КӨПТІҢ ИГІЛІГІ ҮШІН ІРКІЛІССІЗ ІС АТҚАРЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН МЕКЕМЕ

Шымкентті сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары турасында сөз қозғалса, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-ның әуелгілерден болып ауызға ілігетіні белгілі. Қазіргі уақытта аталған мекеме теңгеріміндегі су құбыры желілерінің ұзындығы 1890 шақырымды құрайды. Бұл тек құбырлар емес, сонымен қатар клапандар, қысым реттегіштер, су есептегіштер мен шығын өлшегіштерден тұратын күрделі жүйе.

Бүгінде заман тез өзгеріп келе жатыр. Қарапайым ғана механизмдер күрделі жүйеге айналып барады. Мәселен, бүгінде жоғарыда аталған мекемеге қарасты жерасты камераларында механизмдер, құрылғылар және есепке алу аспаптары орналастырылады. Тұрақты және сапалы сумен жабдықтау, апаттық жағдайларды азайту үшін кәсіпорын қызметкерлері жоспарлы алдын алу жұмыстарын және тексерулерді ұдайы жүргізеді. Осы тұста үлкен диаметрлі су құбырларына ерекше назар аударылатынын айрықша айта кеткен жөн. Дегенмен мәселе де жоқ емес. Үшінші мегаполистегі су құбырларының тозуы 50 пайызға жетеғабыл. Десе де қаланы үздіксіз түрде сумен қамту мақсатында «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС іркіліссіз іс атқарып келе жатыр.
Бүгінде негізгі жоспарлы жөндеу жұмыстарын мекеме бөлімшелері түнгі уақытта жүргізеді. Соның бірі ретінде жаңа қысым реттегіштерін орнатуды айтуға болады. Бұл үшін су өшіріледі, содан кейін магистральдық су құбырын жөндеу жұмысына кіріседі. Қысым реттегіші жүйеде судың қажетті қысымын екі режимде ұстауға мүмкіндік береді. Олар – түнгі және күндізгі. Компания өз қызметінде осы заманауи құрылғыларды кеңінен қолдануда.