АЗЫҚ-ТҮЛІКТІҢ КЕЙБІР ТҮРЛЕРІ 80 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАҒАН

шенділер президенттің пәрменісіз ештеңе шеше алмай ма?

 

14 шілде күні Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткені белгілі. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланған жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар шенділерге ескерту беріп, сөгіс жариялады. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта қымбатшылық мәселесі халықтың екі бүйірінен қысып барады. Базардағы баға күрт өсті. Қант тапшылығы мәселесі әлі де шешілген жоқ. Дүкендердегі ұзын-сонар кезектің өзі көп нәрседен хабар береді. Ал жауапты министрлік «жағдай бақылауда» дегеннен әріге аса алмай отыр. Мінберден айтылатын ақпарат тағы да шынайы өмірден алшақ кетіп барады. Осындайда көптің көкейінде жауапты шенділер президенттің пәрменісіз ештеңе шеше алмай ма деген заңды сауал туады. Қош делік, қандай толғақты түйіндер бар? Мемлекет басшысы кімдерге шүйлікті? Тарқатайық…

 

«Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр» деп бастады мемлекет басшысы өз сөзін. Осы тұста сандарды сөйлетейік, жыл басынан бері өзге тауарларды былай қойғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 17,4 пайызға қымбаттаған. Әсіресе, пияз, қант, сәбіз, картоп, қарақұмық, макарон, ұн және қырыққабаттың бағасы өскен. Халықтың күнделікті тұтынатын тауары болғандықтан, көптің қалтасына дәл осы заттардың қымбаттағаны ауырға тиіп отыр. Мәселенің негізгі себебі – импортқа тәуелділік деп топшылауға болады. Мұны президент те айтты. Мәселен, еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру қарқыны баяулаған. Май өндірісі 12, өңделген сүт 7,5, қант 5,6, ірімшік 3 пайызға қысқарып отыр. Осының салдарынан импорт көлемі 22 пайызға бір-ақ артқан. Бүгінгідей жауапты кезеңде әлем елдері азық-түлік қауіпсіздігінің маңызын анық ұғып, тиісті шараларды көріп жатыр. Солтүстіктегі көршіміздің саяси тұрғыдағы қадамының тұрақсыздығы 2014 жылдан бастап белгілі болған еді. Осы уақыт ішінде жауапты шенділер нәтиже шығармағаны бүгінгідей қымбатшылық уақытында анық сезіліп отыр. Тауардың дені Ресей арқылы келетіндіктен, кей тауар қат болып, бағасы шарықтап шыға келген. Соның бірі – қант…
Зауыттардың жедел деректеріне сенсек, маусым айында елімізде шамамен 38 мың тонна қант өндірілген. Оның ішінде 18 мың тоннасы Тараз қант зауытына, 9 мың тоннасы Көксу зауытына, 11 мың тоннасы Меркі қант зауытына тиесілі. Бұдан біраз уақыт бұрын Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елде 1,5 айға жететін қант қоры барын, балалар тәттісіз, әйелдер тосапсыз қалмайтынын айтып сендірген еді. Десе де қант бойынша шетелге тәуелді болғандықтан, оның бағасын жүгендеу қолымыздан келмей отыр. Бүгінде ішкі нарықтағы қант Үндістан мен Бразилиядан тасымалданады. Жол шығынын есептегенде көтерме бағасы 450-500 теңгеден айналады. Ал ол сауда сөрелеріне жеткенше тағы да баға қосылып, 600-800 теңгеге дейін жетеді. Бұған дейін ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қанттың қажет қоры барын айтып, тағы да келе жатқанын мәлімдеген. Десе де базардағы баға мен дүкендегі таласты көріп, бұған сенгің де келмейді. Сәйкесінше, қос министр мемлекет басшысын да сендіре алмады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент аталған мәселені реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялады. «Бүгінде бұрын іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана жұмыс істеп тұр – Алматы және Жамбыл облыстарында. Олардың өзі тек үштен бір қуатымен ғана жұмыс істейді. Жүктелімі – 31% ғана. Ауыл шаруашылығы министрлігі қызылша қантының үлесін 2026 жылға қарай 6 есе, 7%-дан 43%-ға дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Алайда кейінгі төрт жылда қант қызылшасының алқабы үштен бірге қысқарып кеткен» деді мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, жиында азық-түлік бағасын реттеу механизмінің дұрыс жұмыс істемейтінін де атап өтті.
Қазіргі уақытта жергілікті әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстау үшін ірі сауда желілеріне төменгі пайызбен несие береді. Ал аталған сауда желілері сол несие арқылы өздерінің қорларын толықтырып, тізімде көрсетілген заттардың бағасын базардағыдан әлдеқайда арзан сатады. Шектеу де жоқ емес. Мәселен, қантты әр адам 2 кг-нан артық ала алмайды. Дегенмен мұның өзі нарыққа ауқымды түрде әсер етіп жатқан жоқ. Бұл жөнінде мемлекет басшысы «Олардың нарыққа әсері аз. Кейде олар жосықсыз адамдар үшін қорек болады. Мұнымен айналысу керек. Бюджетті ұрлау фактілері тұрақты түрде ашылады. Әкімдер мемлекет қаржысының жұмсалуына бақылауды жоғалтты. Үкімет «айналым схемасының» көлемін 100 миллиард теңгеге дейін арттыруды ұсынып отыр. Менің сұрағым бар. Күтілетін әсер есептелді ме? Сауда желілеріне емес, тікелей өндірушілерге несие беру қисындырақ болар еді. Енді Үкіметтен жауап күтпеймін. Біз тиімділік тұрғысынан түпкілікті шешім туралы ойлануымыз керек» деді. Яғни «айналым схемасы» мәселені түпкілікті шешіп жатқан жоқ. Қала берді қорлардың жұмысы да жемісін тиісті деңгейде бере алмай келеді. Жоғарыда атап өткен қант мәселесі бұған айқын дәлел бола алмақ. Жауапты министрлік қордың барын айтып, сан рет мәлімдеме жасағанымен, базардағы баға қалыпқа келген жоқ. Керісінше, өсу үстіне өсіп барады. Бұл – өзекті мәселе. Импортқа иек артып, қорды мемлекеттің қаржысына толтырудан ұтып жатқанымыз шамалы. Бұдан бөлек, бүгінде жергілікті атқарушы билік базардағы бағаның құбылуын алып-сатарлықпен байланыстырады. Иә, өндіруші мен сатушының арасындағы алып-сатарлардың бағаны белгілеп, заттар құнының қымбаттауына себеп болып жатқаны жасырын емес. Тиісінше, жергілікті әкімдіктер тарапынан аталған мәселемен нақты күресу жолдарының қалай жүріп жатқаны да белгісіз. Көлеңкелі экономиканың өркендеуіне себеп болып отырған алып-сатарлар тапшылықты қолдан жасап, ажиотаж көтеруді әдетке айналдырып алған сыңайлы. Дегенмен мемлекет басшысы бұл түйткілмен күресті Бас прократураның бақылауына тапсырды. «Үкіметке Бас прокуратурамен бірге базар иелерін бағаны ұстау, адал бәсекелістікті сақтау, саудагерлердің мүддесін сауда алаңдары әкімшіліктерінің заңға қайшы әрекеттерінен қорғау бойынша жауапкершілігін арттыру шараларын күшейту қажет» деп түйіндеді сөзін президент.
Болашаққа деп жинаған Ұлттық қор да азайып барады. Әуелгіде Норвегияның тәжірибесіне сүйеніп, мұнайдан түсер табыспен бүйірін қампайтамыз деген ой болған еді. Дегенмен соңғы жылдары салықтан түсетін қаржының жоспарлы жұмыстарға жетпеуі салдарынан Ұлттық қордан ақша алу жиілеп бара жатыр. Сан түрлі себеп тағы да бар. Үкімет отырысында аталған мәселе тағы да көтерілді. Қор активтері жыл басынан бері 3,4 миллиард долларға төмендеген. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты. «Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері валюталық интервенциялар, екінші деңгейдегі банктер шоттарындағы қалдықтардың қысқаруы және сыртқы борыш бойынша төлемдер салдарынан жыл басынан бері 2,4 млрд долларға төмендеп, 32 млрд доллар болды. Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 3,4 млрд долларға төмендеп маусымның соңында 51,9 млрд долларды құрады. Республикалық бюджетке биылғы 6 айда 2,4 трлн теңге сомасына трансферттер бөлу үшін 2,7 млрд долларға валюталық активтер сатылды» деді ол. Дегенмен мұнай бағасының айтарлықтай өсуі аясында жыл басынан бері түсімдер 3,1 трлн теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 еседен астамға артқанын көрсетеді. Әйтсе де болашаққа деп жинап жатқан қордың өсу орнына кеміп бара жатқаны – өзекті түйткіл. Дәл осы қарқынмен жалғасса, қордағы қаржыны Норвегия секілді 1 трлн доллардан асыру арман болып қалатын сыңайлы.
Қорыта келгенде, Үкіметтің атқарып жатқан жұмыстары мемлекет басшысының көңілінен шықпады. Мамыр айындағы көрсеткіштерге сүйенсек, азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз шамасында болып отыр. Сондықтан президент Үкіметтің жұмысына «орташа» деген баға берді. Әлихан Смайылов Үкіметі қазіргі уақытта дағдарысты еңсеруге қауқарсыздығын көрсеткен сыңайлы. Базардағы бағаны реттеп, әлеуметтің әлеуетін көтеру қазіргі Үкіметтің қолынан келе ме? Әлде ескі тәсілмен елді есеңгіретіп, экономиканы титықтатып, Ұлттық қорға арқа сүйеп, мәселені уақытша шешуден әріге аса алмай ма? Анығы уақыттың еншісінде…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.