ТЫҢ БАСТАМА ЖАСТАРҒА ҮЛКЕН МҮМКІНДІК БЕРІП ОТЫР

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жас мамандарды жұмысқа орналастыру мен зейнет демалысына шығатын жұмысшыларға ізбасар дайындауды көздейді. Бүгінде аталған бастамамен білікті кадрлардың қатары қалыңдап келе жатыр. Айта кетерлігі, жобаға қатысушылардың дені – жастар. Бүгінгі материалымызда солардың бірі жөнінде тарқата жазуды жөн санап отырмыз. Кейіпкеріміз – Нилюфар Убайдуллаева.

Былтыр Шымкенттегі Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжін «тігінші» мамандығы бойынша бітіріп, осы жылдың маусым айының басында «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысуға өтінім берген. Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына тиісті құжаттарын өткізіп, нәтижесінде жеке кәсіпкер «Қасиет Collection» тігін цехына жіберілген. Жас маман аталған өндіріс орнында зейнет жасына жақындаған тігін шебері Гүлчехра Егембердиеваның орын басады.
«Бұл жұмыс іздеп жүрген немесе жұмыссыз жастар үшін зор мүмкіндік деп ойлаймын. Тәжірибе жинақтайсың. Тәжірибелі тәлімгерден істің қыр-сырын үйренесің. Жобамен келгеніме еш өкінбеймін. Өзімді жақсы қырымнан көрсетсем, тұрақты жұмысқа тұруға да мүмкіндік мол» дейді жас маман. Жалпы биыл үшінші мегаполисте жоғарыда аталған жобамен 24 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Олардың айлық жалақысы 91980 теңгені құрайды. Мерзімі – 6 ай. Мұның өзі жастардың мамандықты терең меңгеруі мен тәжірибе жинауына үлкен мүмкіндік бермек. Сонымен қатар саланың білікті мамандарынан көп нәрсені үйреніп, қабілетін ұштайды.