техниканың ескіруі өнім көлемін арттыруға кедергі болып отыр. Артында дәл осындай жиын жетісулық шаруалармен де өтті. Онда шаруаларды қолдау үшін биыл мемлекет қант зауыттарының сатып алу бағасын ұлғайтқаны айтылды. Енді зауыт қызылшаның келісіне 15 теңге, ал мемлекет субсидия ретінде 15 теңге төлейді. Осылайша, бір тонна қант қызылшасы үшін шаруалар 30 мың теңге алатын болды. 2021 жылы зауыт пен мемлекет бір келі қызылша үшін 20 теңге төлеген болатын. Яғни баға 1,5 есеге өсіп отыр. Осы тұста, шаруалармен өткен жиын президенттің сынымен байланысты ма деген ой санаға сап ете қалады. Күні бүгінге дейін Ербол Қарашөкеев бастаған министрлік қайда қарап отырғаны тағы да белгісіз. Жұмыстың жүруі мен шенділердің білек сыбана іске кірісуіне президенттің сыны қажет-ау шамасы…
Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта ет бағасында да өсім болуы мүмкін. Жалпы еліміз ет тұтыну бойынша әлемде небәрі 49-орында. Дегенмен базардағы бағының құбылуына делдалдар себеп болып отыр. Сәйкесінше, бір емес бірнеше делдалдың қолынан өткен еттің бағасы сауда сөресіне барғанша, біршама қымбаттайды. Оның үстіне, бірнеше жыл қатарынан болған қуаңшылықтың салдарынан жем-шөп бағасы өскен. Биыл жауын-шашын жақсы. Дегенмен жем-шөп бағасының тұрақтануына өзге де факторлар әсер ете бермек. Оның қатарында дизель отынының бағасы да бар. «Angus Qazaqstan» республикалық палатасының директоры Дәурен Салықовтың пікірінше күзде ет бағасы қымбаттайды. «Бағаға келсек, күзде ет қымбаттайды. Бұл бағаларды шаруа емес, делдалдар реттейді, оны қалай көтереді, белгісіз. Бағаны ұстау – уақытша құбылыс. Ол ертең қымбат еттің импортына әкеледі. Ал ондай ет Қазақстандікі сияқты сапалы болмайды. Түсіндірейін, бүгінде ірі қара малды шаруашылықтан тірідей салмағының келісін 850 теңгеден сатып алады. Етке қайта есептейтін болсақ, еттің келісіне 1700 теңге аламыз. Ал сиыр етінің нарықтағы бағасы бүгінде 3 мың теңге шамасында, яғни, шаруа етін арзанға сатады. Бірақ ол есептегішке жеткенше үстіне ақша қосыла береді. Шаруа бір бұқасын етке өткізу үшін екі жыл күтіп, бүгінгі рентабельділікпен тірі еттің келісін ең жақсысы 100 теңгеден алады. Міне, оның плюсы. Ал ет онсыз да нарықта қымбат болып тұрғанда бұл шаруаның кінәсі емес» дейді ол. Сонымен қатар жауапты министрлікте саланың ішкі мәселелерін терең түсінетін мамандардың болмауы да жағдайды ушықтырып отыр. Демек қанттың мәселесі шешілгенімен, ет бағасында өсім әлі де байқалады.
Осы тұста құс етіне де тоқталып өтейік. Қазіргі уақытта елімізде 58 құс фабрикасы жұмыс істейді. Түйткілді мәселе көп. Отандық шаруалар құс етімен ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алмайды. Былтыр бидайдың өнімі аз болғаны белгілі. Сондықтан биылғы өнім көлемі шаруаларды алаңдатып отыр. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл жеңілдікпен 150 мың тонна ғана бидай сатып алатындарын мәлімдеді. Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шариповтың пікірінше, ет пен жұмыртқа бағасының 70 пайызы жеммен байланысты. Жем арзандаса, құс еті мен жұмыртқа да арзандайды. Қала берді, елімізде бидай мен жемнен басқа құсқа керек заттар жоқ. Сондықтан импортқа тәуелді. Ал шетелдік өнімді доллармен сатып алатын шаруалар шаш-етектен шығынға батпауы үшін тағы да бағаны қымбаттататыны белгілі. Демек саладағы түйткіл әлі толық шешілген жоқ.
Ұн бағасында да өсім байқалады. Нақтырағы, жыл басынан бері 26,7 пайызға қымбаттаған. Бірқатар сарапшылар мұның себебін шетке кетіп жатқан астық экспортымен байланыстырады. Яғни астық экспорты жыл өткен сайын артып келе жатыр. Сәйкесінше, шаруалардың көрші елдердің нарығына иек артуы себебінен елімізде тапшылық байқала бастаған. Нәтижесінде ұн өндіретін кәсіпорындардың саны қысқаруда. Мәселен, соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, еліміздегі 2300-ден астам ұн тартатын кәсіпорынның тек 174-і ғана қалған. Ал енді көрші нарыққа астық емес ұн шығару ісін дамытсақ, еліміздің ұтары көп. Бұл аталған кәсіпорындарға тың серпін беріп, еліміздегі бағаның қалыпқа келуіне де мүмкіндік береді. Ал бұған жауапты министрліктің неліктен құлықсыздық танытып отырғаны тағы белгісіз. Өзің өндірмесең, жаттың жарылқамайтынын естен шығарса керек…
Қорыта келгенде, қымбатшылық қантпен ғана шектеліп отырған жоқ. Салада қордаланып қалған түйткілді мәселе көп. Ал Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев президенттің сөгісінен кейін қанттың мәселесін шешуге білек сыбана кірісіп кеткен секілді. Бірақ азық-түлік тауарлары бағасының құбылуы қантпен ғана шектеліп отырған жоқ. Қалған түйткіл қашан қозғалады? Әзірге Ауыл шаруашылығы министрлігі үнсіз…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.