МАҢЫЗДЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Соңғы уақытта Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өсіп, даму деңгейі бойынша көшбасшы өңірлердің қатарына мықтап жайғасты. Тартылған инвестиция көлемі де жоғары. Әлеуметтің әлеуетін көтеру бағытында ауқымды бастамалар қолға алынуда. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту ісі де назардан тыс қалған емес. Үшінші мегаполисте халықаралық келісімдер жасалып, қаланың әлеуеті әрі қарай арта түсуде. Мәселен, осы аптада қала әкімі Мұрат Әйтенов Еуропа қайта құру және даму банкінің Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Харгитай Жужаннамен кездесу өткізді.

Жиында Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшу шеңберінде Шымкент қаласын дамыту, Қазақстанның «Жасыл қалалар» бағдарламасын енгізу және дамыту арқылы 2060 жылға қарай Париж келісімінің мақсаттарына және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі, ЕҚДБ-ның Қазақстандағы энергетика, көлік және коммуналдық инфрақұрылым және жасыл экономика саласындағы көрсеткіштері жайлы сөз қозғалды. Сондай-ақ Шымкент қаласы мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі басымдықтары талқыланды. ЕҚДБ тарапынан Шымкент қаласында шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау білдіру жұмыстарының жалғасы табылатындығы жеткізілді.
Кездесу соңында қала әкімі ынтымақтастықты нығайтуға ниетті ЕҚДБ өкілдеріне алғысын білдіріп, тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл – маңызы зор келісім. Алдағы уақытта үшінші мегаполистің даму деңгейі әрі қарай артып, жаһандық деңгейдегі беделінің биіктей түсері де айқын.