«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСУШЫЛАР САНЫ АРТҚАН

Отбасында өзара келісім мен рухани сыйластықты нығайту мақсатын көздейтін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысушылар саны Шымкент қаласында жылдан-жылға ұлғайып келе жатыр. Мәселен, былтыр аталған конкурсқа 110 отбасы қатысуға ниет етсе, биыл олардың саны 128-ге жеткен.

Бүгінде қалаға қарасты төрт аудан бойынша аудандық деңгейде өткен конкурс өз мәресіне жетті. Абай ауданынан 33, Әл-Фараби ауданынан 30, Еңбекші ауданынан 31, Қаратау ауданынан 34 мерейлі отбасы тиісті құжаттарын тапсырды. Жеңімпаздарды анықтау бойынша құрылған комиссия өз шешімдерін де шығарды. Әр ауданнан 4 отбасыдан жалпы 16 отбасы жеңімпаз деп танылып, олар қалалық кезеңге жолдама алып отыр.
Атап айтсақ, Абай ауданынан Тоқтиевтар отбасы, Қаржаубаевтар отбасы, Сыздықовтар отбасы, Шаймырзаевтар отбасы, Әл-Фараби ауданынан Бидайбековтер отбасы, Абдихановтар отбасы, Шамшиевтер отбасы, Баймахандар отбасы, Еңбекші ауданынан Байбосыновтар отбасы, Бақтыбаевтар отбасы, Тенизбаевтар отбасы, Шукуровтар отбасы, Қаратау ауданынан Жақыповтар отбасы, Есенамановтар отбасы, Бойшевтар отбасы, Адилбаевтар отбасы жеңімпаз атанды. Енді 15 шілдеге дейін қалалық кезеңнің жеңімпаздары анықталады. Қалада үздік деп танылған отбасылар республикада бақ сынайды.