ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АВТОКӨЛІКТЕРДІҢ БАҒАСЫНА УТИЛИЗАЦИЯЛЫҚ АЛЫМ ҚОСЫЛМАЙДЫ

Енді автокөлік өндірісі саласындағы кәсіпорындар, оның ішінде «Аллюр» компаниялар тобы мемлекет тарапынан субсидияланбайды. Есесіне отандық кәсіпорындар Еуразиялық экономикалық одақ заңнамасында қарастырылған шектеулер бойынша кедендік төлемдер мен утилизациялық алымдардан босатылды. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Онда утилизациялық алымнан босатылған әрбір автокөліктің бірдей (иденттік) сомасын қайтару және оны төлеу механизмі арқылы жүзеге асырылатыны айтылған.

Қазіргі уақытта бірқатар бұқаралық ақпарат құралында «Аллюр» компаниялар тобына 2019 жылы 21,3 млрд теңге, 2020 жылы 40,8 млрд теңге көлемінде мемлекеттік субсидия берілгендігі туралы расталмаған ақпарат жарияланды. «Өндірушілердің міндеттемелерін орындау жөніндегі басты оператор ретінде «Жасыл даму» АҚ белгіленген болатын. Аталған компаниядан «Халықаралық қаржылық есептілік стандарты (IAS) 20» негізінде утилизациялық алымды қайтару «Мемлекеттік субсидия» деп аталады. Бұл ұғым аудиторлар арасында осылай деп аталады. Осыған орай БАҚ өкілдері арасында түсінбестік туып, нәтижесінде қате ақпарат жарияланды» делінген хабарламада.
Жоғарыдағы сома – утилизациялық алымнан босатылған өндіруші компанияның бұған дейін «Жасыл даму» компаниясына төлеген қаржысы. Бүгінгі таңда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде отандық өндіруші кәсіпорындарды утилизациялық алымнан «төлем-қайтару» механизмі арқылы емес, оны тікелей іске асыруды қарастыратын заңнама жетілдірілуде. Тағы бір айта кетерлігі, қазақстандық автокөлік өндіруші кәсіпорындардан утилизациялық алымның алынбауына байланысты елімізде шығарылған көлік бағасына утилалым қосылмайды.